- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Е.Шалатайұлымен аз-кем сұхбат құрдық. Қоғамды алаңдатып отырған мәселелер төңірегінде атқарылған жұмыстардың барысын сұрадық. Нәтиже жоқ емес. Дегенмен атқарылатын жұмыстар легі де сөз болды. Ендеше сұхбатқа назар салыңыз.
– Құрметті Ермұрат Шалатайұлы, алғашқы сауалымызды өңіріміздің криминогендік жағдайынан бастасақ?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда өңіріміздің криминогендік жағдайы біздің басты назарымызда. Бұл ретте аталмыш бағыттағы яғни, облыс аумағында криминогендік жағдайды тұрақтандыру үшін облыстық прокуратура қылмыстық қудалау және құзырлы органдардың жұмысын үйлестіруде.
Нәтижесінде ағымдағы жылдың төрт айында Түркістан облысында криминогендік ахуал тұрақты болды. Нақтырақ айтсақ қылмыстық құқық бұзушылық 3,8% төмендеді.
– Дұрыс екен. Оның ішінде нақты деректерді атап өтсеңіз?
– Қоғамның алаңдаушылы-ғын тудырған кісі өлтіру – 40%, ұрлық – 35,2%, мал ұрлығы – 28,9%, тонау – 42,9%, қорқытып алу – 55,6%, бұзақылық – 25,7%, есірткі бизнесі – 27,6%, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар – 25,7% төмендеген.
– Сіз атап өткен көрсеткіштерге жол бермес үшін қандай амалдар жасап жатырсыздар. Алдын алу шаралары дегенім ғой?
– Көп жағдайда қылмысты болдырмаудың яғни, оның алдын алу шаралары қашан да маңыздылығын жоймайды. Осыған байланысты қылмыстылыққа қарсы облыстық прокуратурамен бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылуда.
Тарқатып айтсам, 2023 жылдан бері облыс прокуратурасының (облыс әкімдігі, Полиция департаментімен бірлескен бұйрық негізінде) бастамасымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасындағы тұрмыстық қатынаста балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Салауатты Болашақ» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында профилактикалық іс-шаралар (проблемалық мәселелерді зерттеу, ата-аналар жиналыстары, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау) және рейдтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
– Бұл жұмыстардың барысында көріліп жатқан шаралар, қол жеткізіліп жатқан нәтижелер бар ма?
– Әрине, бар. Балалардың түнгі уақытта тұрғын үйлерінен тыс жерлерде, ойын-сауық орындарында жүргені үшін дұрыс тәрбие көрсетпеген, балаларын қараусыз қалдырған сегіз мыңға жуық ата-аналар, балаларға темекі бұйымдары мен алкоголь өнімін заңсыз сатқан 80 дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 364 жайсыз отбасы полиция органдарының есебіне қойылды.
Міне, осы жұмыстардың арқасында біз бірқатар келеңсіз жағдайлардың алдын алуға қол жеткіздік десем болады. Сонымен бірге, балаларын қараусыз қалдырған отбасы иелеріне шара көрумен шектелмей, сондай шаңырақта өсіп келе жатқан жеткіншектермен психологиялық жұмыстар жүргізуді де назардан тыс қалдырып жатқанымыз жоқ. Атап айтсам, психологиялық көмекке мұқтаж 9 мыңнан астам жасөспірім педагог-психологтардың бақылауына алынып, олармен және ата-аналарымен аталмыш жұмыстар жүргізілді.
– Жалпы қазіргі таңда жас жеткіншектер арасында әлімжеттік таныту, өз-өзіне қол жұмсау, теріс әрекеттерге бару секілді оқиғалар орын алып жатыр. Осы мәселеге тоқталып өтсек?
– Дұрыс айтасыз. Сауалыңызда айтқан мәселеге қатысты қоғамда алаңдаушылық бар. Көп жағдайда ата-аналар балаларының қоршаған ортасына мән бере бермейді. Бәрі бірдей емес, әрине. Дегенмен осындай жағдайлар кездесіп жатады. Ата-ананың назарынан тыс жүрген бала өз ортасына қарай бейімделеді. Осы жағдайды кездесулерде көпшілікке кеңінен түсіндіруге тырысып келеміз. Одан бөлек, кәмелетке толмағандармен өзін-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық және қылмыстың алдын-алуға бағытталған «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» іске қосылды. Осы арқылы жасөспірімдердің құмар ойындарға тәуелділігі, ата-аналар тарапынан балалардың біліміне көңіл бөлмеуі және қараусыз қалдыру сияқты проблемаларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сол секілді, облыстық прокуратурамен құқық бұзушылықты жылдам анықтап, хабар алу мақсатында «Бұзушылыққа тоқтам» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба қылмысқа қарсы күреске көпшілікті жұмылдыруды көздейді. Сәйкесінше кез келген азамат өзі куә болған барлық құқық бұзушылықтарды дереу, онлайн режимде құзырлы органдарға хабарлау мүмкіндігіне ие. Пилоттық жоба аясында облыстың барлық қала, аудандарында «Telegram» желісінде 17 телеграм-боттар ашылған (прокуратура, әкімдік, полиция, төтенше жағдай және т.б сала қызметкерлері қатыстырылған). Осы жоба өз нәтижесін беріп те жатыр. Бүгінгі күнде телеграм-бот арқылы құқық бұзушылықтар туралы 260-тан астам хабарламалар түсіп, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
– Интернет алаяқтарының әрекеті жалпы жұртшылықты толғандырып отырған мәселелердің ішінде ең бастысына айналып отыр десем қате болмас. Бұған байланысты қандай амалдарыңыз бар?
– Шынында да бұл бей-жай қарайтын мәселе емес. Бұған қатысты шағымдар жетерлік. Ел азаматтарының көпшілігі осындай интернет алаяқтарының құрбанына айналып отыр. Соңғы уақытта кибералаяқтық қылмыстарының өршуіне байланысты жыл басынан бері оның алдын алу және халықты алаяқтардан қорғау мақсатында облыс прокуратурасы «Telegram» мессенджерінде «Алаяқтан – сақ бол» телеграм-бот жобасы іске қосылды. Мұнда интернет алаяқтық қылмыстарында қолданылған байланыс нөмірлерінің тізімі жасақталған. Соның арқасында кез келген азамат күмән келтірген абоненттік нөмірлерді телеграм-ботқа енгізу арқылы нақты ақпарат алып, алаяқтан қорғана алады.
Жақында ғана мамыр айының 12-і күні «Кибералаяқтық»: алдын алу, қорғау, жауапкершілік! тақырыбында форум өткізілді.
Форумға спикер ретінде құқық қорғау органдарынан бөлек ІТ мамандары қатыстырылып, жергілікті халықтың көкейінде жүрген сұрақтар бойынша сұхбаттар өткізді.
Сол секілді бұл мақсатта кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Бастапқы кезеңдердегідей емес, бүгінгі күнде интернет алаяқтарының жолын кесу барысында халыққа түсіндірме жұмыстарымен қатар, теріс ойларын іске асырғысы келген адамдардың әрекеттерін болдырмау мәселелері де қырағы назарда.
– Есірткіге қарсы күрес те күн тәртібінен түспейтін мәселелердің қатарында. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Облыс прокуратурасының бастамасымен өткен жылы Түркістан қаласында және өңіріміздің барлық қала, аудандарында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ», есірткімен күресу мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз» және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мақсатында «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» тақырыптарында ауқымды форумдар өткізілді.
Ағымдағы жылы да есірткімен күресу жұмыстары жалғасын табуда. Жыл басынан есірткі жарнамасын жоюға барлық қала/аудандардағы әкімдікке қарасты коммуналдық қызметтер жұмылдырылды.
Бұны айтып отырған себебім, қоғам теріс қылықтардан саналы түрде бас тартпай көздеген мұратқа жету қиын. Сондықтан мұндай шаралар халықтың құқықтық санасын арттыруға мол септігін тигізеді деп санаймын. Әрине, бұл жерде салдармен күреспей себебін анықтап, көрсеткіштің өсуіне жол бермеу мақсатында алдын алу шараларына көп көңіл бөлу тиімді. Оған қатысты сұхбат барысында біршама жұмыстарға тоқталып өттім. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын тауып, құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, әділдік пен тәртіпті нығайту жолында қызмет ете береді сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан:
Е.САҒЫНДЫҚ.