Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының Қабыржапқышы – тарихи құнды мұра

335 көрілім

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аймағы мен оның қорында, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сонау ортағасырлардан, Әмір Темір дәуірінен сақталған бірнеше тарихи құнды да бірегей мұраларымыз бар. Олар: біріншіден,

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғимаратының өзі – қыш пен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған Орта Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ алып кесене және онда сақталған, төмендегі тарихи мұралар:

Тайқазан – жеті түрлі сирек кездесетін және асыл және құнды  метал қоспаларынан құйғызылған ортағасырлық заттай мұра,

–  Шырағдандар – 6 дана, алтынмен апталып, күміспен күптелген,

Есіктер – (Қақпа және Қабырхана есіктері) мықты сақталатын ағаштан үш қабатты етіп асқан шеберлікпен оймышталып жасалған да, алтын, күміс металдар мен піл сүйегі  қымбат та, сирек кездесетін қызыл ағаштармен инкрустацияланған. Сонымен қатар   қоладан құйылып, зооморфты бейнелер салынып олардың беттері өсімдік тектес өрнектерін алтын, күміспен  әшекейлеу арқылы жасалған халькаларымен (балғашалары)

Құлпытас – сирек кездесетін нефрит не серпентинит тасынан жасалып Әулиенің қабіріне қойылған  белгі (ескерткіш) тас,

Қабыржапқыш – (Қабірпуш) осы құлпытас бетіне қолдан иірілген жіптен тоқылған бархыт тектес мата бетіне қайталанбас қол өнер туындысы зер кестемен өрнектелген  керемет қол өнер туындысы.

            Қабыржапқыш музей-қорық қорындағы бас кіріс кітабында ӘСММ КК № 64 (көне инвентарлы № ТК 655 ҚР ОММ) нөмірімен 1978ж. мемлекеттік тіркеуге алынған. Оны, кесенені музейлендіру жұмысы барысында сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, ұлт жанашыры, абзал ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков ОММ (Орталық Мемлекеттік Музей) қорынан есептен шығаруға дайындап қойған жерінен алып келіп,  музей қорына өткізген. «Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының Қабыржапқышы» деп көрсетілген өте құнды  бұл мұраның ОММ қорына қалай, қашан және қандай жағдайда барғандығы туралы деректерді, сол кездегі музей-қорықтың бас қор сақтаушысы арнайы ғылыми  іс-сапармен Орталық музей қорына барып анықтаған болатын. Қабыржапқыш  ОММ қорына 1926ж. 25 рубльге сатылып алынғаны туралы деректер музейдің 1920-26жж. бас инвентарлы кітабына тіркелген екен, өкінішке орай сатушының аты-жөні көрсетілмепті.[1]

        Қабыржапқыш туралы ХVI-ХІХғғ. патшалық Ресей мен басқа да шет елдік зерттеушілер, саяхатшылар, саудагер-көпестер мен әр түрлі ғалым-мамандардың естеліктері де кездеседі. Атап айтқанда: П.И.Пашиноның 1866гжылғы «Туркестанский край в 1866гаттты кітабында «Во второй комнате посредине возвышается огромный катафаль, формой похожий на насыпи, делаемыми киргизами на своих могилах. Катафаль сделан из красно-жёлтого мрамора с зелёными разводами, привезённого из Самарканда. На катафале, покрытом множеством кусков парчи и другой материи, со времени основания мечети и в позднейшие время, нет никакой надписи. Покрывало поднималось, и осмотр произведён со всех сторон.- деп жазада. [2] Ал, 1930ж. Ташкенде басылып шыққан М.Е. Массонның. «Мавзолдей Ходжа Ахмеда Ясави»  кітабында: «С легким лязгом волочащейся петли открываются затем двери, и в глубине комнаты на приподнятом полу перед глазами богомольцев появляется высокое надгробие святого, до полу закутанное специальными одея ниями (кабрпуш). Стоящим в полутемном казанлыке и смотрящим с некоторого расстояния в усыпальницу сквозь. открытую дверь кажетсд, что на могилу нисходит как бы горний свет…» деп суреттейді.[3] Көбінесе жапқыштың керемет зер кестелі ою-өрнектері, ондағы алтын түстес араб жазбаларының бар екендігі  және ол құлыптасты толық жауып тұрғандығы туралы жазбалар кездеседі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алып келген кездегі Қабыржапқыштың сақтығы өте нашар болатын, үлбіреп шіріп кетуге жақын қалғаны соншалықты ол бірнеше бөлікке бөлініп кеткен. Оларды сол кездегі  1977-78жж. (әлі музей ашыла қоймаған, тек ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан кездегі) музейдің алғашқы қызметкерлері Қымбат Сартбаева мен Бибажар Зиябекова деген екі кісі, қолдарына түскен әр түрлі мата бетіне  құрастырып, жабыстырып жамаған. 1982-85жж. Түркістан қаласындағы арнайы ғылыми қайта қалпына келтіру шеберханасының басшысы Баян Тұматайзы Тұяқбаева Қабыржапқышты Мәскеу қаласына алып барып қайта қалпына келтіру мәселесімен айналысқан, дегенмен бұл іс өз нәтижесін бермей, біршама уақыттан кейін ол музейге қайтарылған болатын.

Осындай құнды мұраның өзін қайта қалпына келтіру мүмкін болмағанымен оның көшірмесін жасату әрекетін тұңғыш рет қолға алған (2011ж.) музей директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков болды. Бұл жұмысты орындауға Алматы қаласындағы «Зерлеу» орталығының белгілі зер кестеші-маманы Айжан Абдубаитова тартылды. Жұмыс басталмай тұрып Қабыржапқыштың ғылыми сипаттамалары арнай мамандарға (Өзбекстандық өнертанушы ғалым-профессор Эльвира Гюль мен Украиналық  текстиль бойынша археолог-ғалым Татьяна Крупаға) жасатылып олардың қорытынды пікірлері жинақталды.[4] Ғалымдардың арнайы зертханалық сараптау жұмыстарының қорытындысы бойынша Қабыржапқыш ХIV-XV ғасырларға тән керемет қол өнер туындысы екендігі және оның бетіндегі зер кесте осы күнге дейін еш жерде кездеспейтіндігі туралы жазылған. Шындығында кешегі 1980-ші жылдары Ресейдің атышулы реставратор мамандарының оны қалпына келтіруге мүмкіндіктері болмай және батылдары бара қоймағандығын ескерсек, мұның қайталанбас қол өнер туындысы екендігіне шек келтіруге болмас.

 Қабыржапқыш бетіндегі  өсімдік тектес өрнектер өте сапалы екі түстегі (күлгін-қызғыш және аспан көк) таза жібек матадан ойып жапсыру, ширатып жапсыру техникалары арқылы орындалған. Сонымен қатар, оның бетіне тарыдай көлемдегі таза иленген теріден аппликациялар түсірілген де, олардың жиектеріне алтын және күміс жіптермен зер кестелер тігілген. Кезінде, алакөлеңкелеу болып тұратын Қабырхана бөлмесіндегі  құлыптас бетіндегі Қабыржапқышқа аздап  жарық сәуле түскен кезде, тарыдай тері бетіндегі зер кестелер, аспандағы жұлдыздардай болып жарқырап тұрған болса керек. Ал, ширатылған жібектен жапқыш бетінің екі жағына бірдей көлемде араб жазбасы түсірілген, олардың сақталған бөлігін оқып жазбаны толық қалпына келтіру жұмысымен музейдің тарихшы – дінтанушы мамандары Сайпулла Моллақанағатұлы мен Ұлықбек Жүнісбаев деген мамандар айналысты.[5] Осындай өте нәзік өрнекті  тігуге қаншалықты жіңішке ине мен қандай шеберлік қажет болғандығына ой жеткізе алмайсыз. Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе, ол, жоғарыда айтқанымыздай, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз  1977-78жж. ОММ-қорынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірнеше заттай мұраларын есептен шығарылуға дайындалған жерінен алып музей-қорық қорына тапсырғандығын білеміз. Сол затардың бірі – Сыр өңіріне тән «Қоңырат түкті кілемі». XVIIІ ғасырда тоқылған осы кілемге кезінде шеберлер 18 түрлі бояуды пайдаланған екен, ал, 1978ж. кілемнің түпнұсқасына қарап, арнайы тапсырыспен Алматы кілем фабрикасы көшірмесін жасаған кезде,  бояудың тек 5 түрін ғана шығара алғандығын Өзаға кезінде өз зерттеулерінде жазып қалдырған болатын. [6]

Қолға алынған осы бір керемет Қабыржапқыштың көшірмесін жасау жұмысы, өкінішке орай, жұмыстың күрделілігіне және қаржы мәселесіне келгенде кейбір кертартпа, пысықайлардың араласуына  байланысты басталған игі жұмыс аяқталмай қалды. Дегенмен түпнұсқа жәдігердің ою-өрнектерінің ерекшеліктері айқындалып, олар бір ізге келтіріліп, сызбасы түсіліліп алынды және өлшеміне сай жаңа тұтас матаға  сақталған  бөліктері өз ретімен жапсырылып қайта тігілді. Қазіргі кезде бұл түпнұсқа жәдігерге барлық сақтық шаралары қарастырылған арнайы витрина дайындалып музей-қорықтың жанынан ашылған «Сирек жәдігерлер залы» көрмесі экспозициясына шығарылады деп күтілуде.

Соңғы жылдары осы Қабыржапқышты қалпына келтіру және оның көшірмесін жасату жұмыстары туралы мәселелер Үкімет деңгейінде жиі көтеріліп жүр. Жапқыштың материалы, кестелеу өнері мен техникасы, жасалу мерзімі мен т.б. деректері алдағы уақытта әлі де зерттеле бермек, дегенмен оның  түпнұсқаға ең жақын көшірмесін жасату өте қажет себебі, мұндай керемет қол өнер туындылар халқымыздың тарихы, заттай мәдени мұрасы болып есептеледі, сондықтан оны музей экспозицияларына, тақырыптық көрмелерге шығару арқылы халықтың назарына ұсыну, насихаттау музей қызметкерлерінің  негізгі міндеті деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ёлгин Ю.А Исследованиия мавзолея Ходжа Ахмеда Ясави. Вторая половина XIX в. − середина 1950-х годов (Очерки и материалы) Алматы, 2013

2. Пашино П.И.1866г. «Туркестанский край в 1866г.» С. 89-90

3. Массон М.Е. Мавзолдей Ходжа Ахмеда Ясави Ташкент 1930г. стр. 20-21

4. Жәнібеков Ө. Тағдыр тағылымы, Алматы 1997ж.

5. Гюль Э., Крупа Т. Қабыржапқыш бойынша зерттеулердің қорытынды есептері. Музей-қорық қоры, қор сақтау бөлімі.2012ж.

6.  Моллақанағатұлы С., Жүнісбаев Ұ. Қолжазба жұмыстар 2012ж.

7. Тұяқбаева Б.Т. Эпиграфический декор архитектурного комплекса Ахмеда Ясави. Алматы,1989

8. Жүзбаева Р.С. Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының Қабіржапқышы. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері. ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы, Түркістан, 2010.  210 б.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени

музей-қорығының көрме ұйымдастыру

маманы Р. С. Жүзбаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы