ЕРЛЕР ЖЕРДІҢ ҚОРҒАНЫ, ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

356 көрілім

Ер – азаматтар ежелден-ақ  жердің қорғаны, елдің тұтқасы саналған. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін, ұшқан құстың қанаты талатын, шетсіз де шексіз  кең байтақ қазақ жерін қорғап, бүгінгі ұрпаққа мұраға қалдырған да – жаужүрек батыр бабаларымыз. Ел тұтқасы азаматтар. Кітапхана саласында қызмет еткендіктен де «Фараб»  әмбебап- ғылыми кітапханасындағы мазмұны бай кітаптарды парақтаған сайын тарих тереңінен бой көтеріп, тік қараған Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр бабаларымыздың,қос бөрідей иықтасқан  Исатай  Таймасов пен Махамбет Өтемісовтің, азаттық жолында аянбаған Аманкелді Иманов сынды тау тұлғалардың келешекке үміт артқан келісті келбетін көреміз. Тарих қатпарының әр кезеңінің өз батыры бар.  Алысқа бармай- ақ,  кешегі күні ғана 80-жылдығы аталып өткен Ұлы Отан соғысында  «етігімен су кешіп», елі үшін жанын пида еткен ерлерді ұмыту мүмкін бе?

Қаншама тағдырға жүректен кетпес таңба салған 1941-1945- жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста тек Түркістан өңірінен ғана Құрбанбай Ырысбеков, Абдулла Үсенов, Файзулла Юлдашев, Расул Есетовтей төрт бірдей Кеңес Одағының Батыры шықты. Кеудесін оқ пен отқа төсеген мыңдаған жауынгер майдан даласынан оралмады. Өздері аштықтан бұралып тұрса да «Бәрі де майдан үшін!», «Бәрі де Жеңіс үшін!» – деген ұранмен жанкешті еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің қандай қиындықты бастан кешкенін тарихтан білеміз. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми  кітапханасындағы рухани мұра – кітаптар тарих жылнамасынан осылай сыр шертеді. Біздің жұмысымыздың ауқымды бір тармағы ретінде  ҚР Мәдениет қайраткері Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова басқарып отырған кітапханамызда тәрбиесі де, тағылымы да мол іс-шаралар жүйелі өткізіліп тұрады. Әрбір бөлім өз саласы, тақырыбы бойынша мәдени-көпшілік, танымдық-тағылымдық бағытта жұмыс жасайды.  Таяуда ғана, Ұлы Жеңістің 80-жылдығына орай кітапхана ұжымы Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облыстық МККБ ММ 2-полиция батальоны, ҚР Ұлттық Ұланының 5574 әскери бөлімі және «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қатысуымен «Ұлы Жеңіс – Ұлт рухы» атты патриоттық іс-шара өткізді. «Жеңіс шежіресі – ұлттың рухы», «Жеңіс хаттары»  деген тақырыптағы көрмені аралаған көпшілік алапат соғыс туралы деректі  мәліметтер алып, тебіреністі күй кешті. Майдан өмірінен қойылған қойылымдар да  қиын- қыстау кезеңді тағы бір еске түсірді. Бұл іс- шараға  Отанды қорғайтын ұландардың, әскери сарбаздардың қатысуы оның мән- маңызын арттыра түсті. Жауынгерлік рухты оятқан керемет іс-шара болды. Сондықтан да, кітапхана ұжымы арнайы айтулы даталы күндерде ғана емес, күнделікті өмірде де ерлердің жердің қорғаны, елдің тұтқасы екендігін естен шығармай, келешек ұрпақ бойында Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолында еңбек етуді мақсат етіп отыр. Киелі шаңырақ – кітапхана әрқашан да ұлттық рухтың шырақшысы болып қала бермек.

Ақнұр Ерімбетова,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы

оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы