Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Мәдениет саласындағы ғылыми жобалар мен бағдарламалар: қалыптастыру, құжаттандыру және жүзеге асырудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталды. Президент өз сөзінде тарихи-мәдени мұраны сақтау, археологиялық зерттеулерді жандандыру және ұлттық дәстүрлерді ғылыми тұрғыда дамыту қажеттігін ерекше атап өткен болатын.
Ғылыми жиын барысында мәдениет саласындағы ғылыми жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және құжаттандыру тетіктері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар саладағы заңнамалық өзгерістер, аккредитация шарттары мен ғылыми жобаларды қолдау механизмдері туралы ақпарат алды.
Семинар жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті өкілдері, республикалық және өңірлік музейлердің мамандары, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Аймақ мамандарына қолжетімді болу үшін жиын ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта да өткізілді.
Мәдениет комитетінің Музей қызметі және материалдық емес мәдени мұра басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова музейлерде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдірудің жолдарына тоқтала отырып, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына «Ұлттық», ал Алматы қаласындағы Орталық музей мен Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне «Мемлекеттік» мәртебесінің берілгендігі де үлкен жауапкершілік пен қойылатын талаптарды арттыратындығын, музей әлеуетін көтеру үшін аталған статустың маңыздылығын айтты.
ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ғылыми жобалар және бағдарламалар басқармасының басшысы Ренат Елшібеков ғылыми жобаларды әзірлеу тәртібіне және оларды қаржыландыру механизмдеріне тоқталды. Оның айтуынша, жобаларға жетекшілік ету үшін PhD дәрежесі немесе ғылыми атақ болуы қажет. Ал «Жас ғалым» бағдарламасына жаңа қорғаған зерттеушілер қатыса алады. Бірлескен жобаларда қатысушылар саны жетіден аспауы тиіс.
«Бозоқ» музей-қорығының ғылыми хатшысы Олжас Мысыр ғылыми ұйымдарды аккредиттеу жүйесіне тоқталып, нақты тәжірибелермен бөлісті. Ал, Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы мен музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Сәкен Шәметов мәдениет саласындағы ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға атсалысты.
Семинар аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, мәдениет саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен практикалық қадамдарды талқылады. Мамандардың пікірінше, мұндай басқосулар отандық мәдениетті жүйелі түрде дамытуға серпін береді.
Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ,
Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы
Ясауитану ғылыми орталығының басшысы