НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ӨСИЕТ-БАТА

1  456 көрілім

Уа, көпшілік-халайық,

Бәріміз бері қарайық!

Мына жүрген халықты,

Дос пен туыс санайық.

Біріміздің біріміз,

Әжетіне жарайық.

Өкпең болса өткен жылдан,

Осы күні ұмытпай,

Кешірім сұрап барайық.

Тиістіріп төстерді,

Қысып қолын алайық.

Бұл наурызды қашан да,

Жыл басы деп санайық.

Қасиеттеп сондықтан,

Ұлы күнге балайық!

Уа, халайық-жамағат,

Барға болсын қанағат.

Кекшіл болмай, көпшіл болсаң,

Алладан болар шапағат.

Кешірімді болған тағы да,

Ең сүйікті пендесі-

Құдайдың сол болып саналат.

Ойлансаң бәле біреуге,

Құдай сенен жан алат.

Көмек берсең садақа,

Бақ пен дәулет оралат.

Уа, көпшілік жиналған,

Құдайың болсын сыйынған.

Байлыққа жол табыңдар,

Сүрлеу салып қиыннан.

Ел байлығын шашпаңдар,

Құралған байлық тиыннан.

Ынтымақты сақтаңдар,

Кетпесін бірлік ұйымнан.

Жік-жік болып бөлінсеңдер,

Зәру болар үзім нан.

Қысқаға кегің сақталып,

Болмасын өшің ұзыннан.

Сонда еркін жүресіңдер,

Құтылып түрлі қысымнан.

Уа, жаны таза адамдар,

Тағы да бері қараңдар!

Амандықты тілейтін,

Көбіңіздің анаң бар.

Ынтымақ пен бірлікке,

Солар қатты алаңдар.

Жолдарыңды қуатын,

Өміріңнің жалғасы-

Жас жеткіншек балаң бар.

Ертіп жүріп соларды,

Қызықтайтын алаң бар.

Елбасының «Нұрлы жолын»-

Бағдаршамға балаңдар.

Ұмытпаңдар осыны,

Бастарыңда санаң бар.

Ұрыс-керіс шығармай,

Ішкілікке салынбай,

Көше кезіп қаңғырмай,

Ойнап-күліп тараңдар.

Менің айтқан бұл сөзімді-

Өсиет-бата санаңдар,

Айналайын жарандар!

Әумин, Аллаһу әкбар!

2016 жыл.

Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы