ШЕКСІЗ ӨНЕР – ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР ӘЛЕМІ

301 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған театрландырылған арнайы жоба жүзеге асты. Бұл бастама – инклюзивті қоғам құру жолындағы тың қадамдардың бірі.


Шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен етене араластырып, өз әлеуетін танытуға жол ашу. Осы орайда ұйымдастырылған жобаның ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат депутаттары мен Түркістан облысының мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреқызы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шара барысында ерекше балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұсынылды. Бұл көрме арқылы балалардың шығармашылық дүниетанымының кеңдігі мен өнерге деген қызығушылығы байқалды. Ал жобаның ең әсерлі бөлігі – 40-қа жуық баланың қатысуымен өткен мюзикл жанрындағы театрландырылған финалдық қойылым болды. Балалар сахнада өздерін еркін ұстап, көрермендерге шынайы сезім мен қуаныш сыйлады.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – әрбір қатысушы кәсіби мамандардың жетекшілігімен арнайы дайындықтан өтті. Бұл тәжірибе балалардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, сахналық өнерге деген құштарлығын оятты.

Түркістанның ерекше мәртебесіне сай ұйымдастырылған бұл жоба инклюзия ұғымын тек ұран ретінде емес, нақты іспен жүзеге асырудың жарқын үлгісіне айналды. Алдағы уақытта мұндай игі бастамалар дәстүрге айналып, ерекше балалардың өміріне қуаныш сыйлай бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы