Түркістан қаласында «Қуаныш» сауда орталығының 30 жылдық мерейтойы аясында бочча сайысы ұйымдастырылды. Тұңғыш рет ерекше балалар арасында өткен жарысқа 18 қатысушы бақ сынады. «Қуаныш» ЖШС директоры Инара Әбдіғаппарқызы шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдап, оларды белсенді өмір салтына баулу екенін айтады. Өзінің 30 жылдық тарихында халықпен біте қайнасып, әрдайым қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен «Қуаныш» сауда орталығы ендігі кезекте әлеуметтік бағыттағы жобаларға да баса назар аудармақ.

— «Біздің басты мақсатымыз — сауда саласындағы жетістіктерімізді қоғамға қайтару, әсіресе ерекше балаларға қолдау көрсету арқылы олардың өміріне жаңа сенім сыйлау. Бұл біздің жүрек қалауымыз», — дейді «Қуаныш» ЖШС директоры Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызы.

Осылайша, отыз жылдық белесті артқа тастаған «Қуаныш» сауда орталығы қоғамға пайдасын тигізетін ізгі істерді жалғастыра бермек. Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сыйлық, алғыс хаттар мен ақшалай жүлделер табысталды. Балалар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғыстарын білдіріп, осындай шаралардың дәстүрге айналуын тіледі.

Айта кету керек, бочча — тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған Паралимпиадалық спорт түрі. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы енгізілген бұл спорт ойыны дәлдік пен ептілікті талап етеді. Қатысушылар кішігірім допты лақтырып, арнайы ережелерге сай жарысады. Бочча тек спорт қана емес, оңалту мен әлеуметтік бейімделудің де тиімді құралы саналады.

Осылайша, «Қуаныш» сауда орталығының мерейтойы ерекше балалар үшін үлкен мерекеге айналды. Бұл бастама Түркістанда ерекше жандарды қолдаудың жарқын үлгісі болып, алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
