- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сәуірдің соңғы күндері мен мамыражай мамыр айы киелі шаһарымызға қуанышқа толы күндер болды. Соның бірі, Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» аумағында орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты «Заманауи» кітапхана оқырмандарға есігін айқара ашты.
Кітапхана таныстырылымына арналған салтанат «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында таңдалған ақын, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мәрия Мерешеваның шығармашылығына арналған «Түркістан! Мен өзіңді жырлай берем..» атты әдеби-сазды поэзия кешімен ашылды. «Атансам Түркістанның Фаризасы, Халқымның маған берген сыйы шығар!» – деп ақынның өзі жырлағандай, тек өршіл өлеңдерімен ғана емес, шыншыл мінезімен де «Түркістанның Фаризасы» атанған Ақ Жайықтың аруы өмірден өткенше киелі Түркістанды жырлап өтті. Жарыққа шыққан бес кітабы да хандар мен батырлардың мәңгілік мекені, түркі әлемінің тұмары, тоғыз жолдың торабы, ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһардың тарихын, өткені мен бүгінін жырлауға арналды. «Түлеген, түрленген Түркістан», «Түркістаным- тұмарым», «Түркістаным – гүл бағым» – деген кітап атаулары ақын жүректің бойтұмары секілді. Тақырыпқа адалдық! Желекті келін боп түскен өлкеге адалдық! Қала берді қасиетті қаламға адалдық! 78-жыл ғұмырының саналы кезеңін өткізген Түркістан халқына адалдық! Поэзия кешіне қатысқан әрбір адамның жылы лебіздері жүректен шыққан осындай сөздермен астасып жатты. Сөз өнерінде өзіндік үні мен стилі бар, туындылары терең ой мен сезімге толы, өмірдің шындығы мен адамгершілікті жырлап өткен Мәрия Мерешева! Поэзия кешінің тақырыбы да ақын апамыздың: «Түркістан! Мен өзіңді жырлай берем, Мәртебең биіктейді оған сенем! Руханият ордасында алға басып, Халқымның ортасында мен де келем!» – деген жыр жолдарынан алынса керек. Кеш шымылдығы Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиевтың құттықтау сөзімен ашылып, кеш кейіпкерінің ұлы Бақытжан Нұрділлаұлы мен келіні Алима Рысовтардың, немере келіні Ұлжалғастың, көзкөрген замандастары мен әріптестері, «Құрметті кітапханашы» төсбелгісінің иегері Раушан Сержанованың, сазгер, ұстаз, әнші Қаламқас Өтеуованың, ардагер-журналист Роза Нарымбетованың, журналист Әкімжанның естелік тілектеріне ұласты. Ақынның өмір жолы туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Жыр сүйер қауым ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Сыр сезімнен өлең кестелеген жас ұрпақ Ахмет Әмина, Манас Томирис, Мейрамхан Назым, Жанту Ұлдана, Тұрлыбай Нұршуақ, Сейілхан Аяулым, Мақсұт Нұрберген, тағы басқа да өлеңге құштар талапкерлер мәнерлеп оқудың үлгісін көрсетті.
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлзада Малдыбекова қорытынды сөз сөйлеп, поэзия кешінің тағылымдық мәніне тоқталды. Кешке белсене қатысқан оқушыларға «Алғыс хаттар» мен ақын Мәрия Мерешеваның отбасы сыйға тартқан ақын кітабын табыс етті. Поэзиялық кешті ұтымды ұйымдастыруға кітапхана ұжымы, сондай-ақ кітапхананың бөлім меңгерушісі Жансұлу Жұрқаева мол үлес қосты. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің өнер иелері Құрманғали Мырзахмет, Маханбет Дәурен «Ерке сылқым» күйінен шашу шашса, «Айдана» дуэті «Қазақстаным менің», Досымжан Айдар «Жалғызым қазақ», Жандәулет «Отан» әндерін шырқап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Келушілер поэзиялық кешке қатысып қана қоймай, даңғыл көшенің бойындағы оңтайлы орыннан ашылған «Заманауи» кітапхананың бүгінгі заман талабына сай жабдықталған оқырман залын аралап көріп, рухани орданың жұмысына сәттілік тіледі.
Роза Нарымбетова