Биыл бүкіл ел болып, тарих бетінде алтын әріппен жазылған айтулы оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл. 1945 жылдың 9 мамыры – фашизмге қарсы шайқаста жеңіске жеткен күн. Бұл күн – халқымыздың қаһармандығының, батыр бабаларымыздың төккен қаны мен терінің өтеуі болған, бүгінгі бейбіт өмірдің бастауы болған ұлы күн.
Ұлы Отан соғысы – ХХ ғасырдағы ең алапат зұлмат. Бұл соғысқа Қазақ жерінен 1,2 миллионнан астам ұл-қыз аттанып, олардың жартысынан астамы майдан даласынан оралмады. Түркістан өңірінен де мыңдаған азамат майданға аттанды. Олар Мәскеу түбінде, Ленинград қорғанында, Сталинград шайқасында, Берлин қабырғасында ерлік көрсетті. Олардың есімдері бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталуға тиіс.
Сол кезеңде тылда қалған елдің де еңбегі өлшеусіз. Әйелдер мен балалар, қарттар мен мүгедектер күндіз-түні еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникалық құралдармен қамтамасыз етті. Түркістандық аналар егіс даласында маңдай терімен елге тірек болды. Осылайша бүкіл халық жұмылып, Жеңіс туын желбіретті.
Бүгінгі ұрпақ – сол ерлік рухының мұрагері. Бұл – тарихи жадыны жаңғыртып, Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі үшін қызмет ететін ұлтжанды жастарды тәрбиелеудің маңызды тетігі.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек мерекелік күн емес, ол – тарихты еске алу, тағзым ету, баба рухына бас ию күні. Біз бүгінгі бейбіт таңымыз үшін өмірін қиған батырлар алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, ұрпақ санасында мәңгі сақталады.
Ұлы Жеңіс – тарихтың мәңгілік шежіресі, ал сол Жеңісті жақындатқан ерлер – біздің мақтанышымыз.
Гулнора МАТИШЕВА,
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының, Ақпараттық – библиографиялық бөлімінің кітапханашысы.