Қазақ журналистикасы мен поэзиясының көрнекті өкілі, публицист әрі аудармашы Болат Шарахымбай — өз шығармашылығында ұлттық рухты, тарихи танымды, және азаматтық үнді алдыңғы орынға қойған қаламгер. Ол 1960 жылы 3 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Қазығұрт ауылында дүниеге келген.
Болат Шарахымбайдың балалық және жастық шағы киелі Қақпақ ауылында өтті. Орта мектепті бітірген соң түрлі еңбек жолдарын өткеріп, өмір мектебінен өтті. Арман жетегімен Алматыға аттанып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алды.
Кәсіби еңбек жолын 1985 жылы Алматы қаласындағы №44 спорт мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған ол кейіннен баспасөз саласына бет бұрды. Болат Шарахымбайдың есімі «Өркен – Горизонт», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» секілді республикалық басылымдармен тығыз байланысты. Ол тілші, бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Бүгінде Болат Шарахымбай — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Абай университеті» баспасының бас редакторы. Бұл қызметте де ол жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлт руханиятының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Оның әдебиетке деген іңкәрлігі жас кезінен-ақ байқалды. Алғашқы өлеңдері 1978 жылы республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді. Ақынның қаламынан туған жырлар мен балладалар, поэмалар терең мазмұн, биік пафос және ұлттық сана сарынымен ерекшеленеді. «Рухтың оралуы» (2003), «Жаным – жанартау» (2005), «Қазығұрт ғазалдары» (2008) сияқты жыр жинақтары оқырман ықыласына бөленсе, «Туған жерге туың тік» атты публицистикалық еңбегі елдік сана мен отансүйгіштікке үндейді.
Болат Шарахымбай — тек ақын ғана емес, талантты аудармашы. Ол А.С. Пушкин, Андре Жилуа, С. Хусейн сынды әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, оқырманға сапалы дүние ұсынды. Оның жырлары түрік және орыс тілдеріне де аударылған.
Қоғам мен қаламның арасындағы алтын көпірге айналған қаламгер еңбегі елеусіз қалмады. Ол Кенесары Қасымұлы атындағы әдеби сыйлықтың, Түркі дүниесі ақындары фестивалі (2004), Қазақстан Журналистер одағы (2006), Ғ.Мүсірепов атындағы «Жалын» журналы сыйлығы, сондай-ақ «КазТрансОйл» компаниясы мен «Комсомольская правда» газеті сыйлықтарының лауреаты атанған. Сонымен қатар, «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Ресей тарапынан берілген Жеңістің 60 жылдығына арналған медальмен марапатталған.
2008 жылы Қазақстан Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі атануы да оның ғылым мен өнер жолындағы қажырлы еңбегінің дәлелі.
Болат Шарахымбай — заманауи қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Оның шығармашылығы — ұлттың рухани байлығының бір бөлшегі. Қаламын қару еткен арда азаматтың туындылары ел мен жерді сүйе білудің, тарихты құрметтеудің, және болашақты ойлаудың үлгісі болып қала бермек.
Ерімбетова Ақнұр Болысбайқызы,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы.
