Түркі елдерінің тұтастығы мен ынтымақтастығы – Қазақстан үшін тарихи мұра мен сыртқы саясатының маңызды бағыты. Ал осы миссияны жүзеге асыру жолында Түркістан қаласының өзіндік орны бар. Бүгінде бауырлас халықтар байланысының нығаюына Түркістан қаласының рухани-мәдени мәртебесі ерекше серпін беруде. Соның ішінде – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түркі елдері жастарын бір шаңырақ астына жинап, білім мен ғылымның күші арқылы елдерді жақындастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана республикалық газетке берген кең көлемді сұхбатында Түркі әлемінің ынтымақтастығына, жалпы еліміздің ішкі және сыртқы ахуалы туралы маңызды сұрақтарға ашық жауап берді. Оның ішінде, «2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады», – деп қаламыздың мәртебесін айрықша атап өтті.
Сұхбатта, ең алдымен, бізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның халықаралық байланысы, оның ішінде Түркі әлемі елдерімен өзара ынтымақтастық туралы ой-пікірі қызықтырды. Бекер емес. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – түркі әлеміндегі ерекше орны бар білім және ғылым орталығы. Түркі әлемінің бірлігін нығайту, ортақ мәдени мұраларымызды дәріптеу, жастар арасында бауырластық байланыстарды тереңдету – оқу ордамыздың басты құндылықтары мен міндеттерінің бірі. Сондықтан да біздің оқу орнымыз үшін Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы аса маңызды.
Білесіздер, Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан төрағалық еткен кезде Мемлекет басшысы TURKTIME ұранын ұсынды. Президентіміздің бұл мәлімдемесін Ахмет Ясауи университетінің ұжымы үлкен ықыласпен және шабытпен қабылдады. TURKTIME бастамасының аясында университетімізде түркі тілдес елдер арасындағы ғылым, білім, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған іс-шаралар қарқын алды. 2024 жылы ұйымдастырылған онға жуық халықаралық ғылыми конференция мен өзге де жиындарға 30 елден 2500-ден астам ғалым қатысты.
Университетіміздің миссиясы – түркі әлемі жастарына сапалы білім беру, инновациялық оқыту және ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу. Бұл бағыттағы жұмысымыз университет құрылған күннен бастап тоқтамаған және алдағы уақытта да жалғасын табады. Түркі елдері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдей отырып, біз ортақ болашағымызды нығайтуды көздейміз.
Халықаралық университет басшысы ретінде республика деңгейінде жоғары білім мен ғылым саласында министрлік тарапынан атқарылған игі істерді де атап өтпеске болмас. Мәселен, 2024 жылы студенттер шәкіртақысы және ғылымды қаржыландыру көлемі артты, халықаралық «Болашақ» стипендиясының саны көбейді және жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
«Қазақ тілі» мәселесі сұхбаттағы өзекті тақырыптардың бірі болғаны анық. Әрине, қазір ана тіліміздің көкжиегі мен қолдану аясы кеңейіп келеді. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмауымыз қажет. Президент айтқандай: «Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады».
Иә, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға жоғары оқу орындарының, онда қызмет ететін ғалымдардың, студенттерге сабақ өтетін оқытушыларымыздың үлесі зор болмақ. Біз мұны жақсы түсінеміз, сондықтан былтыр ғалымдардың, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының басын қосып, алғаш рет «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» республикалық симпозиумын өткіздік. Басқосуда сөз алған әрбір спикер мен ғалым түйткілді мәселелерді ашық айтып, қазақ тілінің келешегіне және оның ғылым тіліне айналуына қатысты өзекті ой-пікірін ортаға салып, ашық талқы алаңын құрды. Симпозиум аясында арнайы резолюциясы да қабылданып, баспасөз құралдарында, соның ішінде «Ана тілі» газетінің 2024 жылғы 25 шілдеде шыққан №29 санына жарияланып, көпшілік назарына ұсынылды. Биыл осы симпозиумның екіншісін ұйымдастыру үшін дайындықты бастап кеттік.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, ал жалпыға бірдей мүмкіндіктер қатаң сақталады», – деп атап өтті. Иә, әділетті ел құрамыз десек, ең бірінші сол елде өмір сүретін әрбір азаматтың құқығын қорғай алуымыз керек. Бұл тек президентке жүктелген міндет емес, әділетті мемлекет орнату – әрбіріміздің жауапкершілігіміздегі іс. Білім беру мекемесі ретінде біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз және соған сай қызмет етуге тырысамыз. Сондықтан, Ахмет Ясауи университетінің негізгі құндылықтарына «Әділдік» қағидасын қосып қойдық. Бұл біз үшін тек қағида ғана емес, бүкіл оқу орнының қызметінің негізгі ұстанымына айналды. Осылайша, әрқайсысымыз өзімізден бастай отырып, әділетті қоғам орнатамыз. Дәл осы мақсатпен былтырғы 2023-2024 оқу жылын университет аумағында «Адам құқықтары» жылы деп жариялап, осы мәселе төңірегінде арнайы жол картасын бекітіп, оның ашылу салтанатына Қазақстан және Түркия Республикаларының Конституциялық сот төрағалары Эльвира Азимова (университетіміздің түлегі) мен Зухту Арслан қатысқан еді.
Елімізде әділеттілік бағытында заңнамалық тұрғыдан да үлкен қадамдар жасалды. Былтырғы ең басты қабылданған заң — әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң болды. Негізі, бұл заң әлдеқайда ертерек қабылдануы қажет еді. Мүмкін сонда соңғы жылдары орын алған кейбір жағымсыз жағдайлардың алдын алар ма едік… Әйтсе де, дер кезінде ес жиып, әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылықтың артында ауыр жаза қолданылатын күнге жеттік. Бұл, құқықтық әлеуетімізді арттырған тағы бір жетістік. Ясауи университеті де әйелдер және балаларға қарсы бағытталған зорлық зомбылықты жою үшін әрдайым белсенді жұмыстар атқаруға дайын. Жуырда ғана БҰҰ Әйелдер қанаты және облыстық Ішкі саясат департаментімен бірлесе отырып студенттеріміз үшін осы тақырыпта маңызды кеш өткізген болатынбыз.
Былтыр өзге де қаншама жақсы Заң жобалары бекітілді. Олардың әрбірі осы ел азаматы ретінде біз үшін маңызды.
Мемлекет басшысы соңғы кездері әлемде кеңінен талқыланып жатқан – жасанды интеллектті дамыту жұмыстарына жеке тоқталды. «Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana)»,- деп, әсіресе, білім беру орындарындағы жұмысты атап өтті. Цифрландыру дамыған заманда оның толқынына ілесе алуымыз тиіс. Университетіміздің ғалымдары мен ұстаздары да мұны жақсы түсінеді және инженерлік бағыттағы білім беру бағдарламаларын дамытуға атсалысады. Ойымызда бірқатар өзекті жоспарларымыз бар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – экология тақырыбы. Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы республика деңгейінде кең қолдауға ие болды. Президенттің сөзінше, бұл акция қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алған. Біздің оқу орнының ұжымы мен студенттері де бұл идеяны қолдап, табиғатты қорғауға атсалысты. Қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, тарихи ескерткіштер мен қалаларымызды тазарту арқылы туған жерімізге жаңа серпін беру міндетін жүзеге асырдық. Былтырғы жылы студенттерімізбен бірге Сауран қаласына арнайы барып өткізген сенбіліктің жылы естеліктері көп.
Табиғатпен ғасырлар бойы үйлесімді күй кешкен көшпенді халықтың мұрагерлері ретінде қоршаған ортаға қамқорлық қанымызға сіңген жақсы қасиеттен айрылып қалмау өте өзекті. Кішкентайымыздан «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» – деген мақал-мәтелді естіп өстік. Сондықтан да, Президентіміздің: «Табиғатқа қамқорлық халқымыздың ұлттық идеологиясының маңызды бөлігіне айналуы тиіс», – деген сөзін басшылыққа ала отырып, әрбіріміз экологиялық мәдениетті дамыту жолында белсенді болуымыз қажет.
Осы орайда, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны туралы да бір ауыз сөз қозғаған жөн балар. Иә, расымен, бұл бәріміз үшін оңай кезең болмады. Нағыз бірлік мен татулығымызды көрсететін сын сағат туды. Сол бір қиын сәтте оқу орнымыздың ұжымы мен студенттері де алыстағы ағайынға қол ұшын созуға асықты. Мәселен, 500-ге жуық оқытушымыз мен қызметкеріміз бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Оқу орнымыздың Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге қаражат жіберді. Ал, оқу орнымыздың студенттері түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, қолдан келгенше көмек көрсетті. Осылайша, өз тарапымыздан Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің басшылығымен кеңесе отырып, Атырау облысына бөгет пен дамбы салуға қажетті құрылыс-шаруашылық заттарын жібердік. Табиғи апат кезінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», аз да болса халық үшін пайдамыз тигеніне қуандық. Университет ұжымының бұл бастамасына риза болған Атырау облыс әкім Серік Шәпкеновтің жолдаған Алғыс хаты да өз кезегінде бізді қуантты.
Өкініштісі, су тасқыны еліміздің аймақтарына орасан зор залал алып келді. Десе де, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді, тиімді жұмыс атқарылды деп санаймыз. Бірақ, әлі де табиғат апаттарын еңсеріп, оған төтеп беру жұмысында ақсаңдап тұрмыз. Мұны Президент де мойындады. Осы тұста билік өкілдері сала ғалымдарымен және зерттеушілерімен тығыз байланыс орнатуы керек екенін түсіндік. Сол үшін университетімізге Түркиядан жетекші ғалымдарды шақырып, отандық әріптестермен және облыс басшыларымен кездестіріп, бірнеше маңызды жоба жоспарладық.
Сұхбат соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артатынын жасырмады. Әсіресе, жастарға айтқан мына ақыл-кеңесі ұнады — Президент: «Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын».
Расында, өскелең ұрпаққа бәріміз сеніммен және үмітпен қараймыз. Себебі, ел тұтқасы жастардың қолында. «Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу», – деді Мемлекет басшысы. Қазіргі уақытта, бұл көмек өз деңгейінде көрсетіліп келеді. Жастарымыз тек сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, сапалы білім алып, сауатты маман болып, өз саласында біліктілік пен жетістік көрсете алса, еліміздің жан-жақты әлеуеті күшейетіні сөзсіз. Ал Ахмет Ясауи университеті әрдайым жастарды қолдап, олардың дамуына жағдай жасап, әділетті қоғам құру жолында аянбай еңбек ете береді.
Жанар Темірбекова,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.