Кеше «Ұлы Дала Елі» орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі арнайы аталып өтті. Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев бастап сала қызметкерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, арнайы құттықтау хаттарын табыстады. Мәдениет саласының ардагерлерінен бастап, еңбек жолында жүрген бүгінгі толқынның басым көпшілігі қала билігінің арнайы алғыс хаттарына ие болды.
Осындай құрметке ие болған өнерпаздар шарада жиналған қауымға жазушы, драматург, ақын Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» спектаклі мен концерттік бағдарламасын ұсынды. Спектакльден соң жағымсыз келіннің рөлін сомдаған актрисаға қарап, шеке тырыса бастағанда мың бұралған бишілер мен әннен шашу шашқан өнер майталмандары залдағы көрерменнің көңіліне көктем сыйлап, еріксіз баурап алды.
Бұл күндері елдің өсіп-өркендеуі көбінде әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштермен өлшенетін болды. Жасыратыны жоқ көбінде билік өкілдерінің ел алдындағы есебінен аталған салалардағы сандардан соң аяғына қарай мәдениет саласы, ішкі саясат секілді идеологиялық салалардың өзі жеңіл-желпі сандармен аталып өте шығады. Шын мәнінде мәдениет, өнер дегеніміз жыл көлеміндегі ұйымдастырылған концерттердің немесе оған қатысқан адамдардың санымен тіпті осы салада салынып жатқан мәдениет үйі секілді құрылыстармен өлшенбейтінін түбі түсінетін шығармыз деп ойлаймын. Әрине, өнерпаздарға жайлы орын керек, қазіргі заманға сай сахна және одан бөлек керек дейтін дүниелер көп қажет. Бірақ та біздің түркістандық өнер майталмандары күй таңдамай-ақ халықты руханиятпен сусындатып жүргенін көз көріп жүр. Айтайын дегенім қалалық мәдениет үйінің басшысы Лиза Төлегенқызы бастаған қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері сахнаның сыртында яғни тасада жүріп таудай тірлік бітіруде. Ол кісі жөнінде газетіміздің осы санында арнайы мақала жариялап отырмыз.
Түркістанның түлеуі мен түрленуі жолында мәдениет саласы өкілдерінің қосып келе жатқан үлесі мол. Осы ретте біз де осынау мерекеде «Түркістан» газеті ұжымының атынан Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев бастаған мәдениет саласының өкілдерін шын жүректен құттықтаймыз. Бұл мереке – ұлттың ұлы құндылығы – рухани байлығын дәріптеп, мәдениеттің өркен жаюына елеулі үлес қосып жүрген барша жанашыр жандардың еңбегіне берілген лайықты құрметтің көрінісі деп білеміз. Ендеше 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні құтты болсын!
М.ӘЛМАХАН.