МӘДЕНИЕТКЕ – МӘЙЕК, ӨНЕРГЕ – ӨРНЕК БОЛҒАН АҒА

386 көрілім

Әбдікерім ағаны танып-білуіміз сонау 80 жылдардыңи ортасында Түркістан педучилещесінде оқып жүргенде басталды. Ол кездің оқушылары мен студенттері әдебиетке, ән-жыр, оның ішінде айтыс өнеріне құштар болып келуші еді. Сол тұста айтыс ақындары облыс, аймақ болып топтық сайысқа түсіп, сөз қағыстыратын. Манап Көкенов, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуова, Надежда Лушникова, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркеновадай айтыс ақындарының жырларын жаттап алып, қойындәптерге көшіріп алып, олардың тапқырлықтарына, суырыпсалма өнеріне тәнті болып жүруші едік.

1987 жылдың мамыр айында теледидардан берілген Павлодар қаласында өткен республикалық айтыс есімде ерекше сақталып қалды. Жыр додасында Сыр елінен барған халық ақыны Манап Көкенов пен Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап барған оның ұлы Әбдікерім екеуін жұптап, сахнаға шығарды. Өте бір жылы рәуіште, тартымды өткен сөз қағысын көпке дейін риза болып, арасында ұтымды әзіл-қалжыңдарын студенттік жыр кештерінде айтып жүретінбіз. Айтулы әкелі-бала айтысының соңын:

Әзірге сенімге әке, ене алдым ба?

Сіз таусыз ғой, төмпешік мен алдыңда.

Ақындықты ұрпаққа жалғастырам,

Перзенттік сертім осы ел алдында, – деп түйіндеген еді Әдікерім аға. Осылай есіміне сырттай қанық болып жүретін жақсы ағаны қаладағы мәдени іс-шараларда, жыр кештерінде жиі көретінбіз.

…Әбдікерім Манапов 1971 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап кеңшарында(бүгінде Манап ауылы) дүниеге келген. 1971-1978 жылдыары Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1975 жылы КазГу-дің филология факультетін бітірген екен. 1979 жылы Түркістан қаласына қоныс аударады. Түркістанға келген жас журналистке штат бірлігі санаулы жергілікті басылымнан орын болмай, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметіне кіріседі. Сегіз қырлы бір сырлы, әнші-термеші, күйші, жас өнерпаз малшылар мен ауыл еңбеккерлерінің қошеметіне бөленеді. 1982 жылы қалалық мәдениет үйінің тізгінін қолға алады. Бөлімді бес жылдай басқарып, аудандық мәдениетті, кейін 1997-2000 жылдары қайтадан қалалық мәдениет бөлімін абыроймен басқарып, халыққа адал қызмет етті. Осы жылдары мәдениет саласында халық театрларының да ықпалы зор еді. Әбдікәрім ағамыз Мәдениетке басшылық еткен тұста, сол кездің тілімен айтқанда үгіт бригадаларын, шығармашылық ұжымдарын «халықтық» мәртебесін алуға бар күш-жігері мен білімін жұмсайды. Түркістан ауданда бұған дейін бірде бір «халықтық» атағы бар ұжым болмаса, Әбдікерім Манапов басшылық жасаған жылдары олардың саны төртеу болады. Халықтық «Шұғыла» үгіт бригадасының сценаристі де, режиссері де, ұйымдастырушы да өзі болады. Оның сценарийлері республикалық Халық шығармашылығы орталығы шығарған топтама жинаққа еніп, ел көлемінде мәдениет ұжымдары кәдеге жаратып, пайдаланушы еді. Ә.Манапов үш дүркін Бүкілодақтық Халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Оның қаламынан туған «Сауран», «Домалақ ана», «Күлайна» поэмалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Иә, Әбдікерім ағамыз мәдениет саласын басқарған жылдары еңбекқорлығымен, іскерлігімен танылды. Әсіресе, 2000 жылы ол кісінің Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосып, көп тер төккеніне көзіміз куә.

Әбдікерім ағамыз ақын, термеші, жыршы-күйшілігімен қатар жақсы журналист еді. Ағамыздың өмір соқпағы өңірде өрілуінен болса керек, республикалық деңгейдегі журналистикада қатты көріне алмағандай. Алайда, ол аймақта қалып қойдым деген жоқ. Қаламына адал болып, газет шығарып, бірнеше басылымға басшылық жасап өңір журналистикасының дамуына өз үлесін қосты. Облыстық, республикалыық газет-журналдарда әдеби мұра, халық қазынасы, ел аузындағы тапқыр сөздер, өнер тақырыбында тұшымды мақалалар мен очерктер жазып журналистік ізін қалдырды.

«2003-2006 жылы «Шапағат» қоғамдық қорының басшысы мен қор жанынан шығатын «Түркіойстан» газетінің редакторы болды. 2007-2008 жылы «Түркістан-Жарнама» газетінің, 2009 жылы «Әзірет Сұлтан» кейіндеу «Ясауи мұрасы» газетінің редакторы қызметін атқарды. Мен ол кезде ХҚТУ-де аспирантурада оқып жүрген едім. «Түркіойстан» газетінің белді авторы болдым. Газет жәдігер шаһардың тарихын қаттап, елдік мәселелерді ашық жазып, тасада қалған талай мәселені батыл көтерген іргелі басылымға айналды. Әбдікәрім ағаны жақыннан танып араласа бастағаным да осы кез еді. Дәл қайсы мақала екенім бүгінде есімде жоқ, редакторымыздың «бұл материал бүгінгі нөмірдің алды болды. Жарайсың, жаза түс!» деп шабыттандырғаны есімде. Сол мақтау сөзге қанаттанып бір ай шамасы «көкте» жүргенімді қазір күліп еске аламын. Осылайша, жастар газет редакциясын үйірсектеп жүруші едік. Сол тұстағы студенттер, бүгінде танымал журналист Мәриям Әбсаттар, Айнұр Қалдарбек, Жазира Ботақара т.б жас қалам иелері үшін бұл газет біршама тәжірибе алаңына айналды.

Әбдікерім ағамыз өзінің Ясауи мұраларын жетік білуімен, зертеушілік қырларымен танылып, қала әкімінің арнайы шақыруымен 2009 жылы «Әзірет Сұлтан» тарихи музейі директорының орынбасарлығына ауысты. Сонымен қатар музей жанынан шығатын «Әзірет Сұлтан», кейін «Ясауи мұрасы» газеттерінің редакторы болды.

Әбдікерім Манапов халқымыздың құнды жәдігерлерін жинаушы, зерттеуші ретінде ерекше көзге түсті. Ол Кентау қаласындағы кәсіптік колледжде арнайы бұрыш ашып, 800 ден астам коллекция жинаған әуесқой этнограф. Қазақстан телерадиосының Алтын қорына Құлан ақын, Нартай, Базар жырау термелері Әбдікерім ағаның орындауымен жазылған. Алтын қорға осындай баға жетпес қазынаны кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткенін біреу білсе, біреу білмес. Сонымен қатар, Сыр өңірінен шыққан халық ақыны («Бес ғасыр жырлайды» жинағына енген) Құлан ақын шығармашылығы туралы да құнды зерттеу мақалалар жазып жүрді. Бұл тақырыпқа ХҚТУ ғалымдары қызығушылық танытып, Құлан ақын шығармашылығына орай тақырып бекітіп беріп, ізденуші ретінде тіркеліп, зерттеуді бастаған болатын.

Әбдкерім аға зерттеушілік тарапта өнімді жұмыс істеді. Халықтық жәдігерлерге, Ясауи мұраларына жанашырлық, елгезектік танытуымен қоғамға қозғау салып түрлі мінберлерден сөйлеп, мақалалар жазуын тоқтатқан емес-ті. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» тарихи қорық мұражайында үзеңгілес жүрген інісі, әріптесі Берік Байбол да жүрекжарды лебізін білдірген екен.

«…Ақын жанын көп толғандыратын дүние Қожа Ахмет Ясауидің отбасына қатысты зерттеулердің лайықты деңгейде жүргізілмегендігі еді. Әр сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибраһим сұлтанның қабірінің басына белгітас қою қажеттігін ылғи жиналыстарда айтып отыратын. Түркістандық көнекөз қария И.Жолдасқожаұлының қолында сақталған деректерінің негізінде қаладағы И.Жансүгіров көшесінде орналасқан үйлердің бірінің жанында мүрдесі қалған Ибраһим сұлтанның қабіріне ғылыми археологиялық зерттеу жүргізуге мұрындық болды. Археологиялық қазбаны тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-ғалым Марат Тұяқбаев бастаған қорық-музей мамандары жүргізді. Нәтижесінде, үйдің іргесінен Ибраһим сұлтанды жерлеген қабірдің басына егілген көп жылғы дарақ талдың тамырын тапты. Әрі қарай сүйекке жетер тұста үй опырылып құлап кету қаупі болғандықтан, үй иесі әрі қарай қазуға рұқсат бермеді. Қазба жұмысы сол жерден тоқтатылды. Үйдің иесі Б.Ебергенов ағамыз азаматтық танытып, Ибраһим сұлтанның басына белгітас қоюға келісті. Күздің қоңыр салқыны түскен уақытта Ибраһим сұлтанға арнап дастарқан жайылып, құран оқылып, ас берілді. Басына белгітас қойылды. Осы істің басында жүрген Әбдікерім ағамыз бірде «Берікжан-ау, арқамнан ауыр жүк түскендей болды», деген еді деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Асыл ағаның шарапаты» деген мақаласында.

Әбдікерім Манапов 2016-2018 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге байланысты халық жадында жүрген көптеген аңыз-әпсананы жинады. Көп ізденді, экспедициялар ұйымдастырды. Нәтижесінде, 2018 жылы «100 аңыз» атты кітабы жарық көрді. Осы ізденістерінің жемісі ретінде, музейдің сайтынан ол кісінің бейне-дәрістерін, лекциялары ықыласты жанға әлі көруге болады.

2010 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталса, 2012 жылы «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атанды.

… 2021 жылдың мамыр айында Әбдікерім ағаның Астанадағы ұлы, журналист Алмас Манап «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін бір топ әріптестерді бастап, түлеген Түркістанға зияраттай келген-ді. «Төркінім келіп жатса, қалай шыдап отырайын» деп алдарынан шығып әріптестерімді қарсы алдым. Кесенені, жаңа ашылған Керуен сарайды аралап, қызықтап кешкісін Әбдікерім ағаның шаңырағында қонақ болдық. Ораза кезі еді, ауызашарға көп адам жиналыпты. Соған қарамастан ағамыз, жас журналистермен емен-жарқын сөйлесіп, құшақ жая қарсы алды. Жеңгеміз де мейлінше қонақжайлық танытып жарқылдап жүрді. Көптен көрмеген ағамызбен кездесіп қауқылдасып қалдық. Көкейімде Әбдікерім ағамен сұхбатассам деген ой болатын. Іштей бір күні келермін деп ойладым. Жаңақорғандық қаламгер Шайдарбек Әшімұлының «Сыр бойының әулиелері» деген тарихи-танымдық кітабын оқып, содан өзімнің ата-бабам туралы деректерге қанығып, кей тұсын нақтылау керек екен дейтінмін. Қожалардың тарихын бір білсе Әбдікерім ағам жақсы біледі-ау, сөйлесуім керек деп түйдім. Сөйтіп телефонын алып алдым. (Ағамызды соңғы рет көріп отырғанымды білсемші). Ұзамай жазғы демалысқа шықтық. Түркістанда жаппай тұмау, «жаман тұмау» өршіп кетті. Індеттен қашып құтыла алмадық, 2 айдан аса аурумен арпалысып, үйден шыға алмадым. Тамыздың орта тұсында, әлі де толық айықпасам да там-тұмдап қаламақы алып тұратын «Қызмет» газетінің тапсырмасымен Өзбекәлі Жәнібектің 90 жылдығына орай өтіп жатқан конференцияға келдім. Ұйымдастырушы «Әзірет Сұлтан» музейі. Министр келді, әкім келді, бірқатар аты мәшһүр ғалым-қайраткерлер онлайн қосылды. Бас баяндамшы Құлбек Ергөбектің өзі онлайн қатысты. Жиналған жұртшылық тұмылдырық киіп тұмшаланып, иық тіресіп қатар отыруға именіп, бір орын тастап, шашырап отырмыз. Көптің арасынан Әбдікерім көкемді іздедім. Көкем көрінбеді. Музейдің ғылыми қызметкері таныс жігіттен жаймен сұрастырып едім: ол кісі «тұмауратып» қалған-ау, келген жоқ деді.

…Қыркүйектің алғашқы аптасында төбемізден жай түсіргендей суыт хабар жетті: ағамыз келместің кемесіне мініпті.

Ә.Манапов әкесі Манап Көкенов туралы «Көңілден кетпейсіз, көке!» деген естелік мақаласында: «Көке-ау, жапырақтай жүрегіңіз сыр бермегенде, «татар талқаныңыз» таусылмағанда 70 жылдық мерейтойыңыз думандата тойланар ма еді, бәлкім. Жаңақорған ғана емес, Алматының да құрметті азаматы атануыңыз да мүмкін еді-ау! «Жазмыштан озымыш жоқ» деген осы да» деген жолдар бар. Осы сөз Әбдікәрім ағаның тап өзіне арналғандай 66 жасында өмірден озды. Жер басып жүргенде жақсы аға 70-тің желкенін керіп, арамызда жарқылдап жүрер ме еді дейді пенде көңіліміз.

Артында аяулы жары мен үш перзенті, өшпес өнегелі өмір, із қалды. Қазақ айтыс өнерінің қайта жаңғыруына қосқан сүбелі үлесі, еңбектері, 300-ден аса өлең мен 60-тан астам әндері қалды. Осындайда һәкім Абайдың «… өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұ-ғын артында сөз қалдырған» деген дана сөзі еріксіз ойға оралады екен.

Әтіргүл ТӘШІМ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы