КІТАПТЫ АРДАҚТАҒАН ЕЛ – РУХАНИЯТТЫ БИІКТЕТЕДІ

337 көрілім

Қазақстанда биыл алғаш рет кең көлемде жаңа мереке – 23 сәуір Ұлттық кітап күні аталып өтті. Бұл рухани маңызды күнді белгілеп, мереке ретінде бекіту туралы шешім Үкімет қаулысымен қабылданған болатын. Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап күшіне енді. Осы арқылы елімізде кітаптың қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыруға бағытталған үлкен қадам жасалды.
Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті. «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген Мемлекет басшысының сөзі бұл мерекенің мән-маңызын айқын көрсетіп тұр.                                                                                 
Биыл тұңғыш рет ресми түрде аталып өткен Ұлттық кітап күні Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда кең көлемдегі мерекелік іс-шаралармен өрнектелді. Кітап көрмелері, оқырмандар кездесуі, әдеби кештер, поэзия сағаттары, театрландырылған қойылымдар мен әдеби кейіпкерлер шеруі, сондай-ақ оқу марафондары мен оқырмандар флешмобы – барлығы ел ішіндегі кітапханаларды мерекенің нағыз рухани орталығына айналдырды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің белсенді қатысуы көңіл қуантады. Кітап арқылы тәрбиелеу, кітапты досына айналдыру – ұлттың ертеңіне жасалған инвестиция іспетті.                                                                                 .
Ұлттық кітап күні – бұл жай ғана күнтізбедегі жаңа дата емес, бұл – кітапқа, білім мен руханиятқа бетбұрыстың, кітап оқитын ел болуға деген шынайы ниеттің белгісі. Кітап – ұлттың жаны, тарихы, рухы. Ұрпаққа білім мен тәрбиені қатар сіңіретін киелі құрал. Сондықтан бұл мерекені дәстүрге айналдыру, оны жыл сайын жаңаша мазмұнмен атап өту – барша жұрттың ортақ парызы.

Кітап оқитын ұлт – ойлы ұлт. Ал ойлы ұлт – кемел келешектің иесі. Ұлттық кітап күні құтты болсын!

Бердібекова Әсел Тұрсынбайқызы,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы