НАУРЫЗ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОЛҚА-ЖҮРЕГІ БОЛУЫ ЗАҢДЫ

1  568 көрілім

Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-этнограф ғалым, қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Болат Бопайұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Онда баба дәстүріміздің кей тұстары туралы және қазақтың ұлық мерекесі – Әз-Наурыз жайында әңгіме өрбіді.

– Қазақ халқының тұрмысын сипаттайтын дүние танымы «Тал бесіктен жер бесікке» дейінгі өмір. Хәкім Абайша айтқанда «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дейтін қазақтың өмір-тіршілігі салт-дәстүрге толы. Этнограф ғалым ретінде сіз тәжі еткен қазақ дәстүрінің озық тұстары қандай?

– Баяғы замандардан бері қарай қазақ халқы өзінің салтын, дәстүрін, әдетін, ғұрпын, ырымын-тыйымдарын, мәдениетін отбасындағы ұстанымын сақтап келді. Әр отбасы керемет еді. Арыдан емес өз бала күнімнен айтқанда біз өскен ауылдың бәрі этнографиялық ауыл еді. Менің этнограф болуыма түрткі болған дүние осы. Оның үстіне біз Қазақ мемлекеті болып құрылғаннан кейін егеменді елдікті алып жүрудің өзі өте үлкен әңгіме, қымбат дүние еді. Тіпті келер ұрпаққа елдікті сақтап, аманаттап кету бәрінен маңызды еді деп қараймын. Бұл жерде мына дүниені нақты кесіп айтуға болады. Бірден-бір ұлтты сақтап қалатын нәрсе – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім. Қазақтың өзіне тән коды жеке меншігі – тілі, ділі.

Өз басым қазақ өміріндегі күллі дәстүрді құрметтеймін. Соның ішінде біреуіне тоқтала кетейін. Ол-соғым басы. Бүгінге дейін сақталып келеді. Соғымды қазақ өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, ел жұрты бар төрт жұртты шақырып отырып ақ батамен соятын болған. Соғымды берекенің асы деп сақтаған. Оны «құтымыз кетеді» деп сатпайтын болған және «жеке қаламыз» деп, өзі ғана жемей, сойып болған соң ең майлы, етті, кәделі, жайлы жіліктерінің бәрін сыбағаға сақтайтын болған. «Мынау құдайы қонаққа, мынау арнайы қонаққа, мынау көршіге, мынау құда-құдағиға, мынау ұлдың қазысы, мынау қыздың шұжығы» деп арнайы атап, өздері қақпышын жеп қонақтар келгенде кәделі жіліктерін асып беріп отырған. Соғымның қуырдағы желінген соң, қыста жиналып соғымның басын асады. Маңдайын қосу секілді айқастырып тіліп қояды. Біреулер «Христианның шек белгісі» деп айтып жүр. Олай емес шаңырақтың белгісі. Басымыз қосылып жүрсін деген ырымы. Осылайша қазақ ырымын заттық дүниелерге байлап отырған. Бір ғана соғым басының өзі ауылдан қалаға келіп көпқабатты үйлерде, мейрамханада болсын, кез-келген жерде беріліп жатыр. Құнсыз, пайдасыз дүние болса көштен қалған болар еді. Бұл күнде қаладағы жастар жағы да осы дәстүрді құнттап жалғастыруда. Себеп, соғым басы бас кесу, жілік шағу, құлақ ұсыну, таңдай ұсыну дейтін дәстүрлерді ұлықтай келе басты сөйлетіп берекеге шақыру.

– «Салты мықтының – халқы мықты» дейтін даналық ұстанымдағы халқымыздың бүгінде ұмыт болған дәстүрлері жайында нақты тоқталып өтсеңіз.

– Қазақ «Аттан жығылсаң да, салттан жығылма» дейді. Бұрынғы кездерде көнекөз қарияларды, білімдар адамдарды, палуандарды, көсемдерді, шешендерді, әнші, күйші, сал-серілерді, жалпы халыққа пайда келтіретін адамдарды өте жоғары құрметтеу, ұлағаттау дәстүрі бар-тын. Ат мінгізу, тон жабу, тойлау, құрметтеу деген дүниелер. Бүгінде болып жатыр. Дегенмен азайып кетті.

Бұрын руханият дүниесіне үлес қосатын адамдарды, сал-серілерді қалай құрметтеді. Атақты Біржан сал, Тотай салдарды айтуға болады. Мысалы Тотай сал өзі кедей, қалт-құлт етіп жан бағып жүрген адам екен. Сол замандарда үлкен той болып сал-серілерді (бойында айтыскерлік, ақындық, әншілік, күйшілік, палуандық секілді бар өнер болуы керек) жинап жатқанда көпшілік арасында «анау жақта байдың малын бағып жүрген Тотай деген бар, өзі кедей, бірақ асқан өнерлі» деп сөз болыпты. Содан Әлгі Тотайды алып кеп, айтқызса бар өнерге жүріп тұр дейді. Содан байлар бастап, барша жұрт қостап «болады екен» деп киіндіріп, жуындырып қараса әп-әдемі жігіт. Мынау жігіттің сұлтаны ғой деп қазақ еліне алып келіп, бес облыста болады. Барлығын жеңеді. Сонымен өнерін құрметтеп қайтып барған соң қорасына қой, өрісіне жылқы салып, басына үлкен киіз үй тігіп беріп ең бай адамға айналдырды дейді. Бұдан аңғаратынымыз қазақтық таным ежелден дарын иелерін дәстүр бойынша құрметтеп, қадірлеп, барында бағалап келгендігі.

– Қазақ отбасының өткені мен бүгіні халқымыздың бай салт-дәстүрлерінде көрініс тапқан. Текті болуымызға қандай дәстүрлеріміз әсер етті? Қоғамда отбасылық мәселелер шаш етектен, азғындыққа басымдық бергендейміз. Шындығы – текті дәстүрден алыстап барамыз ба?

– Отбасы. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бар қазақта. Ұлтымыздың салтын сақтайтын да, өмірін сақтайтын да, ердің құнын көтеретін де, ерді ер қылатын да, ерді жер қылатын да әйел деген сөз бар. Осы тұрғыда қыз тәрбиесі өте үлкен жауапкершілік. Кәдімгі қыз баланы үйден тыйып отыр. Босағадан тыйып отыр. Қатыны өлген, ажырасып кеткен үйге қондырмау секілді қырық босағадан тыйған. Қыздан бастап отырған себебім, үйдің отын жағып, тірліктің түтінін тұтатып отырған, он сегіз мың ғалам от, топырақ, су, ауадан дейтін болсақ соның от анасы деп аталып отырған ана мықты болмай тірлік мықты болмайды. Ананың салты берік болмай, ұлттың салты мықты болмайды. Өйткені бәрі ана тілі ғой. Өкініштісі сол қазір отбасы тәрбиесі салттық, дәстүрлік тәрбие қалалы жерлерде негізінен жоқтың қасы. Оны қадағалап жатар ешкім жоқ. Қолда телефон, алдында телевизор, үстелде компьютер, сосын бүкіл Еуропаның жеңіл, тәрбиелік мәні аз шуылдақ әндері басып кеткен. Сосын ары қарай үймен, машинамен, байлықпен, ата-ана билігімен күндеседі. Рухани байлық жойылып заттық байлықпен санасатын жағдайға келді. Жаһандану мен тіршілік қамытының салдарынан қазақтың отбасы-ошақ қасы ана тәрбиесі тұрмыстың құлы болудан ары аса алмай қалды да бала тәрбиесі қадағаланудан қалып барады. Осы тұрғыдан қарағанда текті дәстүрден алыстап бара жатқанымыз жасырын емес.

– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп қараған халқымыз саналы өмірін ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы үшін сарп еткен. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілдірген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеу кезек күттірмес мәселе. Осы тұрғыда халықтық салт-дәстүрдің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық рөлін қалай пайдалансақ ұтамыз?

– Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бір ауыз сөзбен қорытындылап айтты. Бұл жерде әке – асқар тау. Әке балаға тек қана әке емес қой. Бала таптырып қою еркектік физологиялық нәрсе. Әке болу деген сөз – ұл мен қыздың тіпті әйелдің, отбасының қорғаны, қорғаушысы. Асқар тау деп жайдан жай айтылған жоқ. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дейді ғой. Барлық жақтан үлгі бола білу керек. Жүріс-тұрыс, сөз-сөйлем, киім-киіс, іс-әрекеттің бәрінде жол көрсете алуы шарт. Сол үшін де «Әйел үй сақтайды, ер түз сақтайды» дейді. Қазіргі шешелердің барлығы секектеп билеп, көпшілігі баласынан бұрын ұялы телефонын жақсы көріп қалған. Аналарымыз қазақтың салт-дәстүрін үндінің, түріктің, басқа елдің ұзақ-ұзақ сериялдарына алмастыруда. Соған қарап қана отырады. Бала тәрбиесімен есептесу, қоғаммен санасу, өз орнын білу жоқтың қасы. Әр ата-ана депутаттық, министрлік жұмыстарды мықтап атқаруға қауқарсыз болса да, тәрбиелік жұмысты қадағалауы дұрыс болған болар еді. Әр ата-ана отбасы тәрбиесін мықтап қолға алғанда, әр шаңырақ мықты болған болар еді. Нәтижесінде мұндай қадам – тұғыры берік мемлекеттің негізіне айналар еді.

