РУХАНИЯТТЫҢ ӨЗЕГІ САХНАНЫҢ СЫРТЫНДА

302 көрілім

Мәдениет – елдің ең басты байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік, болашағы зор. Әрбір өркениетті елдің рухани дәрежесін, сипатын, ұлттық бейнесін жер-жаһанға танытатын мәдениет салт-дәстүрлеріміздің, тіліміздің бастауы. Елімізде 2013 жылдан бері аталып келе жатқан 21 мамырдың мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленуі руханият шырақшыларына көрсетіліп отырған зор құрмет, ерекше ықылас. Ал, ежелден халқымыздың төл мәдениеті мен дәстүрінің құт мекені саналатын Түркістан бүгінгі таңда әлем көз тіккен жәдігер қалаға айналды. Тарихи шаһарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерекше мәртебенің берілуі жауапкершілікті бұрынғыдан да арттырып, үлкен міндеттер жүктеп отыр.

Осы орайда Қадырболат Мұсағалиев басқарып отырған Түркістан қаласы әкімдігі «Түркістан қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ ұжымының айрықша орын алатындығын атап өткіміз келеді. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын қазынасын «алтын кесеге» құйып, кейінгі ұрпаққа жеткізу оңай емес. Қаламызға халықаралық ұйымдар тарапынан «Қолөнершілер қаласы» мәртебесінің берілуі – уақытпен санаспай атқарылған жанкешті еңбектің, шығармашылық ізденістің жемісі. Сол қатарда қаламызда болып жатқан барлық мәдени іс-шаралардың ұйтқысы, өнеріміз бен мәдениетіміздің асқақтап дамуы жолында еселі еңбек етіп жүрген аталмыш бөлімге қарасты Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымшыл ұжымы бар. Қазақ хандығының ордасы болған көне қаланың өміріне әр беріп, өнер дәнін сеуіп жүрген ұжымға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, білгір басшы, білікті маман Лиза Төлегенқызы Шәмет басшылық етеді. Лиза Төлегенқызының қазақтың қара домбырасын шертіп, дәстүрлі әнін әуелеткен, мың бұралған биімен көрерменін тәнті еткен, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген қазыналы ұжымның тізгінін ұстағанына да отыз жылдың жүзі болып қалыпты. Бұл айтуға оңай, бірақ қаншама өзгерісті, аумалы-төкпелі заманды бастан кешкен кезең! Кеңестер Одағының ыдырауы, егемен ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізу – көппен көрген ұлы той десек те, мәдениет саласының өз тіршілігі, қайнаған қазаны, қоғамдағы еншісі өз алдына бөлек әңгіме. Өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, бүкіл саналы ғұмырының 30 жылын киелі қаланың мәдениетін дамытып, өркендетуге арнаған, еңбек жолын әдіскер мамандығынан бастап «Мәдениет үйінің» директорлығына көтерілген іскер басшы Лиза Төлегенқызы Шәмет туралы жазуды мақсат тұттық.

Жасыратыны жоқ, мәдениет, әдебиет, өнер саласы әлі де болса бағалауды, көңіл бөлуді, қамқорлық жасауды қажет ететін күрмеуі көп күрделі сала. Қоғамның мәдениетке мұқтаждығы басым. Яғни, мәдениетсіз, өнерсіз қоғамды көзге елестету мүмкін емес. Тып-тыныш мүлгіп тұрған әлемге жан бітіретін де, қасиетті өнер!

Біз әлемді әуен арқылы қабылдаймыз! Музыка ойнап, ән салынса, қызғалдақтай құлпырған қыздар билеп, домбыра мен қобыздың үні шықса, әлем түрленіп сала береді! Суретшінің қыл қаламынан туған туындылар арқылы тебіренеміз! Ұлтымыздың болмысын танимыз! Музей мұрағатынан, кітапхана жәдігерлерінен тарихымызды білеміз! Сондықтан да әлемге шуағын шашқан, бір ғана іс-әрекетімен әлемді өзгертетін, туа бітті дарынымен ұлтының өнерін ұлықтап, өркениетін асырған Түркістан қаласының мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз.

Түркістан қалалық Мәдениет Үйінің осындай әрбір іс-шарасына барған сайын, өнер қызметкерлерінен өте үлкен қажыр-қайратты, энергияны, дарынды қажет ететін мамандық иелеріне, оны ұйымдастырушылардың сабыр-төзіміне, шеберлігіне, тіпті кейде тапқырлығына тәнті боламын. Өйткені, мәдени-көпшілік іс-шарада ұсақ-түйек жоқ. Басқасын былай қойғанда, қаншама бейнетті жел тербетіп құлатқан бір афиша немесе электр қуаты сөніп, істен шыққан микрофон сияқты болмашы техникалық ақау, сырқаттанып келе алмай қалған басты кейіпкер сияқты қызметкерлерге тікелей қатысы жоқ жайттар қаншама уақыт дайындалған іс-шараға көлеңкесін түсіруі мүмкін. Яғни, қаншама іс-шара өтсе, сонша жауапкершілік, жүйкеге салмақ. Соның бәрінің үдесінен шығып, сырбаз қалыпта өткізудің өзі үлкен өнер, ұжым басшысының іскерлігі, ұжымның ұйымшылдығы сынға түсетін сәттер. Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызын танып-білгеніме ширек ғасырдан асыпты. Ешқашан қырын сындырмайтын кербез, сыпайы, өзін қашанда бір қалыпта ұстайтын салмақты, өз жұмысына берік, әділ ұстанымы, туралығын айтып салатын мінезді жасы кіші сіңлімді көрген сайын сырттай сүйсінетінмін. Әсіресе, әрбір істі қолмен қойғандай тиянақты атқаратыны, көзге ұрып тұратын тазалығы, әдемілікті сүйетіні, талапшылдығы қайран қалдыратын. Алайда, тереңдеп сыр тартпай, қызмет бабындағы құрғақ сұхбатпен шектелуші едім. Дегенмен, «тегі тегін емес-ау» деген ой аракідік қылаң беріп қалатын. Таяуда мәдениет майталманы әрі ұстаз Айымкүл Нәлтаева апамыздың кездейсоқ әңгімесінің ойымнан дөп түскені. Лиза Шәмет Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Талап елді-мекенінде Төлеген және Баян апайдың шаңырағында дүниеге келген тоғызыншы перзент, ата-анасының түпқалтасы. Сол ауылдағы №54 бұрынғы «Октябрь» қазіргі Жүсіп Қыдыров мектебінің түлегі. Ауылдағы Әлшекей атындағы саз мектебінде домбыра сыныбын үздік бітіріп, Шымкент педагогикалық мәдениет институтында білім алған. Жасынан өжет, оқуда озат Лиза, сондай-ақ көркемсөз оқудың шебері. Өзінің өкіл қызындай санап кеткен Лизасы туралы Айымкүл Сейтбекқызы толғана сөйледі.

«Төлеген ағай мен Баян апайдан тараған ұл-қыздардың бәрі мәдениетті, оқымысты, тәрбиелі болып өсті. Қыздардың бәрі, Лизадан басқасы педагог. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері ,ұстаздардың ұстазы, білім саласының үздігі, тарих пәнінің мұғалімі Төлеген ағай осы мектепте 46 жыл директор, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеді. Өте әділ, берген тапсырмасының орындалуын қатаң қадағалайтын талапшыл кісі еді. Балаларының есімін де өзі қойды. Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан болар, ұлына Памир тауының, Тимур деп Тимучиннің, қыздарына да Зина, Роза, Феруза, Лиза деп әдемі есімдер қойды. Лизаға Кеңес Одағының Батыры Лиза Чайкинаның есімін берген. Бір шаңырақта тоғыз перзент өсті. Жеті қыз, екі ұл. Лизаның сырт келбеті де, табанды мінезі де әкесіне тартқан. Оқуға өте зейінді, үздік болды. Ал, көргенді, қайырымды мінезі, үй шаруасын ұстауы анасы Баяннан алған тәрбиесі. Шәметтердің үйі ауылда төрелер түсетін үй еді. Баян жеңгеміздің ақ шағаладай төсек-орнынан, жалтыраған ыдыс-аяғынан тазалықтың иісі аңқып тұратын. Лиза – менің қызым. Әлі күнге дейін «апалап» көрген жерде құрақ ұшып тұрады. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде Лиза оркестр құрамында «Қазақстан» телеарнасында өткен «Халық – талант қайнары» деген байқауға қатысып, «Ерке сылқым» күйін орындап, жүлделі оралып едік. Музыка мектебінде Бәден Айсынов ағасынан алған тәлімі зая кеткен жоқ. Күйді жанымен сезініп тартады. Өнерді жанымен түйсінеді. Халық арасынан шыққан өнерпаздарды іріктеудегі, басқарудағы жұмыстарына жеміс тілеймін» – дейді мәдениет саласының ардагері, ұлағатты ұстаз, Лизаның ата- анасының көзін көргендер.

Айтса айтқандай, Лиза Төлегенқызымен қанша таныс болсақ та, оның дәулескер күйші, көркемсөз оқудың шебері, сегіз қырлы, бір сырлы екендігін енді біліп таңданып та қалдық. «Ұлық болсаң кішік бол» деген!

Ең бастысы, оның бойында халықтық өнерге сүйіспеншілік, өнер иелеріне қамқорлық бар. Іскер басшыға тән ұйымдастырушылық қасиет, қабілет басым. Нағыз мәдениет үшін, өнер үшін жаралған жан. «Жыл үздігі» номинациясының иегері, Республика күні мерекесіне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның «Алғыс хатымен» марапатталған. «Қазақстандық салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотсына» ие болған.

Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін Л.Шәмет халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейлерде, ресми билік, қоғамдық орындар тарапынан марапаттарға ие болды. Лиза Төлегенқызының 30 жыл ішінде алған алғыс, марапаттарын бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Алғыстың үлкені – халықтың сүйіспеншілігі, ақсақалдардың ақ батасы. Оның жетістігі – ұжымның жетістігі. Сондықтан да, бірге өрілген егіз ұғымды бір бірінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Мәдениет үйінің қызметкерлері – Түркістанды ту еткен, өнерлерін туған шаһарға, халқына арнаған жандар. Ұжымның жеткен жетістігі көп.

«Киелі Түркістанымызға ерекше мәртебенің берілуі бізге, өнер иелеріне, мәдениет өкілдеріне ерекше жауапкершілік жүктейді. Ұлттық өнерімізді әлемге таныту жолында еңбек ету басты мақсатымыз» – дейді қайырымдылық пен кішіпейілділікті, туған елге, халықтық дәстүрге сүйіспеншілікті ұшқан ұядан, өскен ортадан бойына сіңірген республикалық «Аналар» журналының «Ұмай ана» төсбелгісінің, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының «Батыр шапағаты» медалінің, «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі» медальдерінің иегері Лиза Төлегенқызы Шәмет.

Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, мәдениет шамшырақтары!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы