Отырарлық түлектер саябақ тарту етті

372 көрілім

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана сөзді ұран еткен түлектер туған ауылына игі іс жасады. Араға жылдар салып, туған өлкеге тағзым жасаудың жарқын үлгісін Түркістан облысы, Отырар ауданы, С. Әшіров атындағы жалпы орта мектептің 2005 жылғы түлектері көрсетті. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, 1988 жылы туған ұл-қыздар туған ауылдары – Қоғамға «Түлектер саябағын» тарту етті.

Бұл саябақ – жай ғана көгалдандырылған аумақ емес, ол жүректен шыққан жанашырлықтың, туған жерге деген перзенттік махаббаттың, кейінгі ұрпаққа қалдырылған рухани мұраның жарқын белгісі. Түлектер туған ауылына көлеңкесі мен саясы қатар үйлескен көрікті саябақ салып, табиғатқа жанашырлықтың нақты үлгісін көрсетті.

Саябақ аумағына түрлі ағаштар отырғызылып, демалыс орындары жасақталды. Бұл – ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары үшін тынығатын жаңа кеңістік ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа тағылымы мол өнеге.

Түлектердің бұл игі ісі – туған елдің өсіп-өркендеуіне қосылған үлес, ауыл өміріне жан бітіру, туған топырақты түлетуге бағытталған азаматтық қадам. Мұндай жобалар арқылы ауылдарымыз көркейіп, өскелең ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз.

Әрбір игі істің ұйытқысы болады. Саябақ салу ісінің бастамашысы, негізгі ойын ортаға салған сыныптасымыз Ерденов Жаңабайға, сондай-ақ істің басы-қасында болып, соңына дейін аянбай еңбек еткен Ысқақов Қанат, Сүлейменов Қанат, Қиқымбаев Шоқан, Байболов Ерман бастаған сыныптастарымыздың әрқайсысына алғысымыз шексіз. Жігіттердің еңбегі – өлшеусіз!

Ауылымыздың әр бұрышы гүлдене берсін! Саябақтағы әр тал мәуелі болып, мың алғысқа татырлық сауапты іс жалғасын тапсын!

Әбдібекқызы Бағила
2005 жылғы түлек
Отырар ауданы, Қоғам ауылы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы