АР ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН АҚЫН

272 көрілім

Жуырда белгілі ақын, публицист, қоғам қайраткері, өлең сөздің сардары Темірхан Медетбек 80 жасында өмірден озды. Бірақ оның өлеңмен өрілген өмірі мен күрескер рухы мәңгілік жасайтыны анық. Осы орайда «Түркістан» газетінің оқырмандарына қазақ поэзиясына дара сүрлеу салған тұлға – Темірхан Медетбек туралы арнайы мақаламызды ұсынып отырмыз. Ақын 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Аманкелді (қазіргі Нұртас) ауылында дүниеге келді. Қарапайым еңбекпен есейіп, туған топырағында колхозшы, аудандық газетте корректор болған оның болашағы қаламмен, қазақ руханиятымен тығыз байланысты боларына ешкім күмән келтірмеген.

Ақынның алғашқы өлеңдері жас кезінен-ақ оқырманды елең еткізді. 1983 жылы жарық көрген «Көгершін қауырсындары» кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығын, ал 2000 жылы «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы Мемлекеттік сыйлықты еншіледі. «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны», ІІІ томдық «Таңдамалы жыр жинағы» секілді оннан астам жыр жинақтарының авторы. «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сын кітаптары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистикалық ой-толғаулар мен эсселер кітабы жарық көрген. Бейбарыс атындағы сыйлықтың иегері. Бұдан бөлек заңғар ақын «Құрмет» ордені және Құрмет грамотасымен марапатталған.

Айтулы ақын поэзиядан бөлек, қоғам өміріне де белсене араласты. Ол баспасөз бен телеақпарат саласында жетекші қызметтер атқарып, «Ақиқат», «Жұлдыз» журналдарын басқарды, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болды. Маңғыстаудағы барлау экспедицияларында жұмысшы, одан соң облыстық газетте журналист, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының сол облыстағы әдеби кеңесшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, Маңғыстау облыстық теле-радио комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.

Темірхан Медетбек – көптің мүддесін жүрегінің төріне шығарып, ұлт мұңын жырлаған сирек кездесетін талант. Әбіш Кекілбаев оны «ұлт жоқшысы» десе, Құлбек Ергөбек «қазақ поэзиясының тағдырына жауапты ақын» деп бағалады. Ақынның «Көк түріктер сарыны» кітабы – елдік пен ерлікті ұлықтаған, тарихи тамырды қайта сөйлеткен кесек туынды. Мұнда ол ежелгі Күлтегін мен Тоныкөктің үнін қазіргі заманға лайық жаңаша түрмен жеткізеді. Ақынның бұдан бөлек талай ірі қаламгерлерді қазақ тілінде сөйлеткені де әдебиет қоржынына қосылған үлкен олжа деп бағаласақ болады. Пушкин мен Бодлерден бастап, Пабло Неруда мен Эркин Вахидовке дейінгі талай ақынның мұрасын тәржімалады. Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын аударды. Сонымен қатар, өз өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылды.

Ақынның әр жылдардағы сұхбаттарында да қазіргі әдебиет пен руханиятқа, қоғамға қажетті маржан сөздер мен парасатты ойлар жиі ұшырасады. Мәселен, бір сұхбатында ақын:

– Жаратқан берген қабілетті шыңдап, жан-жақты игеріп, қоғам игілігіне жұмсау – біздің міндетіміз. Шабыт келсе, шығарма біткен қалам ұшына келіп құйыла береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате көзқарас. Асылында, шығармашылық – азапқа толы іс. Оның қарқыны қандай қатты болса, қарсылығы да сондай күшті.

Кедергілермен күресу үшін, оны жеңіп шығу үшін талмай еңбектенуің, ізденуің керек. Ал «Жазу үстеліне отырсам, маржан сөз қағазға еркімнен тыс тізіле береді» дейтін қаламгерлердікі күпіршілік дер едім, – дейді. Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен аударма саласына қатысты көзқарасын да айқын білдіреді.

«Көп аудармашылар жолма-жол аударма жасайды. Мағынаға байыппен үңілмеген соң, метафораңыз бен теңеулеріңіз, өзге де көркемдік компоненттеріңіз өлі балыққа ұқсап қалады. Форманы сақтаған болады, бірақ сәтсіз, рух жоқ. Қай шығарманы аударса да, рухын жоғалтпауға, қазығынан ажыратпауға тырысу керек. Шығарма тілін өз тілімен тең дәрежеде білген адам ғана көркемдік компоненттеріңізді түрлендіріп, жайнатып жібере алады».

Қазіргі қазақ поэзиясын жіті бақылап, жастарға жанашыр ақын ретінде де Темірхан ағамыздың есімі ерекше аталады. Дәлірек айтсақ, жастардың жазу машығы мен сөзге жауапкершілігін үнемі байқап отыратын асқақ ақын сұхбаттарында, кездесу кештерде бұл мәселеге ерекше тоқталатыны да жасырын емес.

– Ең қорқыныштысы – поэзиямыз күрескерлік рухынан айырылып барады. Көптеген ақындарымыздың мынандай ұлтымыздың басына қиын-қыстау заман туып, тұйыққа тірелгендей болып тұрған кезеңде үн-түнсіз қалуы өте өкінішті жағдай. Онан кейін әлі күнге шейін сол азып кеткен ауылды аңсап, жадағай тұрмыс-тіршілігін көрсетумен ғана тынбау керек. Оны да көрсеткен жөн. Бірақ сонымен бірге өлеңде биік, өрелі, күрескерлік қасиет болуы тиіс, – дейді ақын. Қазақ әдебиетінде көп талқыланған, қаламгелер тарапынан үлкен қолдауға ие болған әйгілі «Алтынкөпірліктер» атты мақаласы да Темірхан ағаның жаңа заман поэзиясына қаншалықты құрметпен, ізетпен қарайтынын дәлелдеді.

Қоғамдағы, әдебиеттегі әрбір құбылысқа бейжай қарамайтын ол өз сөзінде:

– Кезінде «Алтынкөпірліктер» атты циклдық мақалалар жазғаным болмаса, мына баланың жолын аштым, мына жасқа қамқор болдым деп ешкімнің атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Алдыма келгенге ақ батамды беремін. Жастардың қанатқақты кітаптарына алғы сөз жазып, пікір білдіремін. Қолымнан басқа не келеді? Бірақ қазіргі жастар қамқорлыққа зәру де емес сияқты. Ақшалары болса, кітаптарын шығарады, жарнамасын да дөңгелете береді. Кейде балаларым «Фэйсбуктан» әдебиеттің соңғы жаңалықтарын оқып береді. Тыңдап отырсаң, алтын ғасыр емес, бриллиант ғасыр орнағандай әсер қалдырады. Бірін-бірі мақтап, бірінің астына бірі көпшік қойып жатқан жұрт. Жазатын да – өздері, бағалайтын да – өздері. Оқырман оқыды ма, оқыса берер бағасы қандай, оқымаса, неге қызықпады – бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Цензура жоқ, ештеңеге тыйым салынбаған. Жазғың келгенді жаз, айтқың келгенді айт. Керемет туындылар жазатын кезең – нақ осы шақ деп ойлаймын, – деп бағалайды. Сонымен қатар, өткенге құрметпен қарап, бай мұрамызды болашаққа саф күйде жеткізу – ақынның асқақ мақсатының бірі болғанын да аңғару қиын емес. Темірханның тегеурінді, отты, рухты жырлары арғысы Күлтегіннің көк тасы, беріде жыраулар поэзиясынан қуат алатыны содан десек артық емес.

– Бiз тым берiден бастаймыз да, әрiге көз жүгiртпеймiз. Бұл ретте ғасырлар бойы халықтың рухани қазынасын жасаған ақын-жыраулардың телегей-теңiз мұраларына көңiл аудара бермеймiз. Содан барып ұзақ кезеңдер бойы сан дәуiр мен сан қоғамның ақын-жыраулары арқылы айтылған халықтың ой-арманы мен мұң-мұқтажына қызмет еткен жыр үлгiлерiн ұмыт қалдырамыз. Егер соларды тiлге тиек ете қалсаңыз: «Жоқ, олар жыраулық жыр үлгiлерi», – деп шыға келетiндерi тағы бар. Сонда жыраулық поэзия үлгiсi дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi бола алмағаны ма? Рас, жыраулық поэзия үлгiлерi жазба әдебиетi дүниеге келгеннен бергi белгiлi бiр кезең бойы қолданылмай жүрдi. Оның үстiне, дәстүрдiң де озығы, тозығы бар. Станиславский сөзiмен айтқанда, кейбiр дәстүрлер – жақсы сақталған «өлi дене». Бiрақ кейбiр «өлi денеге» айналған дәстүрлерiмiздiң күнi келгенде қайтадан түлеп, жаңарып, «тiрiлiп» кететiнiн бiлiп те жүрмiз, көрiп те жүрмiз, – деген ақын ойымен қосылмасқа шара жоқ. Тағы бір сұхбатында: «Мен өзім мазмұн болмаса, формаға аса құмар емеспін. Өлең кеудеңнен шықты ма, оның қандай формамен қағазға түсуі – екінші нәрсе. Бірақ, мен форманың адамға осынша күш беретінін көк түріктер сарынынан аңғардым. Не деген ірілік?! Не деген кеңдік?! Форма деген Күлтегін мен Тоныкөктің өз ішінде тұр»,- дейді. Тасқа қашалған тарихымызды жаңа ғасырда жаңаша қалыпта жырлаған ақынның жырлары ерлік пен елдіктің мәңгі жаршысы секілді. Тек Қазақстан емес, күллі түркі жұртының мәдениеті мен руханиятын бір арнаға тоғыстырған рухты поэзия туралы кеңінен айтуға болады. Тарихи негіздегі көне жыр үлгілерін жаңаша көзқараста жырлау – ақын поэзиясының ерекшелігі екені даусыз. «Еңкейгенге еңкейдім, Шалқайғанға шалқайдым» дейді ақын «Қуат жырында». Бұл да кеудесі жерге тиіп көрмеген, жаудан беті қайтпаған, Тәңірден өзгеден аяқ тартпаған түркі баласының сөзі. Қазіргі қазақ поэзиясында бөрі бейнесінің мәнімен бүгінгі шындықты шендестіріп бейнелеуде озық ақынның бірегейі де Темірхан ақын десек артық емес. Осы орайда, Темірхан Медетбек «Көне қала» деген толғауында:

Көне қала.

Бәрiн көрген қала бұл.

орынындай шор боп бiткен жараның, –

жатыр әне үйiңдi боп, төбе боп

саз балшықты қорғандары, қамалы.

Бәрiн көрген.

Өне бойы құрыштап

түскен талай қанды майдан, ұрысқа.

Денесiне садақ оғы қадалып,

кескiлескен айбалта мен қылыштар.

Бәрiн көрген.

Күндер өткен сергелдең.

Дұшпан бiткен лап қойғанда селдердей

бұзылған ол сеңдердей, – дейді. Ескі дәуірлерге сағыныш пен байырғы биік рух бейнеленген трагедиялық хәлден атажұртқа айналған қазақ даласындағы жерұйық шаһарлардың жай-күйі анық байқалады. Алтын ордадан бері астана болған алып қалалар мәдениет пен жетістіктің бастауы болғанына ешкім шек келтірмейді. Ақын қаламынан туған бұл жолдар түркілік рухты іздеу, сол замандағы қазақтың қайсар да қайтпай келбетін ұлықтауды мақсат еткендей. Бүгінгі Түркістанның қайта жаңғырып, жарқын болашаққа қадам басқаны да ақынның  асқақ  арманынан, жүйрік  қаламынан  туған  үміт секілді.

Ақын көзі тірісінде-ақ руханиятқа сіңірген еңбегімен ел есінде қалды. Енді оның екінші өмірі – жырларында, оқырман жүрегінде жалғасатыны анық. Тағдырлы жырлардың тылсым үнін, күрескер рухтың өр екпінін ғасырлар қойнауынан бүгінге әкелген дара ақынның туындылары – шындық шырағындай жарқырап тұр. Ол сөзден қамал тұрғызған сәулеткер ақын! Темірхан Медетбек – қазақтың рухын көтерген, шындықты жырлаған аңыз тұлға. Оның соңында ұлттың мұңын арқалаған өміршең өлеңдер қалды. Саналы ғұмырын ұлт үшін сарп еткен адуынды ақынның рухы шат болсын!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы