- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанның сан салада дамуы жарқын болашаққа бастап келеді. Былтырғы жыл киелі шаһар үшін айтарықтай айшықты оқиғалармен есте қалды. Осыған байланысты бір жыл артқа шегініп, «Түркістан» газетінің оқырмандарына қалада орын алған маңызды оқиғаларды ұсынып отырмыз.
ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Былтырдан бастап елімізде Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланған болатын. Айтулы мереке былтыр халықаралық деңгейде аталып өтті десек те болады. Айлардың сұлтаны Рамазан айымен орайлас келген жыл басы – Наурыз мерекесінің айшықтары мен сән-салтанатының өте ерекше болатын жөні де бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Наурызнама» онкүндігінің аясында өткізілген мерекелік іс-шаралар тізбегі барша жанның көңіліне шуақ төкті. Соның бірі және бірегейі Конгресс Холл көпсалалы кешенінде өткен «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты командалық айтыс еді.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАНДА

27 қыркүйек күні Президент Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Алғашқы қадамын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады және оған кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Достық үйінің» жұмысымен танысып, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.
Бұдан бөлек Президент Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті. Және де Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Білім-Инновация» лицей-интернатындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
«ДОСТЫҚ ҮЙІ» АШЫЛДЫ

Президент жұмыс сапары барысында Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан. Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.
«МҰЗ САРАЙЫ»

Бұдан бөлек Президент Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көрді.
Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.
Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі. Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫ

Мемлекет басшысына «Білім-Инновация» лицей-интернатындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды. Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пәндері бойынша сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірген болатын.
«ТҮРКІСТАН-АРЕНА» ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Түркістандағы басты стадион — «Түркістан Арена» қайта жөндеуден өтті. Стадионда газоны ауыстырылып, жылыту жүйесі орнатылды. Енді түркістандықтар ҚПЛ ойындарын өз стадионында тамашалай алады. Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.
САН САЛАДАҒЫ СЕРПІН
4 мамыр күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Түркістанға жұмыс сапарымен келген болатын. Алғашқы іс сапарын киелі қаламыздан бастаған бас дәрігер өңірдегі медициналық нысандарды аралап, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі 94432 азамат тіркелген, 70 аймақ дәрігері бар Түркістан қалалық емханасының жұмысымен танысып, мұндағы заманауи үлгіде жақсы ұйымдастырылған жұмысқа оң баға берді.
Сондай-ақ, былтыр 24 шілде күні туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев та Түркістан қаласының тұрғындарымен және туристік бизнес, спорт өкілдерімен Халықаралық туризм және меймандостық университетінде есеп беру кездесуін өткізген болатын. Кездесуді Ержан Еркінбаев министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт саласындағы реформалар туралы баяндамадан бастады. Вице-министр кейінгі екі жылда өңірдегі туристік ағынның айтарлықтай өскенін атап өтті. Түркістан қаласына былтырғы жылдың өзінде бір күндік келушілер саны 1 млн. адамға жуықтаған. Вице-министр өз сөзінде Түркістан қаласында аумағы 11,8 гек-тар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақ үй (жоба құны – 190 млн.АҚШ доллар.) салу жоспарда бар екенін жеткізді.
ҚАЛА ЖАСТАРЫ ЖАҢА ҒИМАРАТҚА ИЕ БОЛДЫ
Түркістан қаласында 26 маусым күні қалалық «Жастар орталығының» жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жастарға арналған бұл нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимарат тәулігіне 100-ден аса жасқа қызмет көрсетеді. Орталық арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдарымен қамтамасыз етілген. Еріктілерге арнайы үлкен зал мен кинотеатр да қарастырылған. Айта кетейік, Түркістан қаласында 14-35 жас аралығында 71 486 жас бар. Қаладағы 2 жоғарғы оқу орында 12 265 студент білім алып жатыр. 8 орта арнаулы оқу орындарында студенттер саны – 7441. Түркістан қаласы бойынша жалпы орта мектептерде 7-11 сыныптарда 18 844 оқушы білім алуда.
ТҮРКІСТАНҒА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қазан айының 1 күні түркістандықтар үлкен жаңалықпен қарсы алды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. Жаңа әкімді қаланың активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырды. Қалалық мәслихат депутаттары қала әкімі лауазымына ұсынылған Әзімбек Пазылбекұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаһардың жаңа басшысына Түркістан қаласын дамыту, Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік және экономикалық әлеуетін көтеру бағытында маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркістан өңірінде 17-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Екі жыл бұрын облыс орталығында дәл осындай алғашқы нысан пайдалануға берілген болатын. Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, 1 қазан күні қарттар күніне орай «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызметін бастады. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қазіргі таңда 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі.
ЖАЙЛЫ МЕКТЕП – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ
25 қазан күні – Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және қолдауымен салынған 2000 орынға есептелген алғашқы «Жайлы мектеп» есігін айқара ашты. Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен білім саласының ардагерлері қатысты. Бұл нысан өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы ірі жобалардың бірі болып табылады.
Қаламыздағы екінші «Жайлы мектеп» 20 желтоқсан күні ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» ықшамауданында бой көтерді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Мұндай жаңашылдықтар оқушылардың білім деңгейін көтеруге және олардың ғылыми-техникалық бағыттағы қызығушылықтарын оятуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектепте спорт және шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары қарастырылған.
ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТАСУДА
Енді Түркістан тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Қараша айының 4-жұлдызында өңірімізге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Бұдан соң БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты. Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды. Ал 13 қарашадан бастап шаһардағы қоғамдық көліктерде төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын құрылғылар орнатылды. Солардың бірі – «AlemРay» электронды төлем жүйесі. Жауапты сала өкілдері жолаушылардың электронды түрде төлем жасауы бұл – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы екенін айтады.
«ЖІБЕК ЖОЛЫ» ТЕМІРЖОЛ БАҒЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Тағы бір айшықты оқиға – Қазақстанда ерекше туристік жоба – «Жібек жолы» теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз Алматы, Түркістан, және Ташкент қалалары арасындағы тарихи және мәдени мұраларға саяхат жасауға мүмкіндік береді. Алғашқы сапар 16–20 қараша аралығында өтті, оған 115 жолаушы қатысты. Енді бұл бағыт ай сайынғы туристік бағдарламаға айналмақ.Бағыттың ерекшелігі пойыз сапары Түркістан мен Ташкенттің ең көрнекті орындарын қамтитын болады. Мәселен, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен Сарай» кешені, Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесі. Ал, Ташкентте Хазрет Имам кешені, Төле би кесенесі, Әмір Темір алаңы, Тәуелсіздік алаңы, және Samarkand Darvoza сауда орталығына бағытталады. Пойыз арқылы саяхат барысында жолаушыларға жатын орын мен үш мезгіл тамақтану, экскурсия мен кәсіби гидтің көмегі, сондай-ақ, туристік автобустар арқылы саяхат ұйымдастырылады.
ЗАМАНАУИ ЖАСТАР САЯБАҒЫ
Жыл соңы тұрғындар үшін түрлі ғимараттардың ашылу салтанатымен есте қалды. Атап айтсақ, 12 желтоқсанда «Жаңа қала» ауданында заманауи үлгідегі жаңа «Жастар» саябағы пайдалануға берілді. Саябақтың жалпы алаңы – 10,5 га. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары, шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары, сонымен қатар, 2 шақырым жүгіру жолы және веложолдар қарастырылған. Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіріледі. Олардың ішінде Жерорта теңізі, Латын Америкасы, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және тағы басқа аймақтардың өсімдіктері бар. Пальма, фикус, тропикалық, шөл, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған. Сонымен қоса оқушыларға биология сабақтарын өту мүмкіндігі қарастырылған. Саябақта құстар мен балықтар бар.
БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ
Бұдан бөлек 20 желтоқсанда ел мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімімен аталатын жаңа спорт кешені ашылды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ғимараттың құрылысына облыс әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталған. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінген. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар. Спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.
ТҮРКІСТАН МЕН ТҮРКИЯ БАЙЛАНЫСЫ
Түркістан өңірінің жаңа экономикалық келбеті мен болашағы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының Түркия Республикасына жасалған іссапар барысында айқындала түсті. 24 қараша – 1 желтоқсан аралығындағы Түркияның бес қаласында өткізілген сапар барысында түркістандық делегация бірқатар ірі кәсіпорындармен кездесіп, жаңашыл өндірістік жобалар мен жоғары деңгейдегі ынтымақтастық үшін тиімді мүмкіндіктер ашты. 15 зауыт пен фабриканың жұмысымен танысып, нәтижесінде Түркістан үшін стратегиялық маңызы бар 9 меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында Түркияның ең үздік кәсіпорындарымен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қатарда әлемге танымал бояу өндірісінен бастап, трансформатор құрылғылары мен құрылыс материал-дарын шығаратын ірі фабрикаларға дейінгі салалар қамтылды. Түркияға жасалған сапардың екінші маңызды нәтижесі – 27 түркиялық инвестормен нақты жобалар бойынша келісімдер жасалып, олардың бірқатары іске асырылуға дайын. Бұл жобалар тек өндірістік секторды ғана қамтып қоймай, ауыл шаруашылығы, инфра-құрылым, туризм және цифрлық тех-нологиялар салаларындағы маңызды бастамаларды да қарастырады.
ТҮРКІСТАНҒА ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ БЕРІЛЕДІ
Парламент Мәжілісі 18 жектоқсанда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобасы Президенттің Түркістанға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Заң жобасын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев қосымша баяндама жасады.
Вице-премьердің айтуынша, құжатты әзірлеу кезінде Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибесі зерттелген. Бұған қоса министрлік өкілдері Түркістан қаласының халқымен кездесіп, негізгі нормаларды тұрғындармен ақылдаса отырып дайындаған.
1 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Киелі шаһардағы «Жаңа қала» мөлтекауданында 13 желтоқсан күні «Жібек жолы» тұрғынүй кешені пайдалануға берілді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында түркістандық-тарды қуанышқа бөлеген жиынға облыс әкімі арнайы қатысып, тұрғын-дарға баспана кілтін табыстады.
– Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгі, мәртебеміз биік болсын! Кезекте тұрған 500-ден аса отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Дархан Амангелдіұлы.
Айта кетейік, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы Түркістан қалалық әкімдігінің тапсырысымен жүргізілді. Қаланың әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген 5 қабатты 508 пәтерлі арендалық тұрғынүй баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жыл басынан бері Түркістан қаласында кезекте тұрған 482 отбасына пәтерлер табысталды. Ал жыл қорытындысымен түркістандық 990 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.
Өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуында өз үлесі бар облыс орталығындағы былтырғы басты оқиғалар легі осындай. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегендей, жылан жылы да рухани астананы жаңа жетістіктер мен жарқын қадамдарға бастасын деп тілейміз! Мәртебелі шаһардың мерейі арта берсін, ағайын!
Дайындаған: Дәурен ТІЛЕУХАН.