ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

251 көрілім

Өнер – халықтың рухани діңгегі. Ал сол өнердің өрінде жүріп, өмірін әуезге арнаған жандардың еңбегі ел есінде, жүрек төрінде сақталатыны анық. Солардың бірі – қазақ мәдениетінің өрісін кеңейткен, жүрекке жол тапқан әуезді әндердің авторы, композитор, ұстаз, өнер зерттеушісі Сауран Елеуов ағамыз. Биыл өнер майталманы 70 жасқа толып отыр. Бұл жай ғана жас емес, саз өнеріндегі маңдай тер мен шығармашылық шабыттың, халық қошеметі мен рухани жетістіктің жарқын үлгісі десек артық айтпаған болармыз. Осы орайда Сауранбек Елеуовтің өмір жолына үңіліп, оқырмандарға талантты тұлға туралы баяндамақпыз.

1955 жылы 10 мамырда Жаңақорған ауданы аумағындағы көне қаланың орны – ескі Сауранның іргесінде дүниеге келген Сауранбек ағамыз шығармашылыққа ерте бет бұрғаны баршаға мәлім. Жас кезінен халық сазгерлерінің әндері мен термелерін домбырада, баянда шебер орындайтын Сауранбек халық ақыны Манап Көкенов жетекшілік еткен «Дала жұлдыздары» атты халықтық мәдени-үгіт бригадасының белсенді мүшесі бола жүріп, республикалық байқауларда мәдени-үгіт бригадасының үш дүркін лауреаты болған. Оның көптеген әндері республикалық газет-журналдарда, мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрді. Жастық шағынан бері жұртшылықтан жақсы баға алған дарынды азамат 1980 жылдардың өзінде-ақ өнерсүйер қауымға танылып үлгерген. 1985 жылы облыстық «Жігер» фестиваліне қатысып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленгені әлі күнге дейін ел жадында. Жаңақорғанда белгілі ұстаз Бексұлтан Байкенжеевтің шәкірті атанып, өнер жолындағы алғашқы баспалдақтарын осы қасиетті топырақта бастады. Жас талант кезінде мүсінші Рысбек Амандықовпен, мәдениет саласының өкілі Талап Тотаевпен бірге өңірлік байқауларға қатысып, шығармашылық ортада шыңдалды. Түркістан қаласына қоныс аударып, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетінде ұстаздық қызмет атқарған жылдар ағамыздың екінші тынысы ашылған, шығармашылығына шарықтау сыйлаған кезең еді. Бір айда Түркияда 22 концерт беріп, университеттің мерейін, ұлт мәртебесін асырған бірегей тұлға Сауранбек Елеуовке түріктер Афион қаласының құрметті азаматы атағын бергенін де мақтанышпен айтуға болады.

Сондай-ақ, Сауранбек Елеуовтің есімі ең алдымен халық арасында кең тараған «Апатайым – анашым» әнімен тығыз байланысты. Бұл туынды қазақ ән қорына қосылған бірегей олжа ретінде бағаланды. Сауран Елеуов ел есінде «Бесік жыры», «Армысыңдар, адамдар», «Айдында жүзген аққулар», «Домбыра сазы», «Түркістан» сынды жүрекке жылы әндердің авторы ретінде де қалды. Оның әндерінде анаға деген сағыныш, туған жерге деген махаббат, барлық адамзатқа деген сүйіспеншілік пен үміт жатады. Сауран аға сазгер емес, сонымен қатар өнер зерттеушісі, талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан тәлімгер деп ауыз толтырып айтуға болады. Университет қабырғасында жүріп, талантты жастарды тәрбиелеуге ерекше еңбек сіңірді. Жуырда ғана киелі қала мәдениетіне сіңірген еңбегі бағаланып, «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальмен марапатталғанын да атап өтпеске болмас. Шәкірттері бүгінде республикамыздың әр түкпірінде өнер мен мәдениеттің шамын жағып жүрген ұлағатты ұстаз өнерге адалдықтың, адамға мейірімнің, әнге шынайылықтың символы. Өнер өрінде өз соқпағын салған Сауран ағамызды мерейлі 70 жасымен құттықтаймыз! Қадірлі ағамыз қазақ ән өнерінің қоржынын ғұмырлы әндермен байыта берсін деп тілейміз!

Д.МЕҢДАЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы