- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биыл XX ғасырдың ұлт зиялыларының бірі, қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, аудармашы Хамза Жүсіпбековтың туғанына 125 жыл толып отыр. Қысқа ғана ғұмырында халқына аянбай еңбек еткен, елдің саяси және рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі қазақ тарихында мәңгілікке сақталмақ.
Хамза Жүсіпбеков 1900 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданында дүниеге келген. Жастайынан елдің болашағына алаңдап, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 1920 жылдардың басында-ақ ол Ақмола қаласындағы «Жас қазақ» демократиялық жастар ұйымы мен Омбы қаласындағы қазақ оқушыларының демократиялық одағы жұмысына атсалысты. Бұл ұйымдар сол кездегі жас қазақ зиялыларының саяси көзқарасын қалыптастырған орта болды.
Ол РК(б)П Омбы губерниялық бюросының нұсқаушысы, кейін Ақмола губерниялық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, жас мемлекетіміздің саяси құрылымдарын қалыптастыруға қатысқан. 1925 жылдан бастап Хамза Жүсіпбеков Қазақ өлкелік партия комитеті алқасының жауапты хатшысы болды.
Мәскеуде марксизм-ленинизм курстарын тәмамдағаннан кейін, ол Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қазақ кәсіподақ кеңесінің төрағасы, халық шаруашылығы мен юстиция халық комиссары секілді жауапты қызметтерде еңбек етті. Сонымен қатар, Қазақ көркем әдебиет баспасының директоры ретінде ұлттық әдебиет пен баспа ісінің дамуына да елеулі үлес қосты.
Ол БК(б)П XVII съезінің делегаты болып сайланып, республиканың саяси өмірінде елеулі орын алған қайраткерге айналды.
Хамза Жүсіпбеков – тек саясаткер ғана емес, ойлы публицист, зерделі жазушы. Оның «Маркстік-лениндік сын туын жоғары ұстайық», «Әдебиет майданының міндеттері», «Әдебиеттегі байманап идеологиясына қарсы», «Пролетарлық сынды күшейте түсу қажет», «Сәкен Сейфуллин – қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы» атты мақалалары өз дәуіріндегі әдеби-идеологиялық күрестің алдыңғы шебінде болды.
1928 жылы жарық көрген «Қарсақпай» атты прозалық еңбегі сол дәуірдің тыныс-тіршілігін көркем суреттеуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ол Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне тәржімалап, кеңестік әдебиеттің маңызды туындысын отандық оқырманға ұсынды.
Өкінішке қарай, 1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргін Хамза Жүсіпбековті де айналып өтпеді. Бірақ оның артына қалдырған еңбегі, күрескерлік рухы мен ойлы мұрасы ұрпаққа өнеге болып қалды.
125 жылдық мерейтойы қарсаңында Хамза Жүсіпбековтің тарихи рөліне жаңаша баға беріп, оның есімін ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі күннің парызы.
Тілепова Тоғжан Серғазықызы,
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.