– Халқымыз үшін бата-тілек, өсиеттер өте киелі ұғым. Сол себепті «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас», «Батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді» дегенді ұрпақ жадына өсиет етіп қалдырып келеді. Әдетте бата-тілектердің берілу жағдайындағы түрлеріне тоқталсаңыз. Сонымен бата-тілек, өсиет дәстүрінің бүгінгі хәлі сіздің көзіңізбен.

– «Бата түбі май, қарғыс түбі қан» деп айтады қазақ. Батаның бақыты сөздің бақыты. Қазақта бата берудің түрлері өте көп. Торқалы тойға, өлім-жітімге, асқа, соғымға, ұзатылған қызға, отауға, дастарқанға, келінге, күйеуге, балаға, ұлға, жерге бата деген алуан түрге бөлінеді. Бата деген нәрсе дариды. Өте киелі ұғым. Мың адам бата берсе бір адамның батасы қабыл болып дариды дегенге сенімі бек халықпыз. Өз басым бата дариды дегенге сенемін. Өйткені сөздің жігерлендіргіш, сөздің рухтандырғыштық, сөздің серпілтетін күші өте жоғары. Мысалы, кішкене баланы айым, күнім, қарғам, қарашығым, жаным, жаңа есі кіріп келе жатқан балаға ғұмыр жасың ұзақ болсын, жаңа туылған айдай бол, жарқырап шыққан күндей бол, жарқырап жанған шамдай бол, тілің тәтті балдай бол десең кішкене баланың өзі қуанып, нұрланып жүрегі жаңа шығып келе жатқан күнге, туып келе жатқан айға ұқсап әдемі болып көрінеді. Бата түбі май деп жатқаны сол. Енді сол батаның қабыл боларының шын екеніне сенемін. Ол өз басымнан өтті. Өр Алтайдың Шіңгіл ауданында Оспанның батыры Тоқтыбай Қадақұлы деген кісі болған. Сол кісі 1987 жылдары кезікті. Тоқсанға тартып қалған шағы екен. Сонда маған бір бата берді. Сондағы бата «Өзен-судың жағасын амандықпен қыстатсын, ұлы таудың көбесін есендікпен жайлатсын» деп келетін. Енді сол жақта жүргенде Алтай тауында жүрдім. Жұмыс істеген шағымда Нансан тауында жүрдім. Одан ата жұртқа оралғанымда Алатаудың жағасында жасап жатырмын. Кейде көп ойланам сол бата қабыл болған шығар деп. Қазір мөлдіретіп бата беретіндер азайып кетті. Кәдімгі лебіз айтады. Бата деген дүние керемет қой. Сондай тамаша баталардың орнына жүректе қалатын бата емес әйтеуір лебіз айтып тарап жатады. «Ден сау, бас аман болсын» дегені болмаса қалғаны іліксіз құр сөздер. Кейінгілер батаны да ұмытып кетті.

– Міржақып Дулатов «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз» деп ағынан жарылса, белгісіз авторлар «Қайда атақты бай болса, Наурызнаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін, Төле билердің заманында Наурызнама-ның қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен…» деп жазады. Шын мәнісінде Наурыздың бүгінгі қазақ қоғамындағы тойлануына көңіліңіз тола ма? Бауырсақ пісіріп, киіз үй тігіп мерекелеу қаншалықты жарасымды?

– Наурызнама қазақтың бірден бір төл мерекесі деп қабылдауымыз керек. Айта берсең тарихы тым ұзақ. Тек қазақ халқында емес түркі тектес халықтың көбінде бар мейрам. Бізде енді уыз мерекесі деп атайды. Сол күнгі туған айда уыздай болып туады. Сол күнгі жауған қарда уыздай болып жауады. Наурыз күнгі жауған қарды сыпырмайды ғой. Міржақып бастаған алаштың аймаңдай ұлдары тектен-текке айтып отырған жоқ Наурызды төл мейрам деп. Ұлыстың ұлы күні дейді. Қазақтың барлық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы осында атқарылуы керек. Бұрынғы заманда Наурызда күн мен түн теңелгенде хан мен қара, үлкен мен кіші барлығы тең болады. Ренжіскен адамдар сол күні өкпелерін кешіріседі. Қырық үйден дәм татады. Аспаннан қыдыр келеді. Бақ келеді. Қыдыр жағалаған ауылға бақ қонады дейді. Қыдыр қонған үйге жеті ұрпағына дейін жамандық болмайды деп қос шырақ жағып қойып жеті дәннен тілеу көже жасайды. Үлкен тайқазанға тілеу көже жасайды. Ол – жеті қат көктің, жеті қат жердің, жеті атаның, жеті күннің құрметіне жасалады. Күллі қарыздарын жабады. Ескі-құсқы киімдерін, кетік ыдыстарын тастайды. Береке-бірліктің туын ұстап мына жақтан, ана жақтан қырық үй аралап, өлген-кеткендерге Құран бағыштайды. Он күнге дейін тойлайтын болған. Екі рулы ел, екі тайпа, екі ерлі-зайыпты жараспаған адамдарды жарастыратын күн болған. Жарастық күні, кешірімділік күні, амандасу күні, ізеттілік күні және тағзым күні болған.

Салт-дәстүрге толы үлкен бір көктем мерекеміз. Жақсылықтың мерекесі болған. Бүгінгі таңда барлығы дерліктей атқарылып жатыр дей алмаймыз. Бірақ, атқарылмай да қалып жатқан жоқ. Десе де өз мәресінде, өзінің ата тарихындағы мәртебесінде дәріптеліп тойланып жатқан жоқ. Өйткені біздің халқымыз жетпіс жыл бойы жоғалтып алып, қол үзіп кетіп қайта келгеннен кейін әлі бауыр басып, әлі ішкерілей кіріп кете алмағаны да бар жағдай. Наурыз келе жатыр деп қуанбайды. Керісінше жаңа жыл үшін қуанып асыға күтеді. Міндет үшін той жасап, бауырсақ пісіре салып, көже жасай салып, қонақ шақыра салып, тағы біреулермен кездесе салып, жоғарының тапсырғаны бойынша жер-жердегі әкімдіктер киіз үй тіге салып «әйтеуір жай кеш» секілді бағалап тойлай салатын жағы да жоқ емес. Халық шынайы түсінуі керек. Халыққа шынайы түсіндіру үшін жаңағы барлық шарт-жағдайларды, Мемлекет басшысының Жолдауы болсын, жетім-жесірлерге үй беру болсын, басқа да елдік істер болсын осы Наурызға көбірек орайластырылса жақсы болар еді. Сонда ұлттық мерекеміз Наурызды халық асыға күтіп шын қуанып жақсылық айының нұрын сезінген болар еді. Себебі мереке жай дүние емес өз ұлтының болмысын, ұлттық имиджін қалыптастырып ұлт пен ұлысқа, жалпы әлемге танытатын рухани байлық. Енді осы мерекеден айырылып қалсақ, оған самарқау қарасақ, жақсылығына сенім артып серпінді жұмыс істемесек болмайды. Сондықтан бұл ұлттың жарқыраған бір көзі іспетті. Мәдениеттің, ұлттың мерейін үстем етіп әруағын тасытып тұратын алтын тұтқасы. Наурыз-қазақ халқының қолқа-жүрегі болуы заңды.

– Жазушы-этнограф ғалым, қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академиігі Болат Бопайұлы Жотақажы бүгінге дейін халыққа қандай шығармалар бере алды?

– Қабырғалас, қаламдас жолдасым, академик ағам Зейнолла Қабдолов менің білімімді, ұлтжандылығымды, деңгейімді бағамдай отырып, ақтаңдақ жатқан этнографияға салды. Осы жолға келгеннен кейін «Қазақ кәдесі», «Қазақ түс жоруы», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ мінезі», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті» деген кітаптар шығардым. Бүгінде қырық-елуге тарта кітап жаздым. Замана озған сайын адамның өзі емес еңбегі қалады. Осы тұрғыдан жазғандарым жұрт кәдесіне жараса деймін. «Аттан жығылсақ та салттан жығылмайтын», салт-дәстүрін көз қарашығындай қорғап, аялайтын асыл текті халықтың ұрпағымыз. Мен 60 жасқа толуыма орай, «Дәстүр-салт, әдет-ғұрпым – менің рухым» атты жеке шығармашылық кеш өткізіп, халқыма 40 жыл бойы еткен еңбек жемістерімнен есеп бердім. Бұл кеште бұрын соңды жарық көрген кітаптарым мен қоса, оқырман назарына жаңадан ұсынылған «Қазақ аспан есебі», «Қазақ жұлдыз жорамалы», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Ақыт ақиқаты» қатарлы 8 кітабымның тұсауы кесілді. Қолыма қалам алып осы жолға түскеннен бастап қазақтың тылсым салтына өмірімді арнаймын деп серт еткем. Өйткені қазақта бес қат сана жетілген: ертегілік сана, аңыздық сана, салт-дәстүрлік сана, діндік сана және ғылыми сана. Сосын кейін бес түрлі ойлау формасы жетілген: логикалы ойлау, образды ойлау, фантастикалы ойлау, метафизикалы ойлау, психологиялық ойлау. Сосын білімнің үш алтын тұғыры: тарихты білу, бүгінді білу, баратын болашақты білу. Осындай тектілік тұрғысынан пайым еткенде «Көңіл қазы, сөз таразы» ұғымы менің жазып жатқан шығармаларымның өзегі.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан:

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы