ОТЫРАР ЕЛIНIҢ МАҚТАНЫШЫ

1  252 көрілім

Наурыздың туылыппын он үшiнде,

Жолым болмай жүргенi сол үшiн бе, – деп жырлаған асау да адуын, қайсар да құдiреттi, отты да жалынды, арқалы ақын Қаныбек Сарыбаев көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар едi.

Шындықты шiмiрiкпей айта бiлу ақынның қапысыз қолтаңбасын танытатын ерекшелiгi.  Өзiнiң ақындық талантының арқасында бойындағы адамгершiлiк қасиетiн ту етiп, халқымен бiрге жасайтын өлмес туындыларымен Қаныбек Сарыбаев қазақ поэзиясының биiкке көтерiлуiне мол үлес қосты. Ол қоғам өмiрiндегi «кедiр-бұдырларды» бiз байқай бермейтiн күнделiктi тiршiлiкте кездесетiн келеңсiздiктердi алаңдамай ашып айта бiлген ақиқатшыл сөз шеберi бола бiлдi.

Қаныбек Сарыбаев қазақ әдебиетiнiң алтын қорына өзiнiң өмiршең шығармаларын қосты. Өзi өлсе де артына өлмейтұғын iз қалдырған шығармалары қазiргi таңда да оқырмандардың жандарына жақын. Олар ақынның өлеңдерiн ауыздарынан тастамай, күнделiктi өмiрде қолданады. Қаныбек ақын Отырар ауданы мен Түркiстан халқы үшiн «аңыз адамға» айналған. Халық арасында Қаныбектiң тауып айтқан, қауып айтқан сөздерi көп қолданылады. Бұл ақынның шын мәнiнде өз халқымен етене жақын бола алғандығын көрсетедi.

Қаныбек ақынды Төлеген Айбергенов ақын да тыңдаған екен. Шын қолдап, қол соғыпты. Мұхтар Шаханов «Қанекем» десе, онда бiздiң де Қаныбек өлеңдерiне берген бағаның лайықты болғандығы да. Оңтүстiкке мәшһүр жазушы Әдiһам Шiлтерханов: «Ұрпақ жуасып, жасып, майдаланып бара жатса, оны ең алдымен байқап, жiгерiн жанып, ерлiк пен өрлiкке, ынтымақ пен елдiкке шақыратын ақын Қаныбек сондай дауылпаз, арқалы ақындардың бiрi. Оның жырларында ұлтымызға тән ой құлдығынан азат, еркiндiктiң лебi есiп тұрады» – дейдi.

«Жер емес, аспанмын,

Көбiңнен асқанмын», – деген Қаныбек ағаның әттең, кемелiне келiп, жастарға ақылшы болар шағында дүниеден озғаны өкiнiштi-ақ.

Жанар АЙТЖАН,

Маяқұм ауылдық кiтапхана меңгерушiсi.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы