ТҮРКІСТАНДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

273 көрілім

Бүгін киелі шаһардағы Төле би атындағы №19 жалпы орта мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтті. Айтулы іс-шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалаға белгілі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, мектеп ұстаздары, оқушылар және ата-аналар қатысты.

Жиында сөз алған шаһар басшысы түлектерді өмірлеріндегі жаңа белеспен құттықтап, ұстаздарға алғысын білдірді. Айтуынша, биыл Түркістан қаласында 55 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соның ішінде 3069 түлек 11-сыныпты тәмамдап жатыр.

– Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар, ардақты түлектер! Бүгін – мектеп бітіруші түлектер үшін аса маңызды, толқынысқа толы ерекше күн. Соңғы қоңырау – балалық шақпен, мектеп қабырғасындағы ең қымбат сәттермен қоштасудың күні. Бұл күн – жаңа өмір жолына бастайтын алғашқы қадам.
Биыл Түркістан қаласындағы 183 түлек – «Алтын белгіге», 250-ден астам түлек – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – сапалы білім мен тәрбие берген ұстаздар мен ата-аналар еңбегінің жемісі. Армандары асқақ, мақсаттары айқын түлектер біліммен қаруланып, отанымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосар азаматтар болсын деп тілеймін. Жарқын болашақтарыңа бастар жол ашық болсын!, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Салтанатты іс-шара соңында мектеп оқушылары ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салса, түлектер ұстаздарына, ата-аналарына жүрекжарды алғыстарын жеткізді.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы