МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР

347 көрілім

Киелі Түркістан – тек тарихи-рухани астана ғана емес, мәдениет пен спорт саласын қатар дамытып келе жатқан заманауи шаһар. Осы орайда біз Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» басшысы Қадырболат МҰСАҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасып, атқарылып жатқан істер мен алдағы жоспарлар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Түркістан – туристер көп келетін мекен. Мұндай мәртебелі шаһарда мәдениет пен спортты дамытудың маңызы да зор. Бүгінде бөлімде қандай жаңалықтар мен жетістіктер бар?

– Иә, Түркістан – мәдени-рухани орталық. Қаламызға туристер көп келеді. Сондықтан біз ұйымдастыратын әрбір мәдени және спорттық іс-шараның мәні мен сапасына аса мән береміз. Жыл басынан бері өңірге ерекше мәртебе берілгені белгілі. Осыған орай, бірнеше ауқымды жобалар мен іс-шаралар қолға алынды. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Жалы алғанда бөлімге қарасты 7 мекеме жұмыс жасайды. Атап айтсақ, мәдениет саласы бойынша қалалық мәдениет үйінде 80-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Негізгі бағыт бойынша жекелеген әншілер мен топтар, фольклорлық ансамбль мен бишілер тобы қызмет атқарып келеді. Әсіресе, шаһарда болып жатқан түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысу – бөлімнің негізгі жұмысы. Жыл басынан бері көптеген мәдени кездесулер мен дәстүрлі, эстрадалық бағыттағы жобалар өтіп келеді. Сонымен қатар, би жанры мен фольклорлық бағыттарда да түрлі іс-шаралар жасалды.

– Көктемде өткен Наурыз мерекесінің өзінде қала ерекше рухпен тыныстады. Бұл шаралардың ішінде қайсысы есте қалды?

– Әрине, ерекше тоқтала кететін дүние – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңындағы іс-шаралар. Атап айтсақ, оның ішінде әз-Наурыздың он күндігінде Түркістан қаласының төрінде өткен «Ән мен әнші» секілді ірі жоба, фольклорлық ансамбльдің, бишілер тобының жеке концерттері бар. Мұның бәрі киелі шаһар тұрғындары мен туристер жақсы көңіл-күй мен рухани демалыс сыйлау үшін ұйымдастырылып жатқан дүниелер. Сонымен қатар, бұл – халқымыздың дәстүрін дәріптеу мен қала келбетіне көрік беру бағытында жасалған маңызды жұмыстардың бір парасы ғана.

– Мәдениет саласындағы инфрақұрылым туралы аз-кем айта кетсеңіз. Талай жылдан бері арман болған жаңа ғимараттар бой көтеріп жатқанын естіп, жұртшылық қуанып жатыр…

– Дұрыс айтасыз, тағы бір ерекше жаңалық – қаламызда жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілуге жақын. Бір ай көлемінде жұмыстардың бәрі аяқталып, руханият ордасы халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. Қала әкімдігінің тікелей тапсырмасымен, тікелей бақылауымен жасалған дүние болғандықтан, алдағы уақытта тұрғындар түрлі мәдени іс-шараларды заманауи әрі жаңа ғимаратта тамашалауға мүмкіндік алмақ.

Тағы бір атап өтетін жайт – биыл «Жаңа қала» аумағында заманауи жаңа кітапхана есік ашты. Қазіргі заманға сай жабдықталған, интернет желісімен қамтылған жаңа кітапхана да өз оқырмандарын қалыптастырып келеді. Күнделікті келушілер саны да айтарлықтай артып жатыр. Бұдан бөлек биыл шаһар басшысының арнайы тапсырмасымен 3 кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, ескі кітапханалар бүгінгі заманға сай жұмыс жасап жатыр.

– Түркістан қаласындағы кітапханаларда оқырман тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазіргі таңда Түркістан қаласында кітапхана ісіне де айрықша көңіл бөлінуде. Жалпы, мәдениет пен руханияттың бір тұтқасы – кітапхана десек, бұл саланы жаңғыртпай, рухани кемелденуді жүзеге асыру мүмкін емес. Осыны ескере отырып, қала әкімдігі мен біздің бөлім тарапынан кітапхана желісін дамыту бағытында бірқатар нақты қадамдар жасалып жатыр. Бүгінде бөлімге қарасты Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Түркі тілдес халықтар кітапханасы тұрақты жұмыс істейді. Бұл кітапханалар – тек кітап қоры ғана емес, оқырманы да бай тұрақты ізденіс орталығы саналады. Әрине, қала тұрғындары арасында кітапқа деген қызығушылық артып келе жатқаны қуантады. Кітапханалар тек оқырман үшін емес, шығармашыл жастар мен зерттеушілерге де қолайлы орта болуы тиіс. Олардың заманауи технологиямен жабдықталып, интернетпен толық қамтылуы руханиятқа, білімге жасалған жарқын қадам деп айтуға болады.

– Бөлімге қарасты тіл саласында да маңызды жұмыстар бары анық. Бұл бағытта қандай істер қолға алынды?

– «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне» қарасты тағы бір сала – тілдерді оқыту саласы. Сала бойынша қаламызда тілдерді оқыту және дамытуға арналған арнайы орталық бар. Мұнда көптеген тұрғындарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқыту дәрістері жүргізіледі. Әсіресе, мекемелер арасында ағылшын тілдеріне сұраныс көбірек екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесіне дайындық жұмыстары да осы тілдерді оқыту орталығында жүргізіледі.

Бұл мекеменің тағы бір маңызды қызметі – ана тіліміздің заңнамаға сай қолданылуын қамтамасыз ету. Түркістан қаласы күн сайын көркейіп, жаңа ғимараттар жиі ашылып жатыр. Халық көп жиналатын орындардағы жарнама тақталары мен ғимарат атаулары, қасбеттегі жазуларда алдымен ана тілімізде, сосын барып өзге тілдерде жазылу керек. Сонымен қатар, дәмханалар мен мейрамханалардағы тамақ мәзірлері қазақ тілінде болуы шарт. Оны біз бақылаймыз. Осы жұмыстар бойынша арнайы комиссия және жұмысшы топтар қызмет етеді.

Одан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарымен де байланысып, жұмыстарды кең көлемде насихаттауды қолға алдық. Бақылау барысында ескертпе жасалатын жағдайлар болса, олардың заң талаптарына сай жүзеге асуына жәрдем жасаймыз. Себебі, тіл – халқымыздың басты құндылығы екенін ұмытпауымыз керек.

– Бірнеше маңызды салалар біріккен бөлім атауында «спорт» сөзі де бар. Бұл салада қандай жаңалықтар бар?

– Спорт саласы бойынша 2 клуб жұмыс жасайды. Олар – Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубы және «Túrkіstan» футбол клубы. Жасөспірімдер мен жастарды спортқа баулу және салауатты өмірді насихаттауда балалар мен жасөспірімдер спорт клубы жақсы нәтижелерге де қол жеткізіп келеді. Мысалы, футбол, волейбол, шахмат, таэквондо секілді спорт түрлерлерінен түркістандық жас спортшылар республикалық, халықаралық деңгейде қаламыздың мәртебесін биіктетіп жүр. Айталық, шахматтан ұлттық құрама сапында ойнауға мүмкіндік алған қыздар бар. Бұл да біздің бөлім тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп айтсақ болады.

– Жазғы демалыс басталғалы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай шаралар қолға алынды?

– Қазіргі таңда оқу жылы аяқталып, балалардың барлығы жазғы демалыста. Осыған орай балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ыңғайлы кесте арқылы қаладағы әрбір ықшамаудардағы ашық алаңдарда ойындар өткізіп жатырмыз. Апта сайын өтетін жазғы ашық алаң ойындары туралы алдын ала хабарландырулар беріледі. Ұйымдастырушылар сол алаңдарда балалардың спорттың әр түріне, әсіресе, ұлттық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай қалыптастыруда.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында бұқаралық спорт дамып келе жатқанын баса айту керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының да тапсырмасы бар. Осы мақсатта әуесқойлар арасындағы кіші футбол лигасы (ЛЛФ) тұрақты өткізіліп келеді. Айта кету керек, бұл футбол лигасына түркістандықтардың қызығушылығы мен белсенділігі өте жоғары. Мұнда кәсіби футболшылар емес, халықтың арасынан шыққан командалар мен мекеме ұжымдарынан құралған топтарды қосқанда 70-ке тарта команда жиналған болатын. Жақында биылғы жылдың көктемгі-жазғы маусымын аяқтап, жеңімпаздарды марапаттадық. Бұл лигада біздің жаттықтырушылар мен төрешілер тұрақты қызмет жасап келеді. Бұдан бөлек жақында қазақ күресінен, баскетбол, волейбол спорттарынан да республикалық деңгейде ірі додаларды өткізіп келеміз.

– Бекзат Саттархановтың есімі Түркістан спортымен егіз ұғымға айналды десек артық емес. Биыл айтулы тұлғаның 45 жылдығы аталып өтіп жатыр. Бұған бөлім тарапынан үлкен қолдау жасалғанын көріп жүрміз…

– Иә, биыл ерекше атап өтетін жағдай – Бекзат Саттархановтың 45 жылдық мерейтойы. Қысқа ғана ғұмырында Түркістанның, еліміздің атын әлемге танытқан батырымыз бокс спортының дамуына да зор үлесін қосып кетті. Осыған орай, биылғы жылдың басында Бекзат Саттархановқа арналған үлкен турнир өтті. Бұдан бөлек тағы бірнеше бокс турнирлері батыр Бекзаттың атымен аталып келеді. Бекзаттың анасы Сырлыкүл апайымызды ортаға алып, батырдың даңқты әрі дара жолы туралы кештер өткіздік. Бұл біз үшін ерекше міндет. Мұндай шаралар жастарға мотивация ғана емес, рух берері анық.

– Сұхбат соңында қаламызда жаңадан құрылған тарихи мұралармен айналысатын мекеме туралы айта кетсеңіз…

– Түркістанға берілген ерекше мәртебе аясында жаңа мекеме құрылып, биылдан бастап «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне» қосылған жаңа мекеме бар. Сөз басында айтқандай, Түркістанның ерекше мәртебесіне орай тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау, қалпына келтіру жөнінде қала әкімінің тапсырмасымен арнайы мекеме құрылды.

Бұл мекеменің негізгі жұмысы – киелі де тарихи шаһарымыздағы тарихи мұраларды қорғай отырып, туристердің қызығушылығын арттыру болмақ. Түркістанның негізгі көрінісі Қ.Яссауи кесенесі болса, оның айналасындағы барлық тарихи-мәдени орындар мен жәдігерлерге қадағалау жасап, сақтауға жұмыла жұмыс жасайтын боламыз. Мақсат – киелі шаһарымыздың болмысын сақтау және туристік әлеуетін арттыру…

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы