27 жылдан бері Түркістанның ақпарат кеңістігінде адал қызмет етіп келе жатқан Ләззат Сарыбаеваның еңбегі өлшеусіз. Ол 1998 жылдан бастап «Түркістан» газетінің табалдырығын аттады. Содан бері ширек ғасырға жуық хатшы-машинисткадан тілшіге, бөлім меңгерушісінен жауапты хатшыға, директор-редактордың орынбасарына дейінгі мәртебелі жолды абыроймен өткерді. Бүгінде «Сауран» газетінің бас редакторы ретінде жаңадан құрылған ауданның тыныс-тіршілігін елге жеткізіп отыр.
Әр әріпінен адамгершіліктің иісі аңқып тұратын Ләззат апайымыз – тектінің тұяғы, белгілі ақын Қаныбек Сарыбаевтың қызы. Әкесінің өлеңі бойына дарып, сөз қадірін өз қадіріндей бағалай білген жан. Кісіге ауыр сөз айтып көрмеген, үнемі жұмсақ мінезі мен жылы лебізі арқылы айналасына үлгі болып келе жатқан тұлға. Осы жылдар ішінде Ләззат Қаныбекқызы редакция ұжымына ғана емес, қаншама жас қалам иесіне ұстаз бола білді. «Түркістанның» тынысымен біте қайнасып, ақпарат айдынында адал еңбектің биік өлшемін айқын көрсетіп жүр. Қаламын адалдыққа суарып, ғұмырын баспасөзбен өрнектеген Ләззат Сарыбаеваның қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Биылғы Журналистер күні қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан «Ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін» Құрмет грамотасын алды. Бұл кісілік пен шынайы еңбектің әділ бағасы деп білдік. «Атақ сұрамайтын жанды атақтың өзі іздеп табады» деген сөз осындайда айтылса керек. Ал ең үлкен марапат – халықтың алғысы. Ләззат апайдың отыз жылға жуық ақпарат саласындағы абыройлы жолын қалың оқырман жақсы білетіні сөзсіз. Ал күні кеше алған Құрмет грамотасы – Ләззат Қаныбекқызының ұзақ жылғы тынымсыз еңбегіне берілген құрғақ марапат емес, адалдық пен адамдықтың айғағы. Шынайы еңбектің шынайы өтеуі.
«Түркістан» газетінің ұжымы атақ сұрамай-ақ абырой биігінен көрінген аяулы әріптесіміз Ләззат Қаныбекқызын осы мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтайды. Қаламыңыздың сиясы сарқылмасын, адал еңбегіңіздің жемісі арта берсін, қадір-құрметіңіз әрдайым асқақ болғай!
Ізгі ниетпен,
«Түркістан» газетінің редакциясы.