САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

1  013 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусты пандемия деп жариялауына байланысты төтенше жағдай жариялаған еді. Осыған байланысты, Түркістан облысында да коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді. Облыс орталығындағы барлық туристік нысандар, ойын-сауық орталықтары мен тойханалар және балабақшалар, театр, көрме секілді адамдар көп жиналатын орындар мен қалаға келушілер дені көптеп баратын «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі де өз жұмысын уақытша тоқтатты.

Сондай-ақ спорттық, бұқаралық, отбасылық және еске алу шараларын өткізу уақыты кейінге қалдырылды. Оны қадағалау полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Тек базарлар мен азық-түлік дүкендері және дәріханалар өз жұмысын жалғастыра береді. Қала әкімі Рашид Аюповтың айтуынша, төтенше жағдай уақытында сауда орындары жұмыс істегенімен, дезинфекциялау және тазалық жұмыстары күшейтілетін болады. Осы уақытқа дейін облыс аумағына келушілер мен тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияға күдікті науқастар тіркелген жоқ. Алайда, соған қарамастан қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Облыс бойынша қауіпті індет тіркеле қалған жағдайда оларды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек орын дайындалған. Ал осы инфекцияға ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагноздарын анықтау үшін 240 төсек орынға провизорлық стационарлар қарастырылған. Барлығы – 340 орын. Осы ретте, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері Айсұлу Жасұзақованың пікірін білген едік.

– Науқастың денсаулығының жағдайына байланысты кез келген сәтте көмекке келе алатын резервте дәрігерлеріміз дайын тұр. Осы уақытқа дейін зерттеу нәтижелерімен белгілі болғанындай коронавирустың 56 С  сынап бағанасында және дезинфекциялық косындылардан жойылатыны белгілі болды. Сондықтан біздің басты кеңесіміз қолды сабынмен уақытылы жуып, жеке бас тазалығын сақтаған дұрыс. Ауру белгілері білінген жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралу керек.

Сондай-ақ, қала әкімі Рашид Аюпов көпшіліктің көңілінде жүрген сауалдарға жауап берген болатын. Шаһар басшысы төтенше жағдай уақытында тек Түркістан қаласында ғана емес қала төңірегінде орналасқан елді-мекендерге де жетерлік азық-түлік қоры жеткілікті екенін айтты. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар үшін базар бағасы тұрақты сақталып, негізсіз өсіп кетуіне жол берілмейтінін, оған қоса қоғамдық қауіпсіздікке мойынсұнбағандар міндетті түрде заңмен жазаланатынын да баса айтты.

Айта кетейік, қаладағы қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік те басты назарда тұр. Қала ішінде 21 бағыт бойынша жүретін 270 автобус жұмыс уақытынан кейін толық залалсыздандырылудан өтеді. Ал әр айналымнан кейін қоғамдық көліктердің ішіндегі орындықтары мен жолаушылар ұстап тұратын құралдардың барлығы арнайы ерітіндінің көмегімен тазалануда.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы