САУРАН: ЖЫЛДЫҢ АЙШЫҚТЫ ОҚИҒАЛАРЫ

524 көрілім

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен ұлықтау рәсімі барысында Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

«Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған орай Президент Жарлығымен құрылған Сауран ауданының еңбеккерлері үш жылда ғана ұланғайыр жұмыстар атқарды. Біз бүгінгі шолуымызда Сауран ауданы аумағында бір жылда ғана атқарылған жұмыстарға тоқталғанды жөн көрдік.

САУРАН МЕН ҚАРАТАЙ АУДАНДАРЫ АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ ЖАСАЛДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барды. Кония қаласының, Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады.

Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды

 Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.

ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ

Оранғай ауылдық округінде жылына 2000-ға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаратын «СОФТ ХАУС» цехы ашылды.

 Жеке кәсіпкер Шавкатжан Искаков өз қаражаты есебінен осы кәсіпті бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 1,0 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 500 млн. теңге, заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 2000-ға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаруға қауқарлы. Бүгінде 15 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақысы 150-200 мың теңге көлемінде. «СОФТ ХАУС» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, көршілес Қырғызстан еліне өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Қытай, Ресей, Түркия елдерінен алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.

«Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда», – дейді өндіріс орнының басшысы Шавкатжан Мамиржанұлы.

1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Сауран ауданы әкімдігінде аквапарк салу жобасын жүзеге асыру мақсатында меморандумға қол қойылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен жоба авторы Надир Абдусаттаров осындай келісімге қол жеткізді. Тараптар арасында белгілі бір міндеттемелер мен жауапкершіліктерді айқындап, жобаның табысты жүзеге асырылуына алғашқа қадамдар жасалды. Аквапарк салу жобасы ауданның экономикасына оң әсерін тигізіп, жергілікті тұрғындардың демалу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, туристік ағынды арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Әкімдіктің қолдауы жобаның іске асырылуында маңызды рөл атқарады.

Меморандумға қол қою барысында құрылыс жұмыстарының уақыты, қаржыландыру көздері және басқа да маңызды мәселелері талқыланды. Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды жоба құны – 1,5 млрд. теңге.

САУРАНДЫҚ ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ МӘСКЕУДЕ ТАНЫМАЛДЫҚҚА ИЕ

Саурандық жиһаз жасаушы кәсіпкерлер 17-22 қараша аралығында Мәскеуде өтіп жатқан халықаралық көрмеге өз өнімдерін ұсынды. Бұл көрме жиһаз индустриясының соңғы жетістіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сауран ауданынан «Tak mebel» ЖШС, «Ideal Türkistan» ЖШС, «Asia Brand», «Хабибулла ата» жеке кәсіпкерлер заманауи дизайндар мен инновациялық технологияларды пайдалана отырып, түрлі стильдегі жиһаздарды таныстырды. Мәскеудегі көрме әлемдік нарықта танымал болғысы келетін кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер ашты. Саурандық кәсіпкерлердің өнімдері ерекше эстетикасымен, сапасымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленіп, көрмеге келген қонақтар мен әлеуетті сатып алушылардың назарын аударды. Бұл көрме саураңдық жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта танылуына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестіктер мен келісімдерге келді.

Отандық жиһаз өндірісі Мәскеу нарығын бағындырып, енді жаңа жетістіктерге қадам басады. Мәскеудегі көрмеде таныстырылған өнімдер жоғары сапасы мен ерекше дизайнымен көзге түсті. Бұл Сауранның жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті. Кәсіпкерлер жаңа тұтынушыларды тартуда. Мәскеу нарығы — жаңа мүмкіндіктер мен нарыққа кірудің басты кезеңі, ал алдағы уақытта Саурандық жиһаз өндірісі тек Ресейде ғана емес, әлемдік нарықта да өз орнын табуға бағыт алуда.

ТІГІН ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Қарашық ауылында тігін цехы ашылып, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Цехтың ашылуына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мақсат Таңғатаров цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.

Облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы жаңа цехтың ашылуы облысымыздағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, бұл секілді бастамаларды қолдауға дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар, өндіріс орындары ашылу арқылы қолөнер саласында да жаңа мүмкіндіктер туындайтынын жеткізді.

Жаңа тігін цехы жергілікті тұрғындар үшін тек жұмыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аймақтың дамуына оң әсер ететін жоба болмақ. Цех жұмысының алғашқы кезеңінде 20 адам тұрақты жұмысқа алынды. Ал алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейту жоспарлануда.

«ШАХДАН» КОНДИТЕРЛІК ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Оранғай ауылында «ШАХДАН» кондитерлік цехы ашылды. Бұл маңызды оқиға ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Жаңа цех жоғары сапалы кондитерлік өнімдер шығарып, ауылдың экономикалық дамуына үлес қосатын болады.

Цехтың ашылу салтанатына аудан әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Ергешбайұлы да қатысты. Ол өз сөзінде жаңа кәсіпорынның ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратынын айтты. Сонымен қатар, аудан әкімінің кеңесшісі кәсіпкерлерді қолдау мен бизнес ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын да тілге тиек етті.

«ШАХДАН» кондитерлік цехы түрлі тәтті өнімдер — торттар, бәліштер, печеньелер мен басқа да кондитерлік тағамдар өндіретін болады. Өндіріс экологиялық таза және жоғары сапалы шикізаттармен жүргізіледі. Бұл өнімдердің тұтынушылар арасында сұранысқа ие болатынына кепілдік береді. Цехтың ашылуы ауылдың кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жаратуда. Өндірістің барлық процесі экологиялық таза және сапалы шикізатпен жүргізіледі. Бұл өнімдер тек ауданның ішкі нарығында ғана емес, сонымен қатар жақын аудандар мен қала нарықтарында да сұранысқа ие болмақ.

ЕСІК ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ағайынды Азизбек пен Бахадыр Абдужалиловтар есік дайындайтын шағын цехты іске қосты. Аталмыш өндіріс орнында 60 адам жұмыс істейді. Цех жылына 150 мың есік дайындап шығарады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы әрі бағасы қолжетімді. Кәсіпкерлер алдағы уақытта көрші облыс, қалалардан да тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр.

«Алдағы уақытта цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Нартәуекел етіп, бастаған ісіміз өрге басып, сұраныс артып жатыр. Қазір кәсібіміздің арқасында біраз жетістікке жетіп жатырмыз», – дейді ағайынды Абдужалиловтар.

ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫ АШЫЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірлердің, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын көтеру жұмыстары жалғасуда. Осы ретте Ораңғай ауылында № 41 өрт сөндіру депосы ғимараты пайдалануға берілді.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Өңір басшысы көпшілікті құттықтады.

– Түркістан облысының төтенше жағдайлар қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтануы облыс әкімдігінің назарында тұр. Тұрақты қолдау көрсетілуде. Бұл өрт сөндіру бекетінің орны айрықша. Себебі, мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылып, өндіріс орындары ашылады. Бүгін тапсырылған бекетке осы зауыттар мен кәсіпорындардың, жақын маңдағы елді мекендердің өрт қауіпсіздігін сақтау міндеті жүктеліп отыр. Бұл міндетті абыроймен атқаратындарыңызға сенімдіміз – деді Дархан Сатыбалды.

Жаңа өрт сөндіру депосы «Turan» арнайы экономикалық аймағында салынды. Ол аталған аймақ пен жақын орналасқан елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жергілікті бюджет есебінен салынған бұл өрт сөндіру депосы төрт өрт сөндіру көлігімен қамтылған. Екі қабатты өрт сөндіру депосында өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған. Оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмесі, спорт және конференция залы, техникалық үй-жайлар, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы қарастырылған.

Жаңа өрт сөндіру депосында 50 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Аталған өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілген. Жаңа өрт сөндіру депосы өрт сөндірушілердің қызмет атқару және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Салтанатты шара жаңа депоның аумағына ағаш отырғызу рәсіміне ұласты.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН ЕКІНШІ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Сауран ауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Еңбекші диқан ауылында орналасқан білім ордасы 600 орынға шақталған.

Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз»,- деді Дархан Сатыбалды.

Оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы Түркістанда бір мектеп тапсырылған.

САУРАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСТА ТОП ЖАРДЫ

Астана қаласында 25-29 қазан аралығында өткен Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында дойбыдан республикалық турнир өтті.

Аталған жарысқа 10 облыстан келген командалар қатысты. Атап өтсек, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан келген оқушылар өзара бақ сынысты. Жарысқа жалпы саны – 40 оқушы қатысып, кіл мықтыларды анықтады.

Ақыл мен білімді, төзімді ұштастыра отырып ойнайтын ойын түрінен саурандық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді. Қызықты да тартысты өткен жарыс нәтижесінде Сауран ауданының Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары жалпы командалық есепте жүлделі І-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Ойыншылар құрамында Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп КММ оқушыларынан құрылған. Олар Мырзахан Нұрбол, Сайднаби Асылмұрат, Абдулла Сабина, Әділхан Айшабибі.

ЕКІ ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Сауран ауданында 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанатына Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев және Сауран аудандық емханасының басшысы Бақыт Стамкулов қатысып, аудан тұрғындарын құтықтады.

Алдымен Бостандық ауылында заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Фельдшерлік-акушерлік бекетте заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емдеу және қабылдау бөлмесі бар.

Шаға ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекеті пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы басталған. Енді шағалықтар ем іздеп, аудан орталығына сабылмайтын болды. 1500-ге жуық тұрғынға жаңа медициналық бекет қызмет көрсетеді. Бұл фельдшерлік-акушерлік бекет те фильтр, әйелдер бөлмесі, егу, емдеу және қабылдау бөлмелерімен қамтылған.

СТОЛДАР ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ

Сауран ауданының өндіріс саласы жаңа өндірістік қуатпен толықты. Ауданымызда жаңадан ашылған «IDEAL TURKISTAN» жеке кәсіпкерлігі пластиктен жасалған столдар өндіруге кірісті. Бұл шағын цех өз өнімдерін жоғары сапамен және тиімді бағамен ұсынуды мақсат етіп отыр.

Цехтың ашылу рәсіміне Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, жаңа кәсіпорынның жұмысын бастауымен құттықтады. Ол өз сөзінде, цехтың ашылуы аудан экономикасының дамуына үлкен үлес қосатынын және жұмыс орындарының көбейіп, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартатынын атап өтті.

«IDEAL TURKISTAN» кәсіпорны пластиктен жасалған столдар шығару саласында өз ерекшеліктерімен танылып отыр. Цехтың басты артықшылығы – шикізаттың Қытайдан жеткізілуі, бұл өнімнің сапасын арттыруға және өндіріс процесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шағын цехта 200 адам тұрақты жұмыс істейді, олар өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін барлық талаптарды мұқият орындап келеді.

Цехтың басты өнімдері – пластиктен жасалған әртүрлі стильдегі және өлшемдегі столдар. Бұл өнімдер ұзақ мерзімді пайдалану, жеңіл тазаланатын және экологиялық таза материалдардан жасалады. Жаңа өндіріс орнының ашылуы аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, бұл цех басқа да жергілікті кәсіпорындарға үлгі болып, Сауран ауданында өндіріс саласының дамуына серпін береді.

ЖАЛАҢТӨС АУЫЛЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Сауран аудандық емханасының Үшқайық ауылдық округіндегі Жалаңтөс медициналық бекеті пайдалануға берілді. Жалаңтөс ауылында 250-ден астам тұрғын бар. Ауылдық елді мекен үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі үлкен маңызға ие. Бұған дейін ауылда 1973 жылы салынған медициналық бекет жұмыс істеп келген. Алайда, уақыт өте келе бекет апаттық жағдайда болып, ауыл тұрғындары үшін дәрігерлік көмек алу барысында қиындықтар туғызды. Мәселені шешу мақсатында аудандық әкімдік пен денсаулық сақтау органдары тиісті шаралар қабылдады.

2024 жылы Жалаңтөс медициналық бекетінің қайта жаңғыртылуы басталды. Құрылыс жұмыстарының алдында комиссия бекеттің апаттық жағдайы мен жаңарту қажеттілігін растады. Осылайша, құрылыс жұмыстары басталып, заманауи талаптарға сай жаңа ғимарат тұрғызылды. Жаңа медициналық бекет ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, ғимараттың архитектурасы мен ішкі құрылысы тұрғындардың ыңғайлылығы мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа медициналық бекеттің салтанатты ашылуына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысты. Оның айтуынша, бұл медициналық бекеттің ашылуы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Аудан әкімі жаңа бекет ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, ауылдық округте халықтың денсаулығын сақтау және жақсарту үшін мемлекеттік қолдаудың маңызды екендігін айтты.

Жаңа медициналық бекет ауыл тұрғындарына бірқатар маңызды қызметтерді ұсынады. Бұл жерде кез-келген медициналық көмек алу үшін заманауи дәрі-дәрмек, емдеу құралдары бар. Жалаңтөс медициналық бекеті ашылғаннан кейін ауыл тұрғындары дәрігер-лерге жедел түрде хабарласып, денсаулықта-рын тексертіп, қажетті ем қабылдай алады.

PS: Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамашылығымен барлық ауылдарда арнайы индустриялық аймақтар ашылуда. Қазір әрбір ауыл маңынан оған он гектар көлемінде жер бөлініп, инфрақұрылымы жасалуда. Соған байланысты Сауран ауданының жиһаз жасаушылары облыстан оқ бойы озып, еліміздің барлық облыстары ғана емес, көршілес мемлекеттердің нарығын да меңгеруде. Мақсат Асылбекұлының шақыруымен бұрын осы ауылдардан көшіп кеткен кәсіпкерлер де туған жеріне оралып, түлете түсуде. Жақында ғана барлық ауылдық округтерді аралап шыққан Мақсат Асылбекұлы Сауран ауданының серпінді дамуына қажетті тың бастамаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Ендеше, Сауран ауданының барша тұрғындарын 2025 Жаңа жылдарымен құттықтай отырып, табыстың тайқазанын тасыта беріңіздер дегіміз келеді.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы