- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласында 2024-2025 оқу жылын 55 252 оқушы аяқтады. Олардың ішінде 3 069 оқушы 11-сыныпты тәмамдаса, 5 739 оқушы бастауыш сыныппен қоштасты.
Оқу жылының соңғы күні қала мектептерінде «Білімім – Отаныма» тақырыбында салтанатты шаралар ұйымдастырылып, түлектерге ерекше көңіл бөлінді. Аталмыш мерекелік іс-шаралардың бірі М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияда өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев арнайы қатысып, ұстаздар мен түлектерді құттықтады.

Бейсенбай Дәулетұлы өз сөзінде мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қолдауларға тоқталып, мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, оқу жылында жоғары нәтижелерге қол жеткізген мектептерді атап, үздік педагогтарды марапаттады.
Салтанатты жиында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы мен білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы да сөз сөйлеп, түлектерге сәт-сапар тілеп, оқу мен спортта жетістіктерге жеткен оқушыларды марапаттады. Ал ата-аналар мен үздік оқушылар ұстаздарына жүрекжарды алғыстарын білдіріп, мектеппен қоштасты.

Айта кету керек, соңғы оқу күнінде барлық мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие сағаты өткізіліп, «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» бағыттары бойынша эссе жазу байқаулары ұйымдастырылды. Биыл 11-сынып бітірушілерінің арасынан 183 оқушы «Алтын белгіге», 244 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанған.
«Түркістан-ақпарат»