ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ

1  270 көрілім

Айтыскер ақын, термешi, сазгер Жәкен Омаров жақында Түркiстан қаласында болып, “Адамның хикмет кеудесi” атты шығармашылық кешiн өткiздi. Жәкен Омаров сахна төрiне шығып өзiнiң жеке шығармашылық кешiн ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың 80 жылдығына арнап, киелi Түркiстаннан бастап отырғанын айтып, ұстазы туралы естелiктер айтты.

– Көзi тiрiсiнде Бекарысты оң жағына, менi сол жағына алып, екеумiздi небiр додаларға қатыстырып қанатымызды қатайтты. Құдайға мың қайтара шүкiр, Қанекеңнiң батасының арқасы шығар елдiң аузында жүрiп жатырмыз. Маржан Есжанова, Айгүл Асанова сынды ақын қыздарды тәрбиеледi. Рухани әкемiздiң “Берген емес, маған атақ бермейдi” атты жақсы өлеңi бар, көзiнiң тiрiсiнде айтсақ риза болып қалушы едi. “Атақ бермесе бермесiн. Бауыржаннан әулие емеспiн, Қасым Қайсеновтен әулие емеспiн. Бiрақ мен қазақтың аспанында ақын болып қаламын” дейтiн. Қанекең қазақтың қайсар ақындары Мұқағали, Төлегенмен дос болған,-деп ұстазын бiр сәт еске алып, өлеңдерiн нақышына келтiре орындады.

“Бiр көшеге сыймас, бәлкiм, сол күнi,

Менi жоқтап келген жұрттың толқыны.

Мен туралы сөйлеушiлер табылар,

Ауыздарын алтын тiске толтырып.

Дәл осылай болар, бәлкiм, болмас та,

Келушiлер бiр автобус толмас та.

Өлген соң да өкiнбейдi Қанекең,

Тiрлiгiнде қайрылмаған жолдасқа.

Берген емес, маған атақ бермейдi,

Күндейдi ғой жүндейдi ғой мендейдi.

Ертең менiң атымдағы сыйлыққа,

Таласарын түсiнгiсi келмейдi.

Өлеңiмнiң өлмейтiнi хақында,

Қам жемесiн жақыным да жатым да.

Қазақтағы сыйлықтардың көбiсi,

Сыйлық алмай кеткендердiң атында.

Ол жайында емес қазiр айтарым,

Менi жоқтап күңiренбе, байтағым:

Қайғылы ақын Қаныбек боп аттанып,

Әйгiлi ақын Қаныбек боп қайтамын!”.

Иә, осыөлеңдi терменақышыменорындағандатебiренбегенадамболмағаншығар-ау, сiрә. Ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдерiнiң құдыретiн шәкiртi жүрекпен жеткiздi. Жәкен Қазыбекұлы кеш барысында Майлықожаның термелерiн де тебiрене шырқады. Кеш соңында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң вице-президентi Бақытжан Мұхамеджанов игi тiлегiн айтып, Жәкен Омаровтың кеудесiне Қ.А.Ясауи атындағы төсбелгiнi тағып, құрмет көрсеттi. Сондай-ақ Майлықожа ақынның ұрпақтары термешi, сазгер, ақынның иығына қазақы зерделi шапан жауып, жылы лебiздерiн жеткiздi.

P.S.: Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң мәдениет сарайында өткен шығармашылық кешке халық көп жиналды деп айта алмаймыз. Кештi ұйымдастырушылардың айтуынша барынша тиiстi жерлерге айтылды деп, халықтың аз келгенiне ренiш бiлдiргендерiмен, өз басымыз Жәкен Омаровтың жеке шығармашылық кешi өтетiндiгi туралы хабарлама қағаздарды тек сол кеш өтетiн мәдениет сарайынан ғана көргенiмiздi жасыра алмаймыз. Сонау Алматыдан ат арылтып, ұстазына арнайы шығармашылық кеш өткiзгелi жатқанын дүйiм жұрттың естiмей қалғаны бiздi де қынжылтты. Жәкен Омаров пен жұбайы Айгүл Асановаға барша жырсүйер қауым атынан үлкен алғысымызды айтамыз. “Ұстазы мықтының ұстамы мықты” деген қазақ нақыл сөзiнiң биiк тұғырынан көрiнiп, адамгершiлiк, iзгiлiк қасиеттердi басты ұстаным еткендерiңе ризамыз.

Ләззат САРЫБАЕВА,

“Түркiстан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы