ТҮРКІСТАН РУХАНИЯТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ТАРЛАНДАР

527 көрілім

Редакциядан:

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында қолымызға газетіміздің қарт оқырманы Мәдібек Тілеубайұлының естелік жазбалары тиіп отыр. Бұл жолы Мәдібек ақсақал Түркістан руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген үш редактордың азаматтық болмысын, еңбектегі ізгі істерін, адами қасиеттерін өз естелігі арқылы қайта тірілтті. Ұлт баспасөзі – тарихтың тірі шежіресі десек, сол шежірені жасағандар осындай қаламы жүйрік, ойы терең, сөзі әділ адамдар еді. Тұрабай Мырзахметов, Әмидулла Көпбаев, Балтабай Нұржанов сынды аяулы ағалардың өмірі мен өнегесі Түркістан газетінің өткен тарихында алтын әріппен жазулы. Бұл естелік тек өткен күннің сарыны емес, бүгінгі жас қаламгерлерге тағылым, алдыңғы аға буынға тағзым, елдің жадында қалатын құнды аманат. Ұрпаққа өнеге болар ізгі сөзді аяусыз төгіп, Түркістан жұртының рухани өзегін байытқан осындай тарландардың алдындағы қарызымызды ұмыта алмаймыз.

Сондықтан мереке қарсаңында осы жүрекжарды естеліктерді оқырманға ұсынуды жөн санадық. Газетіміздің тұрақты оқырманы, 77 жастағы ақсақал Мәдібек Тілеубайұлы жазып қалдырған бұл естелік – ардақты ағалардың жарқын бейнесін жүректе мәңгі сақтаудың аманаты. Ендеше, мархабат, құрметті оқырман! Рухани қазынадан сыр тартып, оқып-біліңіз, көңілге түйіңіз!

ТАҚ ТӨРЕСІ ТҰРАБАЙ

Мектеп қабырғасында оқып жүріп, мектеп тіршілігінің тынысы туралы ой толғап, көрген-білгенімді аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне жолдап отыратынмын. Жазған мақалаларым үнқағаз бетінде үзбей жарияланып тұрды. Оқу жылы аяқталар тұста мектеп бітірушілер «Кім боламыз?» атты сырласу кешін өткізген едік. Біріміз дәрігер, біріміз инженер, мұғалім, құрылысшы сынды түрлі мамандықтарды армандадық. Сол кезде мен де кім боларымды ой елегінен өткізіп отырғанымда жанымдағы сыйлас сыныптасым Зоя Сейілбекова маған қарап:

– Мәдібек, сенің тұла бойыңда ерекше қасиет бар. Көрген-білгеніңді тайға таңба басқандай етіп жазасың. Сенен қарымды қаламгер, журналист шығады. Өз бағыңды сынап, ҚазМУ-дің журналистика бөліміне оқуға бар – деді.

Жүрегімнің түбінде де түйдек-түйдек «журналист болсам» деген арманым бар еді. Ол кезде оқуға түсу үшін редакциядан мінездеме алу қажеттін. Сөйтіп, қаламыздағы «1-Май» көшесінің бойындағы редакция үйіне тарттым. Бар ісімді сол кезде хаттар бөлімінің меңгерушісі, «Түркістанның Фаризасы» атанған ақын апайым Мәрия Мерешоваға айттым.

– О, айналайын, талабыңа нұр жаусын! Мінездемеңді редактор ағаң Тұрабай береді, бөлмесінде отыр, бірге кірейік, – деді Мәрия апай.

Екеуміз ішке кірдік.

– Ассалаумағалейкум, аға!

– Уағалейкумассалам, келіңдер, – деп Тұрабай аға жанындағы бос орындықты ұсынды.

Мәрия апам мені таныстырып, оқуға түсуге мінездеме сұрап келгенімді айтты.

– Жарайсың, балам! Мектеп өмірінен үзбей мақала жазып жүрген Мәдібек өзің екенсің ғой. Қадамың құтты болсын! Талпынған мұратқа жетер. Сенен болашақта қарымды, қайсар, мінезді журналист шығады. Көп ізден, оқы, білім ал, – деп жылы шырай танытып, мінездеме жазып беретінін айтты.

Бұл 1966 жылдың 25 маусымы еді. Жылы жүзді, жүрекке жақын Тұрабай ағамен осылай танысып едім. Сол кезде «Коммунистік еңбек» газеті аптасына үш рет, қазақ-өзбек тілінде шығатын. Ұмытпасам, Москвадағы партия мектебін бітіріп келіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүрген Тұрабай ағамызды ауданның бірінші хатшысы Ұ.Бейсенбаев Түркістанның төл үнқағазына редактор етіп тағайындады.

Иә, Тұрабай Мырзахметов партия мектебін тәмамдаған Түркістанның бірегей алғашқы перзенті еді. Ұжымында білікті де білімді журналистер – Мәмәдәлі Әшірбаев, Жұмабек Мәмбетаев, Әбдірасыл Тәкібаев, өзбек бөлімінде Фазыл Алиев, Ғазыхан Мәжитов, Өктем Анарбаева – бәрі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бір кісідей еңбек ететін.

Тұрабай аға сол ұжымды жұмылдырып, оқырманға талғамды, білімді ой-пікірін жеткізе білді. Қыл қаламды серік еткен ой адамы кейде қалың ойдың құшағына беріліп, сергігені болмаса, өз жұмысына ешқашан немқұрайлы қарамайтын. Кемшілігін жасырып, кешірімділік танытып жүретін кең пейіл жан еді. «Басшы болу – бір абырой, ал халық еңбегін бағалап, шапағатын бөлісу – мың абырой» деген сөз осы кісіге дәл келетін. Тұрабай аға – аудандық партия ұйымының бюро мүшесі. Бірақ «мен басшымын» деп кеуде соқпайтын. Көппен бірге жүретін, жастарға қамқор болатын. 1970 жылдардың бас кезінде ұжымға өткір ойлы, қарымды қаламгер жастар – Төрехан Рымбердиев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Балтабай Нұржановты жұмысқа шақырып, қанаттандырды. «Лениншіл жас» газетінің сарбазы Шерхан Мұртаза ағамыздың жең шекпенінен Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбековтер шықса, Тұрабай ағамыздың шекпенінен Төрехан, Тілеуқабыл, Балтабайлар түлеп ұшты. Кейін аудан, облыс, республика көлемінде танымал қаламгерлер атанды. Бірде Балтабай Нұржановтың жұмыс бөлмесінде отырғанымызда сыртта аяқтың тықыры естілді. Балтабай бірден таныды – бұл өзі баурап, тәрбиелеген ұстаз ағасы Тұрабай екен. Расында да солай болып шықты. Тұрабай аға кейінгі жылдары да редакцияға үнемі келіп, жастардың жағдайын сұрап тұратын. Бұл – кісілік емес, кішілік мейірімнің, үлкеннің жастарға құрметінің белгісі еді. «Мен бастықпын» демей, ауданның бірінші хатшысы Мұхаммедрасул Искаков, атқару комитетінің төрағасы Әбдірасыл Жансейітов және Тұрабай ағамыз беліне ақ фартук байлап, Түркістандық 40 мың тонна «ақ алтын» жинау науқанына қатысушы еді.

Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде күн-түн демей шаруашылықтарды аралап, социалистік жарыстың ұйытқысы болатын. Мамыр айында мереке көп қой. Соның бірі – 5 мамыр баспасөз күні. Сол күні қала тұрғындары аудандық партия комитетінің мәжіліс залында бас қосатын. Қаламгерлерге, ауыл-село тілшілеріне сый-сияпат көрсетілетін. Мен де сондай құрметке ие болдым. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы Қаражан Әбілазимовтың марапатымен «Мақтау грамотасы» мен Жекен Жұмахановтың «Мен жұмысшымын» повестер жинағын Тұрабай аға табыстаған еді. «Өмір айнасы – шынайы ақиқат. Әрдайым шыншыл бол, шындықты жаз!» деген ағалық сөзі әлі жүрегімде жаңғырып тұр. Редакция мен білім, мәдениет бөлімдері бір көшенің бойында еді. Хайрулла Башиков, Вохай Абдурайымов және Тұрабай аға таңертең кездескенде өзара «Арутон-Дартонбыз» деп әзілдесетін. Тұрабай аға әзілге де, еңбекке де адал еді. Бір таққа табан аудармай жиырма жылдан аса уақыт еңбек етті. Ол кісі өмірде де, еңбекте де адал, аға тұтар абыройлы жан еді. Енді ол арамызда жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Ел алғысына бөленген Тұрабай ағамыздың бейнесі біздің жүректе мәңгі сақталады. Алла иманын жолдас етіп, жаннат төрінен орын бергей! Әмин!

ӨРЕСІ БИІК АЗАМАТ

Адам баласының туған жерге деген ықыласы ерекше. Әсіресе кіндік қаны тамған қасиетті топырақтың әр тасы – жан жүрегіне ыстық. Түркістан өңіріндегі Қаратаудың бөктерінде орналасқан Ынталы ауылында дүние есігін ашқан Әмидулла Көпбаев та сол жерге деген сағынышын, перзенттік борышын өмір бойы жүрегінде сақтаған азаматтардың бірі еді. Әкесі Көпбай баласына ел ішінде жақсы аты қалған Сейфулла бабаға ұқсасын деген тілекпен Әмидулла деп ат қойып, азан шақырған. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген Әмидулла ерте есейді. Еңбекке ерте араласты. Ауылдың шаруасында анасымен бірге бел шешпей еңбек етті. Бидай масағын теріп, қауыннан қақ дайындап, қыстың азығын жинауға көмектесті. Жас Әмидулла білімге құштар болды. Май шамның жарығымен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтың кітаптарын түннің бір уағына дейін оқитын. Кітапқа деген қызығушылығын байқап қалған әкесі:

– Балам, кітапты уақытында оқы. Қызығына берілсең де, өмірдің өзін де ұмытпа, – деп ескертіп отыратын.

Журналист болсам деген арманы оны Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне жетеледі. Бұл арман ақиқатқа айналды. Жоғары оқу орнын бітірген соң, жас маман ретінде Түркістанға оралып, «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастады. Редактор Абдужаппар Абдусаттаров оны жылы қабылдап, жол нұсқады. Әмидулла өзінің зеректігімен, сауаттылығымен көптің көзіне ерте түсті. Көп ұзамай аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы болып ауысты. Кейін Алматыдағы жоғары партия мектебінде білім алып, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. Ол қай ортада жүрсе де қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін жоғалтпады. Елмен санаса отырып, ортақ іске үлес қосты. Әр науқан, мәдени шара, ауыл өміріндегі маңызды оқиғаларда белсенділік танытты.

Бірде Құшатадағы балалар демалыс үйінде өтетін жыл қорытындысына дайындық кезінде Әмидулла ағамыз маған қоңырау шалып: «Мәке, кел. Бірге ақылдасып, жоспарды бекітуіміз керек», – деді. Сол жолы алғаш рет ақындар айтысын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл оңай шаруа болмады. Айтыс ақындарын жинау қиынға соқты. Бірақ Әмидулла ағамыз бен Қаныбек Сарыбаев ақындарды жігерлендіріп, үлкен мәдени шараны абыроймен атқаруға себепші болды. Айтысқа алғаш қатысқандардың қатарында Әбдікерім Манапов, Төребай Шершев, Түгенбай Батақараев сынды азаматтар бар еді.

Партия қызметіндегі табысты жұмыстары үшін Әмидулла қайтадан «Коммунистік еңбек» газетіне бас редактор ретінде тағайындалды. Бұл оның алғашқы еңбек ошағы болатын. Журналистика саласы оған жат емес еді – ол бұл саланың қыр-сырын жақсы білетін. Басшылық қызметте де біліктілігімен, ұжымды ұйыстыра білетін іскерлігімен танылды. Газеттің үш тілде шығуы, жаңа ғимараттың бой көтеруі, баспахананың салынуы – бәрі де Әмидулла Көпбаевтың табандылығы мен іскерлігінің жемісі еді. Ұжымның ұсынысымен газет атауын заман талабына сай өзгерту туралы бастама көтеріп, оны «Түркістан» деп атауды ұсынған да осы кісі болатын. Біраз тартыстан соң бұл ұсыныс мақұлданып, өңірлік басылым «Түркістан» деген атпен қайта шыға бастады.

Әмидулла өмірден өтсе де, оның жүріп өткен жолы, атқарған істері, ел үшін еткен еңбегі – мәңгілік. Арда азаматтың жарқын бейнесі жүрегімізде сақталады.

ҚАЛАМЫ ДА, МІНЕЗІ ДЕ ТАЗА АЗАМАТ

Балтабай Қаратайұлы Нұржанов – бүкіл саналы ғұмырын журналистикаға арнаған азамат еді. Ол Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округінде дүниеге келген. Оның өмір жолы «Түркістан» газетінің тарихымен тығыз байланысты болды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ мақала жазып, қарым-қабілетін байқатқан екен. Сол еңбегін байқаған сол кездегі «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің редакторы Тұрабай Мырзахметов Балтабайды жұмысқа шақырып, алғашында корректор етіп қабылдаған еді. Кейін тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қалалық «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторы болып, абыроймен қызмет етті. Балтабай ақыл-парасаты толысқан, мәдениеті биік жан еді. Ол – Тұрабай ағамыздың шәкірті болатын. Содан болар, ұстазының тәрбиесін көп көріп, соның салған сара жолымен жүрді.

Балтабай жұмысқа үнемі жаяу барып, жаяу қайтатын. Бірде автоклуб меңгерушісі болып жүргенімде жолда Балтакеңді көріп қалдым. Машинамды тоқтатып, жеткізіп салғаным есімде. Есімде қалғаны – Балтакеңнің тұсында газет бетінде социалистік жарыстар, шаруаның жетістігі мен кемшілігі қатар жарияланып тұратын. Әсіресе қарапайым шаруа адамдарын насихаттауға көп көңіл бөлетін. Оның жанында Тілеуғабыл Мыңжасаров дейтін өте мәдениетті, сыпайы бөлім меңгерушісі жұмыс істеді. Тілеуғабыл да өз алдына бір мектеп еді. Танымал тұлғалардың дауысын айнытпай салып, бәрімізді күлкіге қарық қылатын. Өзі де өте білімді, талантты жан еді. Футбол жаңалықтарын жанды дауыспен айтып беретін. Ал газетте аптасына бір рет спорт бетін ұйымдастырып шығарып отыратын. Міне, Балтабай да, Тілеуғабыл да – біздің Түркістан журналистикасының тарихына өшпес із қалдырған азаматтар еді. Олардың еңбегі ел есінде.

Өзім оқушы күнімде қолыма қалам ұстатып, алғаш мақаламды жариялап, арманыма қанат бітірген де осы газет. Ол заманда ешкімді газетті күштеп жаздырып оқытпайтын. Елдің өзі ынтық еді. «Коммунистік еңбек» деп аталатын ол кездегі үнқағазды ауыл адамдары таласа-тармаса оқып, жаңалыққа, өсу мен өркендеуге құштар болатын. Себебі бұл газет – халықтың көзі мен құлағы, сөзі мен үні еді. Сол дәстүр әлі де үзілген жоқ. Осы қарашаңырақтың отын маздатқан үш асыл азамат – Тұрабай Мырзахметов, Әмидулла Көпбаев, Балтабай Нұржановтың еңбегі мәңгі есімізде. Олар бізге жол көрсетті, із қалдырды, өшпес өнеге сыйлады. Сол ағалардың сара жолын бүгінде Мәлік Даулетов бастаған жас ұжым жалғап, жастарды қанаттандырып, рухани өрісімізді кеңейтіп отыр. «Түркістан» газеті жасай берсін! Халыққа қызмет еткен қаламгерлер рухы қашанда биік тұрсын!

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы