Қасиетті шаһардың руханият саласын дамытуда дін қызметкерлерінің қосқан үлесі мол. Солардың бірі жас та болса бас болып, дін жолында көп жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан жақында қаланың бас имамы болып тағайындалған Сейдәлиев Талғат Ілесбекұлымен руханият саласы бойынша атқарылған жұмыстарға байланысты сүбелі сұхбат құрған болатынбыз.
– Талғат Ілесбекұлы, сіз қаланың бас имамы қызметіне келгелі бері қандай айтарлықтай өзгерістер орын алды? Жалпы қандай жұмыстар қолға алынып, іске асуда?
– Қасиетті қалаға бас имам болып тағайындалғалы 4 айдай уақыт өтті. Жыл басында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндама жасаған болатын. Баяндамада 5 бағыт бойынша жұмыс жасау керектігін баяндаған еді. «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Уағыз-насихат», «Сауат ашу», «Жат діни ағымдармен күрес» секілді 5 бағыттың ішінде біздің негізгі жұмыс атқаратын 30-ға жуық бөлім бар. Мысалы, шариғат және пәтуа бөлімінде біздің имамдар мешітте жамағаттардан келіп түскен барлық діни сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы да сұрақтар келеді. Имамдар халықтан келіп түскен барлық сұрақтарға жауап береді. «Уағыз-насихат» бөлімінде имамдар діни басқармадан арнайы бекітілген тақырыптар бойынша бесін мен құптан намаздарының алдында 10-20 минут күн сайынғы аяттар бойынша қаладағы 34 мешіттің имамдары жамағатқа уағыз-насихат айтады. Уағыздар пайғамбардың өмір тарихы, шариғат үкімдері, фиқһ, ақида жайлы айтылады. Сондай-ақ пәтуа сағаты деген болады. Діни басқармадан шыққан пәтуаларды жамағатқа таныстырады.
Қала бойынша жұмыс жасайтын зекет және қайырымдылық бөлімі бар. Жақында қала имамдары және қаладағы зекет және қайырымдылық бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып, Тұран ауылындағы (Оралман аумағы) 5 баласы бар жалғызбасты анаға арнап үй салып, қоныс тойын тойладық. Жиынға ҚМДБ-нан республика бойынша зекет және қайырымдылық қорының басшысы Мақсат Қайырғалиев ағамыз арнайы келіп, баспана кілтін табыстады. Одан бөлек Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде біздің қаладан барып, Исламтану мамандығы бойынша ақылы бөлімде оқып жатқан 4 студенттің оқу ақысы зекет және қайырымдылық қорының мамандары мен имамдардың, демеушілер мен кәсіпкерлердің көмегімен төленді. Имамдар тарапынан тұрақты түрде әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер таратылып, түрлі көмектер көрсетіліп тұрады.
– Сіздің имамдық қызметке келуіңіздің басты себебі неде? Қайда білім алдыңыз?
– 2010 жылы мектеп бітірген соң қаламыздағы Ремзауытта дайындық бөлімі болған, сол жерде оқып, 1 жыл дайындалып Шымкенттегі 3 жылдық медресеге оқуға түсіп, білімімді жетілдірдім. Содан кейін 2014 жылы дін саласына қызметке кірістім. 2 жылға жуық қызмет етіп, діни басқарманың арнайы жолдамасымен Түркия республикасында имамдардың біліктілігін арттыратын жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан тапсырдым. 100-ден аса адам қатысқан емтихан нәтижесінде үздіктер іріктеліп, 30 адам оқуға қабылданды. Мен де сол емтиханнан өтіп, имамдардың біліктілігін арттыруға арналған білім ордасында Исламтану мамандығы бойынша 4 жыл оқып, 2019 жылдың жазында елге қайттым. Елге келген соң Түркістан қаласының бірнеше мешіттерінде имамдық қызмет еттім. Ең алғаш Сауран ауданы құрылған кезде аудандық орталық мешітке имам болып тағайындалып, 2 жыл бас имамдық қызмет атқардым. Содан кейін қалаға ауысып, қалада бірнеше мешіттерде қызмет еттім. Бірер уақыт бұрын ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Түркістан қаласына бас имам болып тағайындалдым.
Рухани қаланың бас имамы болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Бір мешітте имамдық қызмет атқаруда жауапкершілік аздау. Ал бір қаланың бас имамы болған соң, бүкіл діни қызметкерлер мен қаладағы діни ахуалға жауапты болу жүктеліп отыр. Әрине, жұмыс адал, таза, табысты болатын болса Алла алдына барған кезде де сый-сияпаты жоғары болады деп ойлаймын. Осындай үлкен қызметті атқаруға мүфтият сенім білдіріп, жауапкершілік жүктеп отыр. Қалаға бас имам боп тағайындалған кезде бірінші кезекте ұстаздарыма, ақсақалдарға, аға буын өкілдеріне хабарласып, кездесіп батасын алдым.
– Дін саласы бойынша түрік ағайындардың бізден қандай ерекшелігі бар?
– Түркияда білім алып жүргенде түрік ағайындардан байқағаным, түрік тіліндегі діни кітаптар, дінге байланысты мағлұматтар өте көп. Олар бүкіл араб тіліндегі еңбектерді, том-томдаған кітаптардан бастап анықтамалық кітапшаларға дейін өз тілдеріне аударған. Ал бізде ондай еңбектерді табу қиын, ислам энциклопедиясының «А-Ә» әріптері жақында ғана жарыққа шықты. Олар энциклопедияны қаншама уақыт бұрын жасап қойған. Олардың үлкен еңбектерді аудару жұмыстары бірізділік жүйеге қойылған. Сондықтан олардан тәжірибе негізінде алатын дүниелеріміз көп. Мысалы дін мен дәстүр жайлы кітаптарымыз жарық көріп, ұлтық идеологиямыз кең қанат жайып келеді. Сондай-ақ жақында «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы оқырмандарға жол тартты. Бұл кітапта қазақ даласына ислам дінін насихаттаған ұлы тұлғалар жайлы жазылған. Еліміздегі өткен ғасырлардағы мәдени орындар, мешіттер, медреселер, жазылған еңбектердің барлығы қамтылған. Осындай жарыққа шыққан еңбектер арқылы біз де біраз жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Мешіт кітапханасындағы кітаптар мен газеттерді міндетті түрде оқып тұрамыз. Түркияда оқыған кезде негізгі сабақтардың барлығынан түрік мұғалімдері сабақ бергендіктен арабша кітап болса да дәрістерді көбіне түрікше өтетінбіз. Әліге дейін түрікше кітаптарды оқып, білімімді жетілдіріп тұрамын.
– Имамдармен жұмыс істегенде және діни басқармамен жұмыс істегендегі ұстанымыңыз қандай?
– Кез келген мәселе туындаса, біз діни басқармаға емес, тікелей облыстық орталық мешітке жүгінеміз. Мешіттің, имамдардың бекітілген ережесі бар. Қалай намаз оқу керек, қалай уағыз айтылу керек, жамағатпен қалай қарым-қатынас жасау керек, имамдық этиканы қалай сақтау керек деген секілді маңызды дүниелерді сол ереже бойынша жүргіземіз. Сапарға шығар кезде, қызметте жүрген кезде не істеу керек барлығының ережесі бар. Жеке өзім сол ереже бойынша жұмыс істеймін. Қалаға қарасты 34 мешіттің қызметкерлері оның ішінде имамдар, наиб имамдар, азаншылар, әйел ұстаздар діни басқарма бекіткен ережеге сүйене отырып қызмет атқарамыз.
– Түркістан қаласының мешіттерінде мұсылмандардың бойында радикалды діни ағымдарға қарсы төтеп беретін иммунитет қалыптастыру бағытында қандай жұмыс жасалуда?
– Жоғарыда айтып кеткен бес бағыттың алғашқы төртеуі бойынша жұмыс жасаған кезде бесіншісіне төтеп беру оңай болады. Діни жат ағымдардан сақтану үшін бабаларымыз асыл дінімізді тағылымды дәстүрімізбен ұштастыра отырып, бізге жеткізген. Сол себепті де ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп ойлаймын. Одан бөлек уағыз-насихат жүргізу де өте маңызды. Одан кейін «Ізгі қоғам» бағыты бойынша имам ретінде қоғамды жақсылыққа, ізгілікке шақырамыз ғой. Содан бір адам әсерленіп адалдыққа қарай бет бұрса сіз бен біз үшін үлкен жетістік. Одан кейін шәкірттер мен жамағаттың діни сауатын ашу өте маңызды. Қазіргі таңда қаланың имамдары мен діни ұстаздар, жалпы дін қызметкерлерінің барлығы осы бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ал енді бесінші бағыт алдыңғы төртеуі жүйелі жұмыс атқарған жағдайда оң нәтиже береді. Мешіттерге жат діни ағымдарын ұстанушылар келіп, намаз оқып жатады. Олармен кей кезде жеке кездесулер жасап, пікірлесіп, уағыз-насихат жүргіземіз. Олардың арасында түрлі адамдар болады, сұхбаттасуға бірі келіссе, бірі келіспейді. Жалпы айтқанда мешітке келген жамағаттың барлығы назарда.
– Бізде дәстүрлі діннің құндылықтары жеткілікті дәрежеде насиxатталып жатыр деп ойлайсыз ба?
– Дәстүрлі діннің құндылықтарын шама-шарқымыз келгенше насихаттап жатырмыз. Имамдардың да дәрежелері әр түрлі болғандықтан, бірі жоғарғы оқу орнын бітірген болса, бірі 3 жылдық медреседе білім алған себепті дәстүрлі діннің құндылықтарын дәріптеу де түрлі деңгейде. Мәселен, 3 жылдық медреседе оқып қоя салу дәстүрлі дінімізді жоғары деңгейде насихаттауға аздық етеді. Сондықтан қала имамдары өзінің қабілеті мен біліміне қарай дін мен дәстүрді сабақтастырып, насихаттап жатыр. Жақында ғана дін мен дәстүр бағыты бойынша қала деңгейінде кесене маңындағы этноауылда іс-шара ұйымдастырдық. Дін мен дәстүрді сабақтастыру бойынша беташар, қыз ұзату, баланы бесікке салу және өзге де салт-жоралғылар жасалды. Одан бөлек асық ойнау, арқан тарту, садақ ату секілді ұлттық ойындарымыз да насихатталып, жиынға келген имамдар мен жамағатқа көрсетілді. Қала имамдары бірлесіп өткізген іс-шараға қала қонақтары мен туристер, зиярат етушілер де қатысты. Бауырсақ, құрт, тары-талқан секілді ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, жиынға қатысушыларға арнайы дәм ұсынылды. Сондай-ақ көрме жасақталып, дініміз бен дәстүріміздегі құндылықтар дәріптелді.
– Қала жастарымен кездесулер өткізіп тұрасыз ба? Қазіргі жастардың діни түсінігі қалай?
– Жақында Діни басқармадан «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев келген кезде Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығында» қала жастарымен кездесу өткіздік. Кездесуде қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласуға, еріктілерге байланысты баяндама жасап, жастарға бірқатар ақыл-кеңестерін айтты. Жастар өздерінің ой-пікірлерін айтып, ұсыныстары мен сұрақтарына жауап алды. Қаланың бас имамы ретінде өзім де шақырған жерлерге барып тұрамын. Мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесіп, ақыл-кеңесіммен бөлісіп тұрамын. Жастарды бірінші кезекте білімділікке шақырамын. Заманның талабы – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Жастардың бойынан табылу керек нәрсе білім мен тәрбие деп ойлаймын. Олай дейтін себебім Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін түсіндірген. Одан кейін жастарға имандылық қажет. Осы үшеуін ұштастырған жас жақсы маман, еліне, діліне, дініне жаны ашитын адал адам, отанын шын сүйетін тұлға болып қалыптасады. Жастармен кездескенде үнемі осы үш қағиданы айтып жүремін. Бабаларымыздан қалған кең байтақ жеріміздің тарихын, рухани құндылықтарды кейінгі саналы ұрпаққа түсіндіріп, бабалардан қалған мұраларымызды насихаттап, мирас етіп қалдыруымыз керек деп ойлаймын.
– Өзіңіз білесіз, жуырда «ҚМДБ қалыңмал мен мәһрды біріктірді» деген ақпаратты мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы хабарлаған еді. Соңғы кездері мәһр мен қалың мал жайлы түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Шариғат бойынша неке келісімшарты жайлы сіздің пікіріңіз қандай?
– Мақаланы толық оқыған адамға бәрі түсінікті деп ойлаймын. Некенің негізгі рүкіндері мен шарттары бар. Мәһр жайлы айтар болсақ, Ханафи мазхабының ғұламалары мәһр құнын бекітіп берген. Мәтінге мұқият қарайтын болсақ, егер қыз баласы ерікті түрде қалың малды мәһр ретінде ризашылығымен қабыл аламын деп келіскен жағдайда онда қызға берілген қалың мал мәһр ретінде жүреді. Ал келіспеген жағдайда ер жігіт тарапына мәһрді бөлек беру керек болады. Кез келген мәтінді оқығанда толыққанды танысып шығуға, анық-қанығына көз жеткізуге шақырамын. Мақаланың бастапқы жағын оқып алып, ҚМДБ қалың малды мәһрмен біріктіріпті, бұдан кейін мәһр берілмейді деп байбалам салмауды сұранамын.
– Қазіргі таңда ерекше мәртебе туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Байқасақ, қаланың туризм саласын дамыту мәселелері қаралып жатыр. Дін маманы ретінде руханиятқа байланысты сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Киелі шаһарымызда дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігі мен сауатын арттыруға байланысты қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Имамдарды даярлайтын жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруге жол ашылып, руханият саласының өкілдеріне қолдау көрсетілсе деген ниетіміз бар. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі дінтану, исламтану, теология мамандықтары бойынша курстар ашылып, қала имамдарының дінді терең меңгеруіне немесе сол оқу ордасына түсуіне билік өкілдері мен университет әкімшілігінен ықпал жасалса, жоғары оқу орнын бітірді деген арнайы дипломдары болса деген ұсынысым бар. Университеттегі білікті мамандардан білім алып, көп дүниелерді үйренер еді. Қазіргі таңда бірқатар имамдар медресе сертификаттарымен жұмыс істеуде, егерде дипломы болса үлкен көмек болар еді. Колледж, университет студенттеріне насихат жұмыстарын жүргізе алар еді. Білікті де білімді имамдарымыз да жеткілікті. Қаладағы «Жәннат» мешітінің имамы Мысырдағы Әл-Азһар университетін хадис саласы бойынша бітіріп келген. Қазіргі таңда университетте магистратура оқып жатыр. Сондай-ақ Түркиядағы дін қызметкерлерінің жоғары оқу орнында білім алған бірнеше имамдарымыз бен кезіндегі қазақ-араб университетінде білім алған дін қызметкерлері бар.
– Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасының қабылданып жатқанын немен байланыстырасыз? Неге олай мәртебе беріліп жатыр деп есептейсіз? Осыған тоқталып кетсеңіз.
– Бұл мәртебені берудегі негізгі мақсат Түркістан қаласын рухани астана етіп, түркі тілдес мемлекеттерді біріктіру деп ойлаймын. Алыс-жақындағы ағайынмен тату болуды, тыныштық пен бейбітшілікті ту еткен діні бір, ділі бір ұлттардың бірігуін имамдар әрқашан қолдайды.
– Жуырда облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков Мүфтиятты Түркістанға көшіру жайлы ұсыныс айтты. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
– Бекарыс ағамыздың өткенде айтқан ұсынысын тыңдап шықтым. Бұл ұсыныс діни басқармаға жеткен де болу керек. Ары қарай бұл ұсыныс бойынша ҚМДБ шешеді ғой.
– Мүфтият Түркістанға көшірілген жағдайда қандай өзгерістер мен жаңалықтар болуы мүмкін?
– Мүфтият Түркістан қаласына келсе, ең алдымен орналасатын ғимараты болу керек деп ойлаймын. Келген жағдайда қос тараптың қаншалықты дәрежеде дайын екендігін білмеймін. Себебі діни басқарманың Алматыдан Астанаға көшкеніне де көп болған жоқ. Ал енді Астанадан Түркістанға көшетін болса, діни басқарманың мекенжайы ауысқандығы үшін республика бойынша бүкіл мешіттер қайтадан тіркелу керек, құжаттарға өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Діни басқарманың Астанаға ауысқанына көп болмаса да елімізде әліге дейін құжаттары тіркелмеген мешіттер бар. Мешіттер діни басқарманың мекенжайы ауысқаны үшін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп қайта тіркелу керек.
– Дәстүр мәселесін көтерер болсақ, қалай ойлайсыз, ислам діні мен қазақ xалқының дәстүрі арасында байланыс бар ма?
– Әрине, байланыс бар. Жоғарыда айтылған кітаптар соның айқын дәлелі. Бабаларымыз салт-дәстүрімізді дінмен ұштастырып, елге насихаттаған. Құс екі қанатымен ұшатынын білеміз ғой. Дін мен дәстүр құстың екі қанаты секілді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың», – деп айтқан. Сондықтан да әрбір ұлттың өзіне тән мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Біздің ұлтта да өзімізге тән дәстүрлеріміз бар. Дініміз бен дәстүріміздің ұштасқанына былай көз жеткізсек болады. Мысалы азан шақырып ат қою, бала өмірге келген кезде Алла Тағалаға шүкірлік мақсатында құрбандық шалып ас беру (ер бала болса екі құрбандық, қыз бала болса бір құрбандық), елге сыйлы жандарға баланың бетіне түкірту, сүндетке отырғызу секілді салттарымыз бен ұлттық ойындарымыз арқылы бабаларымыз дін мен дәстүрді бір-біріне сабақтастырған.
– Қазіргі таңда қажылыққа бару қол жетімді болып, көптеген адамдар ниет етіп қажылық парызын өтеп жатыр. Сонымен қатар тур агенттіктердің адамдарды алдап кетіп жатқан жағдайлар да кездесіп жатады. Олардың жұмысына көңіліңіз толады ма? Бұрын қажылыққа қалай барушы едік? Қазір қалай барып жатырмыз? Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қалай?
– Үлкен қажылыққа байланысты діни басқармада қажылық бөлімі тікелей жұмыс жасайды. Конкурс ұйымдастырып, қай тур агенттік конкурстан өтсе, сол тур агенттіктер ғана еліміздегі қажылыққа барушыларды апаруға заңды түрде рұқсат алады. Айталық, өткен жылы 16 тур агенттік жұмыс істеді. Жалпы жыл сайын тек конкурстан өткен тур агенттіктер ғана қызмет көрсетуге заңды түрде рұқсат ала алады. Егер заңсыз қызмет көрсеткен жағдайда араб елінің мемлекеттік тұлғалары білген болса тиісті шараларды қолданады. Араб еліндегі қызмет көрсету орындары шектеулі және жайлы нысандар тек келісіммен жұмыс істегендіктен, заңсыз қызмет көрсеткен тур агенттіктердің барушы адамдарға жайлы жағдай жасауы күрделі болады. Өткен жылдары заңсыз қажылық сапарын ұйымдастырған тур агенттіктер барған адамдардың жайлы орындарға түнеуін, қажылық сапардағы қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмады. Өздеріңіз білетіндей, үлкен қажылықтың құны да қалтаға салмақ салады. Сондықтан үлкен қажылыққа барар болсаңыз, заңды түрде бекітілген тур агенттіктермен баруға шақырамын. Одан бөлек жылдың кез келген мезгілінде зиярат етіп баруға болатын, умра қажылығына белгілі ҚМДБ бекіткен тур агенттіктермен барса нұр үстіне нұр болады. Кейбір заңсыз тур агенттіктермен қажылыққа барған жандардың қонақ үйі, тамағы дұрыс болмай қалған жағдайлар бар. Кей компаниялар адамдардың ақшаларын жинап алып, соларға алданып қажылыққа бара алмай жатқан жағдайлар да кездесіп жатады. Үлкен және кіші қажылық төңірегінде тек белгілі әрі бекітілген тур агенттіктермен баруға шақырамын. Өзім де жыл сайын шама келгенше умра қажылығына барып тұрамын. Арасында тур агенттіктерде гид болып жұмыс істеймін. Сол кезде өзіміз көріп жүрген жағдайлар болғандықтан айтып жатқаным ғой. Кейбір кісілер ешқандай тур агенттіктерге жүгінбей, өздері барып жатады, байқап қарасақ тур агенттіктердің көмегімен бару мен жеке барғандағы жұмсалатын қаражаттың айырмашылығы шамалы ғана. Сол шамалы ғана қаражатты үнемдеу ол жақтағы қиналғаныңа арзымайды. Ел ішіндегі алыс-жақын қалаға барғанда да шаршап қаламыз ғой. Басқа бір мемлекетке бара жатқандықтан тәуекел басымырақ. Тіл білмегендіктен немесе түрлі себептен қиындықтар болған жағдайда не істеріңді білмей шығынға ұшырап қалу да мүмкін. Мысалы, өздері барған жандар қонақ үй іздеп, тамақтанар орын іздеп, қаланы білмегендіктен таксилерге шығынданып, құлшылығына дұрыс көңіл бөле алмай қалып жатады. Сондықтан тур агенттікпен барар болсақ, бекітілген бағдарлама бойынша ниет етіп, артық уайымға салынбай, қажылық сапарын өтеу жеңіл болады. Әуежайдан түскеннен көлікпен күтіп алып, қонақ үйлерге орналастырып, тамақтану орындарына апарады. Қонақ үйге жайғасып болған соң дәрет алып құлшылық жасауға әрекет етесің. Құлшылықтарды жасап болған соң экскурсияға барып ерекше әсерге бөленесің. Бағдарлама бойынша қажылықты өтеп болған соң қайтадан әуежайға апарып, ұшаққа мінгізіп, елге қайтарады.
– Тур агенттіктермен қажылыққа барғанда есіңізде қалған әсерлі оқиғамен бөліссеңіз.
– Жалпы шетелге жағдайы бар адам шығады ғой. Бір жігіт болды жағдайы бар, бірақ намаз оқымайтын. Барған кезде бізбен бірге бір рет құлшылық жасап алды. Одан кейін тек қана мейрамханаларға, көңіл көтеретін орындарға ғана баратын. Квадроциклге мініп, түйелермен құмды далада сейіл құрып, турист ретінде қыдырып теңізге барып жүрді. Оның жүріс-тұрысына қарап, уайымдап едім. Бір жылдан кейін екеуміз кездесіп қалдық. Сонда байқағаным, ол жігіт бес уақыт намазға келіпті. Бізбен барған соң өзі арнайы бірнеше рет қажылыққа барып, сапарлардан әсерленіп, ойланып-толғанып бес уақыт намазым бар екен ғой деп дінге келген екен. Бүгінде ол бес уақыт намазын қаза қылмайды, тіпті мешітке барып оқиды.
Алланың бекіткен қасиетті жері болғандықтан екі рәкәт намаз оқысаң жүз мың есе дәрежесі жоғары болады. Дәл сол сияқты кішкене қателік жасайтын болсаң дәл сол секілді жазасы да көбейіп кетеді. Аз ғана сауап істесең де жүз мың есе дәрежең жоғарылайды.
– ҚР Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен Түркістанға келгенде жергілікті имамдардың барлығы ұлттық дәстүрлі әдебиетті насихаттауы керек, жергілікті газетті оқуы керектігін айтқан болатын. Имамдар газет, кітап оқиды ма? Мешіттерде әдеби кітаптар бар ма?
– Өзім жергілікті «Түркістан» газеті мен діни басқармадан шығатын «Мұнара» газеті, «Иман» журналын оқып тұрамын. Қосымша әдебиеттерді де оқимын. Соңғы оқыған кітабым «Абай жолы» романын әлі аяқтамадым. Қала имамдарын да байқап жатамын, жұмыс сапармен мешіттерге барғанда сөрелерде діни кітаптардан бөлек, әдеби кітаптар мен газет-журналдар тұрады. Халық алдына шыққаннан кейін біліміңді жетілдіріп отырмасаң, ештеңе айта алмай қаласың. Сондықтан имамдарымыз да шама-шарқы жеткенше кітаптар оқып тұрады. Сонымен қатар Мәлік Нұржанұлы имамдардың театрға баруы мәселесін де тілге тиек етті. Оның да жоспары бекітіліп, бағдарламасы ұсынылды. Театрдағы қойылымдардың арнайы тізімі келді. Біз мәдениет пен руханият ордасы театрға баруға дайынбыз.
– Кино саласына көңіліңіз толады ма, кино көріп тұрасыз ба?
– Жалпы өзім киноны көп көре бермеймін. Дін саласына келмес бұрын да кино көруге қызықпайтынмын. Кинода діни тұрғыдан қайшылықтар болмаса, адамның көзінің нұрын әлсірететін, рухын сөндіретін дүниелер болмаса қарсылық жоқ. Ұлтжандылыққа тәрбиелейтін, отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын, бауырмашылдықты насихаттайтын кино болса дін оған қарсылық танытпайды. Мысалы, өзіміздің «Оян қазақ», «Ұлт ұстазы» секілді отаншылдықты дәріптейтін кинотуындыларымызды көріп тұрамын. Өзім бұрын көрген «Қазақ хандығы» киносериалын жақында ғана отбасыммен бірге қайта көріп шықтым. Бұрын көрсек те байқамаған жаңа дүниелермен танысып, ұлттық құндылықтармен табысып, домбыраның үнін естіп рухтанып қалдым. Тағылымы мол ұлттық идеологиямызды дамытатын отандық кинотуындыларымыз көбейе берсін.
– Зайырлы мемлекеттің дінді ұстанушы азаматтары қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Зайырлы мемлекеттің дін ұстанушы азаматы өзге дін өкілдеріне құрметпен қарауы керек, олармен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Зайырлылық дегеніміз – дінсіздік деген мағынаны білдірмейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Мәдинаға көшіп барған кезінде ол жерде өзге дін өкілдері болды. Оларды бара салып қуып жіберген жоқ, оларға құрмет көрсетті, араласты, сыйласты. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Егер өзге дін өкілдері сендерге арам пиғылдары болмаса, сендерге қарсы қастандық жасамаса олармен жақсы қарым-қатынас жасауларыңа тыйым салынбайды» – дейді. Сондықтан да мен мұсылманмын, намаз оқимын, дінді ұстанамын деп өзге дін өкілдерінің жамандығын көрмесек олармен қарым-қатынастың дұрыс болуына шариғат қарсы емес.
– Талғат Ілесбекұлы, руханият саласында атқарып жатқан еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Азамат ӘЛІБЕК.