ҮШ ЕРЛІК – БІР ТАҒДЫР

295 көрілім

«Ер – елдің қорғаны» дейді халқымыз. Тарих қойнауындағы тағдырлы сәттерде ел тыныштығы үшін тер төккен тұлғалардың бейнесі әрдайым ұрпақ жадында, халық есінде жаңғырып тұратыны анық. Отан алдындағы адал қызмет ету және өмірін қатерге тіге жүріп ерлік жасау – әр адамға бұйыра бермейтін мәртебе. Сондай мәртебелі азаматтардың бірі – Кентау қаласының құрметті азаматы, ішкі істер саласының ардагері, көзсіз батырлығының арқасында 90-жылдары кенді шаһар халқының қауіпсіздігін қорғап, үш мәрте «милиция үздігі» төсбелгісіне ие болған – Бимахан Танкибаев. Бимахан ағаның өмір жолына зер салсақ, ол тек тәртіп сақшысы ғана емес, шынайы ел жанашыры, темірдей тәртіп пен ісіне адалдықтың, қайсарлықтың үлгісіне айналған азамат. Себебі ол қоғамда әділетсіздік пен қылмыс белең алған күрделі жылдары от пен оқтың ортасында жүріп, қаншама бейкүнә жандардың өмірін аман алып қалуға атсалысты. Кеңес үкіметінің күні сөнуге таяған кезеңде туған жердің тыныштығы үшін қолына қару ұстаса да, жүрегіндегі мейірім мен адамдықтың шырағын сөндірмеген Бекен (Бимахан ағаның ел арасындағы есімі!) ағаның ғұмыры – өскелең жастарға үлкен өнеге болары анық. Бүгінгі мақаламызда «Түркістан» газетінің оқырмандарына кейіпкердің ғана емес, тұтас бір кезеңнің бейнесін, ерліктің ерен үлгісін баяндамақпыз.

Сонымен, 1957 жылдың 15 наурызында Кентау қаласында дүниеге келген Бимахан Сабитұлы 1974 жылы Кентаудағы №1 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1975 жылы қаладағы 6 айлық жүргізуші мектебін аяқтап, 1976–1978 жылдары аралығында Беларусия Республикасында әскери борышын өтейді. Әскер қатарына алынғаннан бастап Бекен аға Беларусияның Минск қаласындағы үлкен әскери бөлімде болған. Әскердің алғашқы жылы Ресейдің Мәскеу маңындағы Одинцовский ауданында 6 айлық оқу-жаттығу жиындарына қатысқан ол үлкен жетістіктерге жеткен. Дәлірек айтсақ, өрт сөндіру-құтқару спортынан 1 дәрежелі атақ алып, сержант әскери шеніне қол жеткізеді. Өрт сөндіру тәжірибесінде қолданылатын түрлі тәсілдерді орындаудан тұратын қызметтік-қолданбалы спорт түрі бойынша шеберлік танытқан Бекен ағамыз әскердегі күндерін әсерлі әңгімелеп берді.

– Әскерде жарқын жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін Беларусия Республикасының Гомель облысы маңындағы қалған 1 жыл әскери борышымды өтедім. Бұл жақта да 6 айлық оқу-жаттығу жиынында болдым. Әскерге жаңадан келген жас сарбаздарды өрт сөндіру-құтқару спортына дайындап, бұл саланың қыр-сырын үйретуге тырыстым. Төтенше жағдай орын алғанда төзімді болу – бұл саладағы ең маңызды қасиет десек артық емес. Бір жыл бойы өзімізден кейін келген жігіттерден жасақталған бөлімге жетекші бола жүріп, түрлі жаттығулар мен дайындықтарға дағдыландық. Осылайша, әскердегі екінші жылымды аман-есен атқарып, алғашқылардың қатарында туған жерге оралдық. Шүкір, әскердегі жылдар менің өміріме үлкен тағылым болды. Жоғарыда айтып өткендей, жақсы жетістіктерім де болды, – дейді батыр ағамыз. Елге келгеннен соң өрт сөндіру қызметіне орналасқысы келген Бимахан Танкибаевтың өмірі басқа арнаға бұрылады. Дегенмен өрт сөндіру-құтқару спортынан спорт шеберлігіне үміткер жас Бекен бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында ішкі істер саласына қызметке орналасады. 1978 жылдың маусым айында Кентау қалалық полиция бөлімінің «Күзет бөлімінде» жұмысын бастайды. 1981–1983 жылдары аралығында Кентау қаласы «Кеңесалы колледжінде» оқып, 1985 жылы лейтенант шенін алып, «Күзет бөлімінде» взвод коменданты болып тағайындалады.

КӨЛІК АРТЫНДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Бимахан Сабитұлы аталған қызметте жүрген жылдары, дәлірек айтсақ, 1987 жылдың қазан айында Кентау қаласының аумағында жолаушы тасымалдайтын таксистердің өліміне байланысты күрделі жағдайлар орын алып жатқан еді. Аумалы-төкпелі жылдардағы адам шошитын оқиғалар туралы әлі де аңыз бен ақиқат қатар айтылып келеді. Сол шақтарда өз міндетін абыроймен атқарған жанкешті жігіттің үлкен тәуекелге баруы екінің бірінің қолынан келетін батылдық емес еді. Бізбен әңгімесінде Бекен аға бұл туралы толығырақ баяндап берді.

– 1987 жылы Кентауда таксистерді өлтіретін жағдайлар орын алып жатты. Жаңа көлік алған таксистерді 2 қыз және 2-3 ер адам Түркістан – Кентау, Кентау – Ащысай, Атабай бағыттарында жалдайды. Сондай кездердің бірінде Атабай бағытындағы жолдың бойында бір таксиске қастандық жасалып, соңынан жолдан аулақ маңайда мәйітке жанармай құйып, өртеп жіберген жағдай болған. Көлік табылғанша ол оқиға белгілі болмады. Себебі, көлік жүргізушісі зейнеттегі адам еді. Ал оны іздейтін отбасындағы балалары Ресейге кетіп, әйелі жолдасын тапсырысқа кетті деп алаңсыз отырған. Ол уақытта қазіргідей телефон сияқты байланыс құралдары да жоқ еді. Арада бірнеше күн өткеннен соң қайтыс болған таксистің мәйітін бір қойшы көріп, жедел хабар берген. Осы оқиға орын алғаннан соң қала тұрғындарында үрей пайда болды. Ал мен осыған ұқсас екінші рет көлік ұрлығы тіркелген кезде бір қылмыскерді ұстадым. Түркістан қаласының 40 жас шамасындағы тұрғыны су жаңа «Ваз 2107» көлігімен жүретін. Осы салада қызмет атқарғасын біз қаладағы қай көліктің қашан келгенін, иесі кім екенін жобалап білетінбіз. Бір күні жаңағы көлік нөмірінің жұлынғанын, көшеде тоқтап тұрғанын аңғардым. Автокөлікке жақындай бергенде көлік жүргізушісіне «тоқта» деп айқайладым. Бір уақытта келесі бағыттан бір жас жігіт жүгіріп келіп, көлікке мініп қашуға әрекет жасады. Терезесі ашық болған соң мен бірден көліктің кілтін суырып алдым. Қарсылық танытып, бағынбай бара жатқан соң әлгі жігіттің қолын қайырып, полиция бөлімшесіне апардым. Бұрын күреске, жауынгерлік самбоға қатысқанымның арқасында қолды қайыру тәсілін қолданып, күдіктіні құрықтадым. Ал бөлімшеге келгенімде маған әріптестерім «Бекен, сен бізді шаршаттың. Әркімді қылмыскер деп осында қамай бересің» деп көнбеді. Біріншіден, көлік нөмірі жұлынғанын, екіншіден бұл орыс ұлтының азаматы болса, көлік қазақ азаматтың атында екенін түсіндірдім. Үшіншіден, жүксалғышта қан ізі барын және шағын қобдишада үлкен пышақ жатқанын айттым. Болмаған соң бастығымызға кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Осы сәтте бастықтың қабылдауында Шымкенттен келген подполковник отыр еді. Оқиғаны баяндағаным сол, барлығы шулап сыртқа шықты. Шымкенттен келген комиссиямыз бірден бастығымнан мен туралы анықтама сұрады. Кейін осы қызметім үшін облыстық полиция департаментінің бастығы Т.Дуабеков «милиция үздігі» төсбелгісімен марапаттады, – дейді ағамыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Бимахан Сабитұлы ішкі істер органдарында еңбек ететін қызметкерлер үшін мәртебесі биік «милиция үздігі» төсбелгісімен 3 рет марапатталған. Бұл соның алғашқысы еді.

ҚАРУҒА ҚАРСЫ ҚАЙСАРЛЫҚ

Кентау қаласында болып жатқан аты шулы «таксистер өлімі» бойынша кезекті оқиға 1987 жылдың қазан айының аяғында болған. Бұған дейін баян еткендей, бірнеше көлік ұрлау фактілері тіркелген соң, ендігі мақсат – қылмысты ұйымдастырушы топтардың алдын кесу болатын. Айта кетейік, сол уақытта ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жүргізу үшін орталықтан (Шымкент қаласы) арнайы жедел-тергеу тобы да келген екен. Себебі, Кентау қаласындағы Қонаев көшесі №1 үйдің №3 пәтерінде осыған дейінгі «таксистер өліміне» себепкер болған қарулы қылмыскер жасырынып жатқаны жайында хабарлама түскен. Аталған оқиға орнынан шақыртылған Бекен аға бұл сәтті былай еске алады:

– Таксистерді өлтірген топтың басшысы орыс азамат еді. Жергілікті тұрғын болғанымен, бұған дейін бірнеше мәрте түрмеге отырып шыққан еді. Енді біздің алдымызда жігіттің анасын көндіріп, қылмыскерді үйде жатқан жерінен ұстау міндеті тұр еді. Сол уақытта Шымкенттен келген жедел-тергеу тобы қылмыскердің тығылып жатқан пәтеріне кіруге бата алмай тұрған еді. Сосын «Күзет қызметінде» жұмыс жасап жүрген мені бөлімшеге шақыртып, пәтерге менің кіретінімді ескертті. Басып алу тобынан ешқандай қызметкер барғысы келмеді. Бұған дейін бірнеше мәрте қылмыскер топтың жігіттерін байқаған едім. Бұл жолы топтың үлкені саналатын жігіттің анасынан барлық ақпараттарды алып, іштей дайындық жасадым. Түскі уақытта қылмыскердің анасы сол пәтерге тамақ апарады екен. Сонымен бірге, анасынан пәтер есігінде қанша құлып бар екенін де сұрап алдым. Себебі үйдің есігін теуіп кіруді есепке алуым керек болатын. Қысылтаяң сәтте жаныма серік болуға ешкімнің батылы болмады. Содан спортқа бейімі бар жанымдағы жігітті ертіп алатын болдым. Алайда, автомат алудан бас тарттым. Біз атысуға емес, қылмыскерді ұстауға бара жатырмыз ғой?! Жолдасыма «мен айтқанда ғана ішке кір» деп тапсырма бердім де, анасымен пәтерге қарай жақындадым. Есік кілті екі рет бұралған сәтте есікті теуіп кіргенім сол, қылмыскердің қолы костюмнің қалтасындағы тапаншаға сәл жетпей тұр екен. Лезде кеуде-қолтық әдісін қолданып, қаруын тартып алдым. Сөйтіп қылмыскерді Кентау қаласының полиция бөліміне жеткіздік, – дейді батыр. Бұл Бекен ағаның «милиция үздігі» төсбелгісімен екінші мәрте марапатталған кезі еді. Айта кетейік, ерлікке толы екі оқиғаның арасы жарты айға жуық уақыт екен.

ТӘУЕКЕЛ МЕН ТОСҚАУЫЛ

Тәртіп сақшысы үшін қылмыскерді ұстау – басты міндет. Бірақ оны қару қолданбай, қайсар жүрек пен тапқыр тәсіл арқылы қолға түсіру қиынның қиыны. Бимахан Танкибаевқа кентаулық тұрғындар ерекше құрметпен қарайды десек артық айтпаған болар едік. Олай дейтініміз, кенді қаланы тағы бір қылмыстық үрейден құтқарған келесі оқиғаның артында тағы да кейіпкеріміздің есіме тұр. 90 -жылдары Кентауда бұзықшылықпен аты шыққан Тастемір Бекетаев бұл оқиғаға дейін бірнеше рет темірторға қамалған екен. Физикалық тұрғыда өте күшті жігіттің жергілікті сақшылардан айласын оңай асырып кеткен кездер де аз болмаған.

– Ол кезде менің әріптесім жетпіске таяған кісі еді. Бір күні алаңда тұрғанда талтаңдап бара жатқан бір жігітті көзім шалды. Әріптес ағам маған «бәрі айтып жүрген Тастемір деген бәле осы ғой» деді. Содан Тастемірмен танысуға бел байладым. Бірақ жанымдағы серігім бұзық жігітке жоламауды өтінді. Себебі, бұған дейін бірнеше адамды пышақтаған Тастемір туралы түрлі үрейлі әңгімелер айтылып жүрді. Алғашқы таныстығымыз төбелеске ұласты. Тастемірдің қаншалықты мықты жігіт екенін талай естідім. Сөйтіп ол мені жекпе-жекке шақырды. Менің салмағым 120 кг, ал оның салмағы ары барса 75 кг еді. Сөйтіп жекпе-жекте жеңіп шығып, Тастемірмен «танысып алдым». Тастемірдің әйелі татар ұлтының қызы еді. Күндердің күнінде ішімдік ішкен Тастемір әйелін көшедегі жігіттерден қызғанып, үйінен шығармай қойған. Психологиялық ауытқуы бар ол айтқанына көнбеген соң, әйелінің бөксесін 2-3 жерден пышақпен жарақаттаған екен. Қан тоқтамаған себепті әйелі ауруханаға түсіп, қыздың ата-анасы арыз жазады. Тастемірге қарсы келуге жүрексінген милиция қызметкерлерінен нәтиже болмайды. Бұл кезде Тастемір бой тасалап үлгерген. Сөйтіп, қыздың ата-анасы Мәскеуге барып арызданады, артынша Шымкенттен Тастемірді табу бойынша бұйрық келеді. Қылмыскерді табуға тиісті топ құрамына мені де қосты. Шымкенттен қосылған екі арнайы қызмет өкілдеріне сенім артпай, жанымдағы әріптесім екеуміз Тастемірді ұстайтын болып шештік. Содан Жамбыл облысының Жуалы аймағына жолға шықтық. Таудың ортасындағы ашық алаңда қойшының ауылы бар еді. Сол маңайда бір жігіт ағаш тілгішпен жұмыс жасап жатты. Көз жететін жерге келгенде Тастемір екенін таныдым. Ағаш тілгіштің дауысынан жақын тұстағы дауыстар естілмейтін. Осы тұсты пайдаланып, Тастемірдің артынан жасырын барып, тапжылтпастан қолын қайыра ұстадым. Мені көрмеген күйі Тастемір «Бекен, сен бе?» деп танып қойды. Осылайша, тағы бір қылмыскерді қару қолданбай қолға түсірдім, – деп еске алды Бимахан аға. Айтуынша, жоғарыда аталған таксистер өліміне байланысты екі оқиға мен Тастемірді тұтқындаған уақыттың арасы тура 1 жыл екен. Бұл ерлігінен соң Бекен аға 1988 жылы 6 қарашада үшінші мәрте «милиция үздігі» атанады.

Өмірінің елеулі кезеңін халықтың тыныштығы мен елдің бейбітшілігіне арнаған батыр аға өткен күндерді осылай есіне алады. Бимахан Танкибаев 1981 жылы отбасын құрып, бүгінде 2 ұл, 3 қыздан немере сүйіп отырған ардақты ата. Қазіргі таңда Кентау қаласының дамуына өз үлесін қосып жүрген ел ағасы қала аумағындағы қалдық қоймалардың тұрғындарға тигізген зиянын бірнеше жыл бойы мәселе ретінде көтеріп келген. Жұқпалы және тері ауруларына соқтырған қалдық қоймаларды жабу туралы экология министрлігіне және жергілікті билікке бастама жолдаған ол ел болашағына бейжай қарамайтынын жасырмайды. Қоғамға, кенді шаһардың дамуына тигізген пайдасы үшін 2016 жылы Бимахан Сабитұлына «Кентау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Осындай отанға адал азаматтардың өмір жолы – ұрпаққа өнеге бола беретіні сөзсіз. Ал оны көпшілікке таныту – біздің міндетіміз.

Жүз жасаңыз, қайсар жүрек иесі!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы