- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Студенттік өмірдің ең маңызды кезеңдерінің бірі — өндірістік тәжірибе. Бұл – алған білімімізді іс жүзінде сынап көруге, теория мен практиканы ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды сәт. Өзімнің кәсіби тәжірибемді қай мекемеде өткізетінім туралы ойланған кезде, мен үшін тарихи әрі рухани терең мағынасы бар мекеме – Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейін таңдауым кездейсоқ емес еді.
Ең алдымен, менің мамандығым – дінтану. Бұл салада тек діни білім алу жеткіліксіз, сонымен қатар халқымыздың тарихи-рухани мұрасын терең түсініп, оны зерттеп, қастерлеу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Әзірет Сұлтан музейі — ел тарихындағы ең қасиетті орындардың бірі. Онда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі орналасқан. Бұл — тек архитектуралық ғимарат қана емес, ол ғасырлар бойы қазақ халқының діни-рухани орталығы болып келген қасиетті мекен.
Музейдің негізгі қызметінің бірі – тарихи жәдігерлерді сақтау, қалпына келтіру және келешек ұрпаққа жеткізу. Бұл – дінтану саласында оқып жүрген біздер үшін маңызды тәжірибе алаңы. Мұнда мен ислам дінінің қазақ қоғамындағы орны, сопылық ілімнің таралуы, Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы, тарихи құжаттар мен жәдігерлер арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болдым.
Сонымен қатар, Әзірет Сұлтан музейінде қызмет ететін мамандардан көп тәжірибе жинақтауға болады. Олар маған музей ісінің ішкі құрылымын, экспонаттарды жүйелеу, тарихи деректермен жұмыс жасау, келушілерге экскурсия жүргізу секілді маңызды істерді үйретті.
Тәжірибе барысында мен тек кәсіби білімімді жетілдіріп қана қоймай, рухани тұрғыдан да өсіп, халқымыздың бай тарихына, мәдени мұрасына деген құрметім арта түсті. Бұл тәжірибе маған болашақта қандай бағытта дамуым керектігін айқындауға көмектесті.
Қорытындылай келе, менің Әзірет Сұлтан музейін таңдаудағы басты мақсатым — өткен мен бүгінді байланыстыратын қасиетті мұраларды терең тану, оларды зерттеу және насихаттау. Бұл – дінтанушы ретінде менің міндетім әрі борышым деп білемін.
Саленова Ш.М.,
ТДТ-211 топ студенті,
Теология факультеті, ХҚТУ