28-маусым күні елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. 1991 жылдың 28- маусымында “Баспасөз және басқа да ақпарат құралдары туралы ” алғашқы ұлттық заңның қабылданғаны баршаға мәлім. Осы заңның негізінде 2011 жылдан бастап жаздың жадыраған күндерінің бірі 28-маусым- журналистердің кәсіби мерекесі болып белгіленді.
Айтса айтқандай, баспасөз ақпарат құралдарының қоғамнан алар орны үлкен. Ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов “Газет- бұқара халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деп айрықша атап өткеніндей, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өміріндегі болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалардың жаршысы арқылы билік пен бұқара халық арасында алтын көпір орнатылады. “Төртінші билік” атанған бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның оң бағытта дамуына, қалыптасуына игі ықпал етеді. Әділетті жаңа Қазақстан құруға өз үлестерін қосып, рухани құндылықтарымызды дәріптейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы туралы Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов “Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты” деп ерекше атап өткен болатын. Сондықтан да, барша қаламгерлерді бүгінгі төл мерекелерімен құттықтай отырып, шалқар шабыт, шығармашылық табыстар тілейміз. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова басқарып отырған Түркістан облыстық “Фараб” әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымшыл ұжымының жүйелі өткізетін түрлі іс-шараларға, әдеби кездесулерге, “Түнгі поэзия” жобасының аясындағы сырлы поэзиялық және тақырыптық кештерге қатысып, атсалысып, телевизия, радио, газет беттерінде оперативті, тұшымды, тартымды хабарлар шығарып, мақалалар жариялаған журналистер қауымына, ақындар мен жазушыларға, киелі қалам ұстаған қаламгерлерге айтар алғысы шексіз. Атап айтқанда, “Түркістан Медиа Холдингінің” директоры Уәли Қыдыр , атқарушы директор орынбасары Тельман Бейсен мырзалар, “Түркістан” телеарнасының ұжымына, продюсер Ұлмира ханым, Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, “Түркістан Медиа” ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, “Түркістан” газетінің бас редакторы Ғалия Бисейіт, редакция қызметкерлері Роза Нарымбетова, Ләззат Сарыбаева, Несібелі Иманқұлова, Дәурен Тілеухан, Азамат Әлібек, Ердәулет Сағындық, Серікбай Аметов, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысындағы филиал төрағасы Айдар Сейдазым, облыстық мәдениет департаментінің баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова, қалалық мәдениет үйінің баспасөз хатшысы Ақмарал Ғаниқызы кітапханада өткен әрбір іс-шараны өзектен өткізіп, жеріне жеткізіп халыққа шынайы ақпарат беріп отырды. Ал, журналистика ардагерлері әрі ұлт журналистикасының сарбаздарын даярлауда аянбай еңбек еткен және етіп жүрген ұлағатты ұстаз-оқытушылар Сейдолла Садықов, Балтагүл Оспанова, Бекжігіт Сердәлі, Әтіркүл Тәшім, өнер мен әдебиет жанашыры, ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Түркі әлемі Журналистер Одағының мүшесі Несіпкүл Өтебаева – біздің кітапхананың шынайы жанашырлары, руханият шырақшылары. Есімдері аталған сала саңлақтары, сөз майталмандары мәдени- әдеби шараларымызға үзбей қатысып,ақыл-кеңестерін, ұсыныс-пікірлерін айтудан жалыққан емес. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның “артқаны алтын, жегені жантақ” деп сипаттама берген қалам иелерінің уақытпен санаспай, күндіз-түні тынымсыз атқарған еңбегіне табыс тілейміз. Мәдениет пен өнер, әдебиет, баспасөз, бәрі бір- бірімен тығыз байланысты ажырамас егіз ұғым. Рухани құндылығымызды арттыру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
Ерімбетова Ақнұр Болысбайқызы
Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы.
