Түркістанда Senat Open жартылай финалы баста

426 көрілім

Түркістан қаласы зияткерлік ой-сана мен руханияттың ғана емес, енді шахматтың да маңызды орталығына айналып келеді. Бүгін дәл осы қасиетті қалада шахматтан ІІ «Senat Open» ашық кубогының жартылай финалдық кезеңі салтанатты түрде басталды. Ауқымды турнирге Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан іріктеліп шыққан ең үздік 35 шахматшы қатысуда.

Жартылай финалдық ойын швейцариялық жүйе бойынша 9 турда өтуде. Ойындар рапид форматында (әр ойыншыға 10 минут және әр жүріске қосымша 5 секунд) өткізіліп жатыр. Турнирдің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған шахматшылар 29 тамызда Астанада өтетін финалдық кезеңге жолдама алып, оңтүстік өңірдің намысын қорғайтын болады. Бүгінгі сайыста нағыз жүйріктер мен дара тұлпарлар анықталады.

Айта кету керек, бұл турнирге Эло рейтингі 2000-нан төмен шахматшылар ғана қатыса алады. Мұндағы мақсат — кәсіби деңгейге енді қадам басып келе жатқан жас спортшыларға мүмкіндік беру, жаңа есімдерге жол ашу, таланттарды қолдау. Осылайша, елімізде шахматты бұқаралық сипатқа айналдыру жолындағы нақты қадамдардың бірі жүзеге асырылып отыр.

Senat Open турнирінің тарихы дәл осы Түркістаннан басталғанын ерекше атап өту керек. 2025 жылдың 21 ақпанында алғашқы іріктеу кезеңі де Түркістан қаласында өткен болатын. Сол сәттен бері шахмат додасы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тауып келеді. Түркістан шахмат тарихында өз орнын айшықтап үлгерді деуге толық негіз бар.

Турнир ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен өтіп жатыр. Ал бұл идеяны қолдаған және нақты жүзеге асыруға мұрындық болған Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл жоба елімізде зияткерлік спортқа деген қызығушылықты арттырып, жас буын арасында шахматтың қолжетімді әрі тартымды болуына жол ашып отыр.

Senat Open — бұл жай ғана шахмат жарысы емес. Бұл – ел ішіндегі дарынды ойыншыларды қолдайтын, ойлау мәдениетін дамытатын, мыңдаған адамды біріктірген ұлттық интеллектуалдық платформа. Әсіресе, бұл турнирдің рухани астана саналатын Түркістан қаласында өтіп жатқаны – еліміздегі шахматты дамыту ісіне берілген жоғары бағаның бір көрінісі. Шахмат – логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды құрал. Осы тұрғыдан алғанда, шахмат додасының киелі Түркістанда өтуі — кездейсоқ емес, заңдылық.

Жерлестерімізге сәттілік тілей отырып, бұл жартылай финалдан түлеп ұшқан жас шахматшылар ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдіреміз. Түркістан тағы да бір мәрте таланттардың тұғырына айналды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы