- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласы әкімдігінің “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімінің бастамасымен “Жібек жолы” саябағында осал топтағы әйелдерді қолдауға арналған “Айна” жобасының қорытынды кеші өтті. Бұл – өмірлік қиындықтарға тап болған әйелдерге қолдау көрсету, олардың ішкі әлеуетін ояту және қоғамға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған кешенді әлеуметтік жоба.
Жобаға қатысқан 30-ға жуық әйел бірнеше апта бойы құқықтық сауаттылықты арттыру семинарларына, топтық және жеке психологиялық сессияларға қатысты. Алғашқы кезең “Отбасы қолдау орталығында” өтсе, мұнда Қазақстан кәсіби медиаторлары мен заңгерлер қауымдастығының президенті Дана Ақәділқызы құқықтық білім беруге бағытталған семинар өткізді.
Жобаның келесі кезеңінде кәсіби психолог Жазира Әбділман екі күндік тренинг ұйымдастырып, қатысушылармен:
- тұлғалық даму сатылары,
- эмоционалдық интеллектті дамыту,
- ішкі және сыртқы ресурстарды белсендіру,
- арт-терапия мен тыныс алу техникасы,
- мақсат қою және оған жету жолдары
сияқты бағыттарда терең психологиялық жұмыс жүргізді.
Жобаның басты мақсаты – әйелдердің психологиялық әл-ауқатын жақсарту арқылы олардың жаңа өмірге деген сенімін арттырып, өз жолын табуға көмектесу.

Қорытынды кеште қатысушыларға фуршет ұсынылып, естелік сыйлықтар табысталды. Әйелдер өз алғыстарын білдіріп, жобаның оларға жаңа тыныс сыйлағанын айтып, ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін жеткізді.