«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» ӘЛЕУМЕТТІК АКЦИЯСЫ ӨТТІ

246 көрілім

Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің  тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймақтарында бір мезгілде «Халық заңгері» республикалық  әлеуметтік акциясы өтуде. Бұл акцияға сәйкес халық үздік заңгерлерден, мемлекеттік органдар қызметкерлерінен әлеуметтік мәселелер бойынша тегін заңгерлік көмек алады. Қазақстан Республикасы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ҚР Әділет Министрлігінің мамандары, мемлекеттік билік орындарының өкілдері  мен үздік заңгерлер, адвокаттардың қатысуымен өтіп жатқан әлеуметтік акцияның қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеді. Тиімділігін заман талабы дәлелдеп отырған бұл акцияның мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету, тұрғындардың  өз бетімен шешімін таба алмаған мәселелеріне заң кеңесін беру. Осындай маңызды іс-шара Түркістан облысының әділет департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өткізіліп отыр. Үшінші жыл қатарынан жалғасып, дәстүрге айналған іс-шара  бүгін «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өтуде.

Тұрғындар өздерін толғандырған  мәселелер бойынша тиісті мамандар көмегіне жүгінді.  Пайдалы заңгерлік кеңестер алды. «Халық заңгері» акциясына облысымызда екі мыңға жақын тұрғын қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға тұшымды, қанағаттанарлық жауап алған. Ал, қолма-қол шешілмеген мәселелер назарға алынып,  мемлекеттік билік, ресми  орындар тарапынан  сауал иесіне кейіннен жауаптар берілген.

– Мақсат – халыққа тегін заңгерлік көмек беру. Бұл жыл сайын болып  жатқан іс-шара. Әр мемлекеттік органның қызметкері халыққа әкімдік тарапынан хабарландырылған. Әлеуметтік желіге қойылған. Кіреберіске баннерлер қойылған. Қазір осы сәтте бүкіл облыс аумағында болып жатыр. Биыл ҚР Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен өтуде. Былтырғы жылы  ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған.- дейді Түркістан облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Мұхит Бекетұлы Тұрғараев.

Айта кетейік, көптеген тұрғындардың акция басталған бірер сағат ішінде  жол, мектеп, аурухана ,  атаулы әлеуметтік көмек, тұрғынүйге, жерге қатысты заңгерлік сауаттылықты қажет ететін  күн тәртібіндегі  өзекті мәселелерге жауап алғандығын айтып өтті. Әлеуметтік акция барысында Түркістан қаласындағы Баянауыл мөлтекауданының тұрғыны Батырова Диляра Әбдірайымқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мен тұрғындар атынан келіп тұрмын. Бізде  жаңа мектеп салынды. Енді аурухана, поликлиника жағы қиын болып тұр. Сол мәселе бойынша кімге жолықсам деген мақсатпен келдім, – дейді ол. Сонымен қатар, іс-шара барысында ерікті  заңгерлер Бақытжан Бейсембаев, Батырхан Сансызбаев, Жүсіпәлі Досыбеков, Бауыржан Исаев және Мырзабек Сәрсенғали секілді бірнеше азаматтарға әлеуметтік акцияға белсене қатысқаны үшін Түркістан облыстық әділет департаментінің алғыс хаттары табысталды.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы