ТҮРКІСТАНДА ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

232 көрілім

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең өзекті әрі нәзік мәселенің бірі. Бұл тек жәбірленушінің физикалық және психологиялық жағдайына әсер етіп қоймай, бүкіл қоғамның моральдық ахуалын әлсіретеді. Ел президенті бұл проблемаға ерекше көңіл бөліп, құқық қорғау органдары мен заң шығарушы биліктің алдына зорлық-зомбылықпен күресу үшін нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осы тапсырмалардың нәтижесінде Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда, жаңа заң Түркістан қаласында қалай жүзеге асуда? Аталған құқық бұзушылықпен күрес қалай жүріп жатыр? Жәбірленушілерге нақты қандай көмек көрсетіледі? Түркістан қаласының жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Марат Жұмабековпен осы сұрақ төңірегінде әңгімелесіп көрмекпіз.

– Марат мырза, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жаңа заң қабылданғаны белгілі. Бірақ оны көпшілік қалай қабылдады?

– 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйесін түбегейлі өзгертті. Бұрын жәбірленуші тарапынан арыз-шағым түссе ғана тіркелетін заң бұзушылықтар енді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірілді. Бұл дегеніміз, полиция қызметкерлері кез келген зорлық-зомбылық фактісін өздері анықтап, тіркеп, әкімшілік іс қозғай алады. Осылайша, құқық қорғау органдары жәбірленушіні қорғау мен қылмыскердің жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету бағытында шешімді қадамдар жасады. Жаңа заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – құқық бұзушының сотта тек бір рет қана татуласуға құқығы бар екендігі. Бұған дейін көптеген жағдайларда татуласу рәсімі жәбірленушіні қорғай алмады, себебі құқық бұзушы айыппұл төлеумен немесе ескерту алумен шектеліп, жағдай қайталана беретін. Енді бұл өзгеріс құқық бұзушыны жауапкершілікке тартудағы әділдікті күшейтіп, жәбірленушіге қайта қауіп төнбеуін қамтамасыз етеді. Бірақ шыны керек халықтың біразы бұл заңды әлі толық түсінбей жатыр.

– Бүгінгі күні Түркістанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қаншалықты өзекті?

– Өте өзекті. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – біздің қоғамда кең тараған және өткір мәселе. Бұл тек жәбірленушінің денсаулығына немесе психологиялық жағдайына зиян келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпке де қауіп төндіреді. Әдетте жәбірленушілер туыстарынан да мұндай фактілерді жасырады, тіпті полицияға жүгінуге батылы жетпей жатады. Олар үйдегі жанжалдың сыртқа шығуын қаламайды, ал бұл өз кезегінде құқық бұзушының жазасыз қалуына, жағдайдың нашарлауына және тіпті ауыр қылмыстардың орын алуына әкеледі. Мысалы, осы жылдың басынан бері бізге тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 715 өтініш пен шақырту келіп түсті. Бұл – әрқайсысы жеке зерттеуді, көмекті және нақты шара қолдануды қажет ететін жағдайлар. Бірақ, өкінішке қарай, жәбірленушілердің көбі заң жүзінде өздерін қорғауға дайын емес. Көпшілігі үй тирандарымен бірге тұруды жалғастыруға мәжбүр, ал кейбірі жағдайды қоғамдық қысым немесе ұят сезімінен жасырады. Біз үшін ең бастысы – жәбірленушілерге көмек көрсету, оларды қорғау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу. Қазірдің өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал Түркістан қаласында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бұл бағытта бірқатар жүйелі шаралар қолға алынып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, есептік мерзімде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 322 іс-құжат сотқа жолданды. Оның ішінде 64 іс қайта жасалған тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтарға қатысты. Әкімшілік істердің шамамен 50 пайызы сотта қаралып, кей жағдайларда тараптардың татуласуы нәтижесінде құқық бұзушылар жауапкершіліктен босатылып жатыр. Бұл жағдайлар көпшіліктің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарына жеңіл қарауы мүмкін екенін көрсетеді. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір жылға арналған қорғау нұсқамаларын рәсімдеп, профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Бұл нұсқамалар жәбірленушіні қорғап қана қоймай, құқық бұзушыға нақты шектеулер қою арқылы қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Бүгінде полицияның негізгі мақсаты – жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және оларға қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

– Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 715 өтініш келіп түсті дедіңіз. Сіздің практикаңызда екінші рет тұрмыстық зорлықтың құрбаны болып, қайта шағымдан-ғандар болды ма?

– Әрине, ондайлар көп. Әсіресе ажырасқан отбасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті бізге «күйеуім бүгін ішіп келеді, маған тисетін сияқты» деп алдын ала хабарлап қоятындар да бар. Бірақ өтініш екінші рет түскен жағдайда 73 бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Одан кейін бір жыл ішінде тағы да үстінен шағым түсетін болса оның жауапкершілігі күшейеді. Яғни оған әкімшілік іс, екі тараптан татуластыру, ымыраға шақыру деген әрекеттер мүлде болмайды. Бірден әкімшілік қамаққа алынады. Осы заңды көбі түсінбей, ерлі-зайыптылар бір күн ұрысып, ертесі татуласып арыз тастағанына өкініп отырады.

– Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда орын алатын құқық бұзушылықтардың кейбірі ұсақ-түйек мәселелерден туындайтыны рас па?

– Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар да кездесіп жатады. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыз-шағымдардың барлығы бірдей ауыр қылмыстардан тұрмайды. Кейбір жағдайларда азаматтар эмоцияға беріліп, отбасылық ұрыстың шағымға ұласуы да мүмкін. Осындай мәселелер көбінесе отбасындағы материалдық қиындықтардан немесе ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінбеуінен туындайды. Мысалы, жыл басынан бері 680 тұлғаға қатысты «Қорғау нұсқамасы» шығарылды. Оның ішінде 642-сі отбасылы адамдарға қатысты. Айта кету керек, кейбір азаматтардың бір жылда бірнеше рет қорғау нұсқамасы алынғаны да белгілі. Мәселен, 53 тұлға екі рет қорғау нұсқамасына алынса, үш адам бұл тізімге төрт рет енген. Тіпті бір азамат бір жыл ішінде бес рет қорғау нұсқамасына алыныпты. Сонымен қатар, кейбір азаматтарға қатысты қатаң шаралар қолданылып, бір азамат төрт рет 10 тәулікке қамауға алынған жағдайлар да тіркелді. Мұндай жағдайларда біз тек заңдық тұрғыдан ғана емес, адамгершілік қырынан да қолдау көрсетуге тырысамыз. Болмашыға арыз түсірген азаматтарға мәселені бейбіт жолмен шешудің жолдарын түсіндіреміз. Отбасының тыныштығы мен бірлігі біз үшін аса маңызды, сондықтан әрдайым түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуді басты міндетіміз.

– Қаламызда отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқық бұзушылық көрсеткіші салыстырмалы түрде қандай? Мәселен өткен жылмен салыстырғанда шағым түсу азайған ба?

– Былтырғымен салыстырғанда қатты өзгеріс жоқ. Негізінде отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтардың өсуі бірнеше факторлармен байланысты. Ең алдымен, Заңға енгізілген өзгерістер салдарынан қылмыстарды тіркеу деңгейі артты. Мысалы, ағымдағы жылы аталған салада жасалған қылмыстар саны 4-тен 30-ға дейін өскен. Талдау көрсеткендей, осындай құқық бұзушылықтардың 8 оқиғасы мас күйде немесе спиртті ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде орын алған. Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда және көшелерде арнайы рейдтер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Әкімшілік кодекстің 440-бабына сәйкес, 1517 құқық бұзушылық анықталды. Алкогольді шектен тыс қолдануға байланысты, сот шешімімен 30 азаматқа алкогольді ішімдіктер ішуге шектеу қойылды, ал 7 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. Бұл ретте, кейбір кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзып, пайда табуды көздегені байқалады. Осыған орай, жыл басынан бері 96 жеке кәсіпкер Әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша жауапқа тартылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің бірі – отбасылардың әлеуметтік жағдайы. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жұмыссыз немесе маскүнемдікке шалдыққан азаматтардың арасында орын алады. Біз бұл мәселенің түбегейлі неден екенін дөп басып айта алмаймыз. Біздің қолдан қоғамдық тәртіптің ушығып кетпеуіне атсалысу ғана жатады.

– Қоғамдағы осы өзекті тақырып төңірегінде айтарыңыз бар ма? Жергілікті тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамымыздың жанды жарасы. Бұл мәселені шешу тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Түркістан қаласының жергілікті полиция қызметі бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп, жәбірленушілердің құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тыңғылықты шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, жаңа заңнама аясында жасалып жатқан қадамдар құқық бұзушыларға әділ жауапкершілік жүктеп, жәбірленушілерге моральдық және заңдық тұрғыда қорған болуды күшейтуге бағытталған. Алайда заңның тиімділігі тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың түсіністікпен қарап, мәселені бейбіт жолмен шешуге деген ұмтылысынан да көрінеді. Отбасылық тыныштық пен қоғамдағы тәртіп – өзара үйлесімділіктің кепілі. Бұл мақсатта полиция қызметі тек заңдық әрекетпен ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Ал қоғам ретінде біз отбасы құндылықтарын сақтауға, адамдардың бір-біріне деген құрметін арттыруға атсалысуымыз қажет. Мен тұрғындарға тек осыны айтқым келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы