ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ЖҮРЕК

147 көрілім

«Мына шілденің ыстығы адамдар түгіл табиғаттың өзіне де ауырлық етіп тұр. Міне, қараңызшы, мына гүлдерді, күннен қорғап, жазғы жылыжайда сақтағанның өзінде, күтіп-баптағанның өзінде солып басын иіп барады» – деді жеке кәсіпкер, гүл өсіруші Дильноза Умарова кінәлі жандай төмен қарап иіліп тұрған гүлдің сабағын көтеріп.

«Жас сәбиді мәпелеп күткендей екен» деп едім, «жас бала тым болмаса қарны ашқанын, бір жері ауырғанын білдіріп дыбыс шығарады ғой. Мына «байғұстарда» үн де жоқ. Өзіңнің көзің түсіп, зерттеп, ойланып себебін тауып алғаныңша басы салбырап тұра береді» – деп ұзыннан ұзақ созылған жазғы жылыжайды аралап, жайқалып тұрған әрбір гүлдің атын атап, түрін түстеп таныстырып келеді. Мен жан-жағыма қарап үлгермеймін. Басымды изеп қойып, еріп келемін. «Мынау жазғы жылыжай, көлемі 75 соттық. Мынау қысқы жылы жай. Ал, мұнда, әне, көріп тұрсыз ба, пальма ағашы сияқты үлкен гүлдер өседі» – деп гүл шаруашылығымен таныстырғанда, жүзінен бір жылы мейірім жүгіріп өткендей болады. Көл-көсір болып жатқан соншама гүлдің ешқайсысынан шатаспайды. «Міне, мына гүлдер кеше базардан қайтарылды. Қурап, солып қалған. Мәпелеп өсірген дүниеңді қалай көзің қиып тастай саласың. Тамыры алып кететіндерін, жарайтындарын іріктеп алып, қайта отырғызамыз. Ал, мына гүлдің аты – декабриста». «Декабристер сияқты қиындыққа төзімді болғасын ба?» – деймін. Өзіне жарасымды күлкімен күліп: «Бұл гүл жылына бір-ақ рет, қақаған қыста, желтоқсан айында гүлдейді. Гүлі де сондай әдемі. Негізі, гүлдің өзі қандай әдемі болса, бейнеті де сондай қатты. Аялауды, мәпелеуді, күтімді тілейді. Айтқанын істеген сайын талабын күшейте беретін «ерке қыз» сияқты. Әрқайсысына өзіне сай температура керек. Суды да әртүрлі ішеді. Күн сайын аралап, қадағалап тұру керек. Бір сөзбен айтқанда, адал еңбек, қара бейнет! Гүлді өсіру үшін үлкен сүйіспеншілік жүрек болу керек»,- дейді Дильноза Анарбайқызы.

Белгілі бір айтулы оқиғаға орай бір-бірімізге гүл сыйлаудың дәстүрімізге тереңдеп еніп кеткені қашан? Гүл өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Десек те, сатып алып тұрып бағасын қымбатсынатынымыз да өтірік емес. «Бір күнде солып қалады. Амал жоқ алып тұрмын. Бағасын түсірсеңізші», – деп сатушымен саудаласатынымыз да шындық. Бұл – біздің өз тарапымыздан тұтынушы ретінде гүлді бағалауымыз. Солай десек те, гүл әдеміліктің символы. Қуаныштың белгісі. Мерекенің жаршысы! Біреу гүл ұстап бара жатса, «Туған күні ме екен?» – деп бұрылып қараймыз. Қысқасы, жұпар иісі аңқыған әдемі гүлдер өміріміздің бір бөлшегі іспетті. Дегенмен, сол алқызыл алаулаған гүлдерді сатып ала тұрып, оның қандай бейнетпен өсірілетінін, қалай күтіп-сақтайтынын ойлай бермейміз. Ал, шын мәнінде, «үп» еткен жел де, аңызақ, шөл де тез әсер ететін гүлді өсірудің машақатын онымен айналысқан жан біледі.

Гүл өсірудің сан қырлы жұмысын игерген Сауран ауданы Қарашық елді- мекенінің тұрғыны, Сауран аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сауран аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының 2023 жылғы жеңімпазы, «Бизнес 2024» жүлдегері, есімі «100 табысты әйел» кітабына енген жеке кәсіпкер Умарова Дильноза Анарбайқызы осы кәсіппен 2006 жылдан бері айналысып келеді. Елде тұрып егін шаруашылығымен айналыспау мүмкін емес қой. Негізі, Дильноза хош иісті гүлдерге бала күнінен құмар. Әжесі Шарипа неше түрлі гүлдерді будандастырып өсіретін. Анасы Махсуда да қол қусырып қарап отырмайтын әрекетшіл жан. Киім де тігеді. Гүл де өсіреді. Сауда да жасады. Соны бәрін өнері тасығандықтан емес, бала-шаға асыраудың қамымен жасайтын. Анасының жанында жүріп үйдегі балалар да шаруаға пісіп, шыңдалып, түрлі кәсіпті меңгеріп шықты. Әкесі Анарбай – агроном. Сондықтан да Дильнозаның гүл өсіруге құмарлығы, бейімділігі, бір жағынан, заңдылық та сияқты.

Сауран ауданына қарасты Шыпан елді-мекенінде дүниеге келген Дильноза осы ауылдағы мектепте оқып жүргенінде сыныпқа үнемі анасы өсірген гүлдерді алып баратын. Ұстаздарына беретін. Сыныптың терезесінің алдына қоятын. Әйтеуір бір әрекетімен адамдарға қуаныш сыйлағысы келіп тұратын. Үнемі гүл ұстап жүретіндіктен де бәрі «Гүлші қыз» деуші еді. Кейіннен 2002 жылы Қарашық ауылының тұрғыны Умаров Хусан деген азаматқа тұрмысқа шығып, отбасын құрғаннан кейін, күнкөріс қамымен аулада түрлі көкөніс өсіріп, базарға шығарып сатып жүрді. Сауда болған соң бірде былай, бірде олай. Сондай күндердің бірінде ауылда гүл сататын көршісінің үйіне бара қалған. Соның алдында ғана жолдасы Хусан 30 мың теңге жалақысын әкеліп берген. Әлгі гүлдің бір талы 5 мың теңге екен. Бес мың теңге ол кезде әжептеуір көп ақша. Басына «Осы гүлді көбейтіп, өсіріп көрсем» деген ой келді де, сол қиялдың жетегінде қымбат болса да, әлгі гүлді сатып әкелді. Әрнәрсенің басын бір шалып, нақты кәсіп таба алмай, ізденіс үстінде жүрген кезі еді бұл. Бұл дүниеде себепсіз нәрсе болмайды екен. Құшақтап келген гүлін жолдасына көрсетіп еді, өте ұстамды, сабырлы, әрбір сөзін ойланып айтатын Хусан: «Дильназ, мен осы ақшаны жұмыста оразамды ашып су ішпей, түстік ішпей, отбасыма әкелейін деп қиналып табамын. Сонша ақшаға алған гүліңнен бірнәрсе шықса жарайды ғой» – дегенде не істерін білмеген еді. Әрекет етсең, берекетін беретін Алла тағала қолдап, уақыт өте келе, кәсібі дөңгеленіп кеткен еді. Енді, міне, жақын жатқан бірнеше облысты ғана емес, Бішкекті де гүлмен қамтамасыз ететін орталыққа айналып отыр. Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды келіп, жылыжайдағы жайнап тұрған гүлдерді көргенде талдырмаш денелі еңбекқор кәсіпкердің бейнетіне риза болып, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа айтып индустриалды аймақтан мың жарым гектар жер бөлгізген.

– Негізі, өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды екен. Белгілі бір кәсіп болмаған соң, базарға шығып, өсірген гүлдерімді сатып жүрдім. Белгілі орным жоқ. Таныстардың жанына тұрамын. Ары ауысып, бері ауысып жүргенімде, «Сені Ғаппар ағай шақырып жатыр» – деді базар әкімшілігінің қызметкері. «Ойбу, менің «жабайы сауда» жасап жүргеніме шақырған шығар деп, қорқып бармадым ол кісінің алдына. Кейіннен білдім, маған орын беріп, көмектесейін деген ниетпен шақырған екен. Алла разы болсын ол кісіге. Керемет адам еді. Базар өртенген қиын шақта дүние-мүлкінен айрылып, ашынып тұрған халықтың алдына шығып, басу айтқанда, қамқор әкемізді көргендей жылап жіберген едік. Сондай сын сағатта көпшіліктің алдында сөйлеу үшін де жүрек керек. Ғаппар ағайды жақсы көретін халық бір ауыз сөзіне тоқтап, сенім білдірген еді. Енді, міне, Ғаппар ағайымның қамқорлығын қорқақтығымнан пайдалана алмай қалғанымды Алла тағала қазіргі басшымыз Инара Әбдіғаппарқызы арқылы толықтырғанына таң қаламын. Базардағы «Бауырсақ» кафесінің жанында гүл сатып отырғанымда кездесіп, танысқан Инара ханым маған көп жақсылық жасады. Бүгінгі жеткен биігімде ол кісінің мол үлесі бар. Біздің Хусан екеуміздің Нұрмұхаммед, Жалолиддин, Исмаил есімді үш ұлымыз бар. Кіші ұлым шала туылып, ем, дәрі-дәрмек керек болғанын сырттай есіткен Инара әпке Исмаилымның қатарға қосылып кетуіне де көп еңбек сіңірді. «Қуаныш» базары да, Инара Әбдіғаппарқызы да маған қыдыр болып жолықты. Осындай қайырымды жандарды көргенде өмірге деген құштарлығың арта түседі екен. Жалпы, мен «Экобазарда» да, Түркістандағы басқа базарларда да сауда нүктесін жалға алып, жұмыс істеп көрдім. Бірақ қолым жүрмеді. «Қуаныш» ЖШС менің өмірімді жақсы жаққа өзгерткен тағдырым десем артық айтқандық емес. Жаны жайсаң, жүрегі кең Әбдіғаппар Шаймерденұлы негізін қалаған «Қуаныш» сауда орталығы – Түркістанның құты дер едім» – дейді Дильноза Анарбайқызы «Қуаныш» ЖШС аумағындағы «Достық» сауда үйінің бірінші қабатындағы гүл дүкеніне еніп бара жатып.

«Омаров Хусан» жеке кәсіпкерлігі бүгінгі таңда жиырма адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал, науқандық жұмыстар кезінде жұмысшы саны одан да арта түседі. Әдемі шоқ гүлдердің сыртында өзі де, жаны да жайнаған гүл сияқты Дильноза Омарова есімді кәсіпкер тұр. Негізі, мен дүкенінде гүл сатып отырған қатардағы сатушымен сұхбаттасуға барған едім. Бірақ, мен алдымнан әрбір қадам сайын бизнесін дамытып, биіктерге өрлеп келе жатқан «Бизнес-ханыммен» сұхбаттасып, таңырқап қайттым!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы