Түркістан қаласы әкімдігінің “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімінің бастамасымен қалада нәзік жандылардың кәсіби және тұлғалық дамуына серпін беретін “Бағдар” жобасы жүзеге асты.
Жобаның басты мақсаты – Түркістандық әйелдердің ішкі мүмкіндіктерін ашу, өзіне деген сенімділікті арттыру, түрлі өмірлік қиындықтарды еңсеруге қолдау көрсету және оларды қоғам өміріне белсенді араластыру. Сондай-ақ жобада жетістікке жеткен әйелдердің тәжірибесі насихатталып, қатысушыларға нақты үлгі көрсетілді.

Іс-шараға қатысушылар өз саласында табысқа жеткен спикерлердің мотивациялық әңгімесін тыңдап, жеке даму мен кәсіби өсудің жолдарын талқылады. Жобаға шақырылған арнайы қонақтардың қатарында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, “Шебер Шаңырақ” мүгедектер қоғамы бірлестігінің төрайымы Анар Сағынтайқызы Бексұлтанова да болды. Ол өзінің өмірлік жолы мен қоғамға жасаған үлесі туралы ой бөлісті.
Сондай-ақ кәсіби психолог Жазира Әбділман қатысушыларға психологиялық тұрақтылық пен тұлғалық даму туралы маңызды ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Өз ісін дөңгелетіп жүрген табысты кәсіпкер, “Айкафуд” және “Arabica” кофеханалар желісінің негізін қалаушы Айгерім Номанова кәсіпкерлікке қадам басу жолындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, бизнес бастауға ниетті әйелдерге құнды кеңестер ұсынды.

Төрт спикердің мазмұнды мотивациялық баяндамаларынан кейін арнайы сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушылар көкейіндегі өзекті сауалдарын қойып, пайдалы ақпарат пен бағыт-бағдар алды.
Жоба аясында ұйымдастырушылар әйелдердің тек кәсіпкерлікке ғана емес, жалпы тұлғалық дамуына баса назар аударып, оларға алдағы уақытта да жүйелі түрде қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістан өңіріндегі әйелдердің өз мүмкіндіктерін толықтай іске асыруына жол ашары сөзсіз.
