ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУДАҒЫ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

291 көрілім

Бүгін «Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты семинар өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының қоғамдағы рөлі қандай? Оның әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдерін қайткенде іс жүзіне асырамыз? Жалпы, ҚР Конституциясымен және «жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңмен бекітілген бұл жүйе қалай жүзеге асырылады және оның маңызы неде? Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдениет сарайында осы тақырыпта өткен семинарға облыс, қала, аудан мәслихаттарының депутаттары, жергілікті ауыл әкімдері, қала, аудан мәслихаттарының аппарат басшылары,  облысымыздың ішкі саясат, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, қоғамдық ұйымдар басшылары мен мүшелері, тағы басқа жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты сала қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жергілікті өзін-өзі басқару дегеніміз – бұл тұрғындардың өз елдімекендеріндегі өзекті мәселелерді өздері шешуге тікелей қатысуы. Оның аясында тұрғындар әкімнің жұмысын бағалай алады. Жергілікті бюджеттің жобасын талқылай алады. Инфрақұрылымдық жобаларды ұсынуға құқылы. Қоғамдық кеңестер мен жиналыстар арқылы пікір білдіре алады. Ал, енді бұл жүйенің маңыздылығы – халықтың нақты мәселелеріне назар аударылады. Мемлекеттік қаржы тиімді жұмсалады. Тұрғындар өз болашағына әсер ете алады. Әкімшілік пен халық арасындағы сенім нығаяды.

Айта кетейік, ауқымды іс-шараны Түркістан облыстық мәслихаты ұйымдастырып, өткізуде.  Семинар «Облыстық мәслихат –  халық таңдаған халықтық орган» бейнеролигін көрсетуден басталды. Іс-шараға «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай модераторлық етіп, семинар спикерлермен таныстырды. Түркістан облысында  бүгінгі таңда халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған 338 депутат бар.  Семинар барысында Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішев кіріспе сөз сөйледі.

Тарихи, мемлекеттік мәнге ие жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты    Алишер Сатвалдиев  «Парламент пен жергілікті өкілді органдардың іс- қимылы: тиімді тетіктер мен институтционалдық үндестік» туралы,  ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының  мүшесі Шолпан Айтенова «Барлық деңгейдегі  мәслихат  депутаттарының жергілікті бюджеттерді басқаруындағы рөлі: Жаңа бюджет Кодексінің нормалары» туралы, сөз сөйлеу өнерінің сарапшы маманы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова «Сөз өнері. Халық алдында еркін сөйлеу:  шешен депутат болып қалыптасудың 5 құпиясы» туралы,  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Сакен Мажинбеков «Жергілікті өзін-өзі басқарудағы мәслихаттар рөлі» тақырыбында  баяндама жасады. Семинарға қатысушылар  бүгінгі іс-шарадан жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты маңызды ой түйіп, келелі кеңестер алды.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы