- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында ұдайы мәселе көтеріп жүрген бірқатар қазақ зиялыларының талаптары негізінен мынадай: мемлекеттік тілді күнделікті қолданысқа енгізу, қазақ тілін мемлекеттік басқару тіліне көшіру, қазақ тілін халықаралық қатынастар тіліне, Қазақстанның шет мемлекеттермен байланыс жасау тілі дәрежесіне көтеру, қазақ тілін ғылымның сан-салалы күрделі түрлерін игеретін тілге көшіру, қазақ тілін заң шығару, құқық қорғау орындарында еркін қолданылатын тілге айналдыру, т.б. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, қазақ халқы – азат ұлт. Соған сай оның заң жүзінде мемлекеттік деп құқықтандырылған Ана тілі де тәуелсіз, азат болуы міндет. Бір ұлттың басқа бір ұлттың тілінде жаппай сөйлеуі тек қана мәжбүрліктен болатын әрекет. Ол бұғауға, тәуелсіздікке түскен ұлттың, езгідегі халықтың көретін құқайы, жау басып алған елдің тартатын азабы. Ғасырлар бойы бодандыққа қарсы күрестің ошағына айналып келген Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткіздік деген зиялылар қазіргі шақта да мазасыз күй кешіп отыр.
Мемлекеттік тіл тұрғысында өзекті мәселелердің туындауына өз ұлтымыздан шыққандардың себепкер болатыны жасырын емес. Оған сандаған мысал келтіруге болады.
Қазір халқымыз 20 миллионға, оның ішінде қазақ халқы 78 пайызға жетіп қалды. Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі үлкен мәселелер туындататыны жасырын емес. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» деп нақты атам айтқан болатын. Соңғы кездері мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен көпшілікке қызмет ету мемекелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы айтылып жүр. Міне, бұл айтылған жайлардың жер-жердегі полиция қызметкерлеріне де тікелей қатысы бар.
Түркістан қалалық полиция басқармасы облысымыздағы ірі құқық қорғау органдарының бірінен саналады. Шаһар өңір орталығы болғандықтан ұжымға артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Әр полиция қызметкерінің күнделікті атқаратын жұмыстары көпшіліктің көз аллдында. Олардың қызметін халық бағалайды. Сондықтан да қатаң тәртіпке негізделген адалдық, кішіпейілділік принциптерін берік ұстану әрбір полицейге тән ізгі қасиет болып табылады. Мұны қызметкерлеріміздің жете түсінетіндіктері қуантады.
Ерекше мәртебеге ие болып отырған ежелгі қалада мемлекеттік тіл мәселесінің толық шешілгенін халқымыз жақсы біледі. Елуге жуық ұлт өкілдері ынтымақпен ғұмыр кешіп отырған киелі Түркістанда өзге ұлт адамдарының көпшілік орындарында – базарларда, вокзалдарда, өзге де қоғамдық орындарында бір-бірімен қазақ тілінде ешбір акцентсіз таза сөйлесіп жүргені қалыпты дәстүрге айналған. Мұны олардың қазақ бауырларына, қазақ тіліне деген құрметі деп түсінеміз.
Қалалық полиция басқармасында өзге ұлт өкілдері де қызмет етеді. Негізінен алғанда олардың ұлты бөлек деп ешкім де ойламайды. Түрлерінен де айыра қою қиынның қиыны. Алты өзбек азаматының бесеуі патрульдік полиция батальонының аға инспекторлары, туристерге қызмет көрсету взводының инспекторлары, ал біреуі жедел криминалистика тобының аға криминалисі. Олардың арасында Қарабаев Ергеш Құрбанұлы полиция майоры, өзінің адал қызметімен құрметке бөленген азамат. Полиция аға лейтенанттары Мамаджанов Хуснидин Сахобиддинұлы, Тарманқұлов Қамалиддин Тажиддинұлы, Ишметов Мақсатбек Хусанұлы, лейтенанттар Абдурасулов Шералы Бахадирұлы, Атанова Дилдара Асадуллақызы өз істеріне берілген тамаша жандар. Олардың ішінде ағылшын, неміс, түрік, орыс тілдерін де жетік білетіндер бар.
Полиция басқармасындағы патрульдік полиция батальоны штаб тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Литвинюк Светлана Геннадьевна беларусь қызы. Өжет, бірбеткей болып өскен Светлана тыныштық сақшысы-полицей болуды армандады. Светлана 2012 жылы Шымкент қаласындағы гуманитарлық-техникалық университеті заң факультетінің құқықтану мамандығын ойдағыдай бітіреді. Астана қаласында мамандығы бойынша алты жылдай қызмет етті. 2018 жылы Кентау қалалық полиция басқармасына ауысып келді. 2020 жылдан бері туып өскен Түркістан қалалық Полиция департаментінде.
Мұнда іскер, адал қызға қамқоршылар табылды. Қазақы ортада өскен Светлана қазақ тілін жетік біледі, өзінің ата тіліндей құрметтейді.
– Кескін-келбетімнен басқа ұлттан екенім аңғарылып тұрғанмен, – деп ақтарыла сөйлейді, – табиғи болмысым, жан-жүрегім қазақ болып кеткен ғой. Енді осылай қазақ күйімде қаламын!
Полиция аға лейтенанты Светлана Геннадьевнаның жан-жүрегінен шыққан сөзіне шүбесіз сенеміз. Қорыта айтқанда, қалалық полиция басқармасында қазақ тілі мәселесі жоқ деп нық сеніммен айта аламыз. Оған полция қызметкерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі айқын дәлел бола алады.
Мерей Сәтбаев,
Түркістан қалалық Полиция басқармасы
бастығының орынбасары, полиция подполковнигі.