2014 жылы Түркістан тұрғыны Кеңесбек Бөкебаймен таныс болған едім. Менен мүшел жасқа жуық ілгері екен. Әр сөзінен мейірім, әр қылығынан қайырым лебі сезіліп тұратын, мұсылмандық бес парызын түгел өтеген, қарттығына үлкен абырой атақпен жақындаған кісі екен. Бабалары Бөкебай әулетінің қара шаңырағын елге үлгі боларлықтай дәрежеде ұстап, нағыз қазақ шаңырағының үлгісін көрсете, таныта білген қазақ екен. Біздің де сексенге аяқ басқан кезіміз еді. Бұл жас адамға жаңа дос, жаңа таныс іздестіретін жас емес. Дегенмен бұл жолы басқаша болып шықты. Бір күн үйіне қонып, бір күн Түркістан қаласын бірге аралап, сырлас болған бұл адам менің жадыма өшпестей әсер қалдырыпты.
Біз о кісінің інісі Саматбек Бөкебаймен Сарайшық қаласында таныс болып едік. Қазақ халқының алғашқы елі Жошы ұлысы Алтын Орда атанып тұрған кезде, оны Ұлы Ұлысының кіші астанасы ретінде Бату хан тұрғызып, Сарайшық атайды. Сарайшық қазақ елі үшін ерекше қала. Оның тарихы туралы бір-екі ауыз сөз келтіре кеткенім жөн болар. Алып ел Алтын Орда бір қазанға сыймай тарап тынады. Оның жұртында ноғай орда, қырым хандығы, қазан хандығы, орыс елі, өзбек елі, сібір хандығы атты елдер пайда болады. Сарайшық қазақ елінің алғашқы астаналарының бірі болады. Ұзақ жылдар Түркістан қаласының бас дәргері болған Кеңесбек ақсақалмен таныстырған осы әулеттің бір көрнекті ұлы, Кеңесбек қарттың інісі, атақты сәулетші Бөкебай Саматбек еді. Онымен біз Сарайшықта салып жатырған «Хан Ордалы Сарайшық» кесенесін көруге келген кезінде таныстық. Ол Атырау облысының бас сәулетшісі екен. 1999 жылы «Қазақстан мұнайына 100 жыл» мереке күніне аяқтамақ болып, «Хан Ордалы Сарайшық» кесенесін тұрғызып жатқан болатынмын. Таныстығымыз жалғасып, біз Махамбет ақынның 200 жылдығына арналған «Исатай-Махамбет» алаңының жобасын бірге жасадық.
2014 жылы жоңғар-қазақ соғысының батыры, мүрдесі Қаратау етегіндегі бір төбенің басында қалған Тоқтамыс батыр бабамызға ескерткіш орнатуға ниеттеніп, Саматбек екеуміз батыр басына қойылатын күмбез жобасына кірістік. Тоқтамыс төбе басына барып қайтпақ болып Астанадан Жаңақорғанға аттанып, Түркістандағы ағасы Кеңесбек үйіне түстік. Сол үйде қонақ болып отырып әңгімеміз көбіне жаңа кесене туралы болды. Кеңесбек аға орынды сұрақтарымен, ұсыныстарымен әңгімеге араласып отырды. Мен «сіз де құрылысшы боласыз ба?» деп сұраппын. Ол дәрігер болып шықты. Дәрігер болғанда да көптеген ғылыми еңбектері Кеңес Одағы Ғылым академиясының басылымдарында медицина саласындағы ғылыми жаңалықтары мен жеткен үлкен жетістіктері бойынша жарық көрген, ота жасау тәжрибелерін іс жүзінде қолданып жүрген дәрігер екен. Таныса келе бұлардың мықты тегі бар әулет екеніне көз жетті. Өз әкелері, жаны жәннәтта болғыр Тәжен ақсақалдың ұлдары шетінен дарынды да, талапты боп өмірге келіпті. Сол өнерлерін олар шетінен елім деп, қазағым деп жұмсайтын болып тәрбиеленген секілді. Бәрі де қасиетті Түркістан топырағынан жаралып, өз шаңырақ-тарын Түркістанда көтерген отау иелері.
Тәжен ұлдарының үлкені Кеңесбек өз мамандығы дәрігерліктен басқа да өнерлерде үлесі бар кісі екен. Әкесі туралы мемуарлық жанрда жазылған «Тегіне тартып туған ер» атты еңбегі кәнігі жазушылар еңбегінен кем түспейтін естелік шығарма. Тілі соншалық жатық, сөзі ұғымды жазылған. О кісінің қолы дәрігер-оташы болса, жаны жазушы екен. Дәрігерлер – адам тәнінің инженері, жазушы – адам жанының инженері дейді ғой. Сол айтқан Кеңесбек қажы өзінің мамандығымен қоса «адам жанының инженері» атағын да абыроймен атқарыпты. Ол қазақ жазушылары мен ақындарының елең еткізер бір еңбегі туралы құлағы шалса іздеп жүріп оқитындардың бірі екен. Тәжен әулеті, оның балалары туралы ой қозғағанда Кеңесбектен кейін «Мен де ерекше жаратылған тұлғамын» деп, кез келген қазақпен бой теңестіре алар бір інісі болды. Ол бізге рухани үндес, адами жолдас болған – Әнуарбек Тәженұлы еді.
Елім деп еткен бұл жігіттердің ішінде рухани үндес болғаным, таныстығымыз жарасқаны, еңбегін көбірек қызықтаған кісім, мамандығы орыс тілінің мұғалімі Әнуарбек Тәженұлы болды. Ол Ахмет Яссауи бабамыздың, барша адамзатты имандылыққа шақырар оқулығына айналған хадистерін түп нұсқасынан, шағатай тілінен (шағатай тілін ұзақ жылдар бойы зердеден өткізе оқып, үйреніп алады) тікелей қазақшаға аударады. Осы аударма туралы біз кезінде Әнекеңнің сұрағымен пікір жазған едік. «Мен – Құл Қожа Ахмет, алпыс үште кірдім жерге» атты мақаламды зерттеу, зерделеу еңбегім еді деп те мойындауға болар. Әнекеңнің «Диуани хикметі» де, біздің мақаламыз да орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, ағылшыншасы Лондонда жеке кітап болып жарық көрді. Бір ғажабы сол кітап соңында Ясауи суретімен менің бейнем бір бетке түсіп қалыпты. Бұл біз үшін зор мақтаныш болды. Сол кітап бетін осы мақала соңына тіркей салуды жөн көріп отырмын. Осы жолдарды жазып отырып Әнуарбектің сабырлы мінезін, мағынаға толы сөздерін, зерек кісіге тән өткір көзін елестете халқымыздың «жақсыдан шапағат» атты терек ойлы мақалын да еске алып отырмын. Үшінші ұлы Маратбекпен таныс емес едім, ертерек бұл дүниеден озып кетіпті. Есесіне оның ұлы Нұрланды, Нұрлан сәулетшіні, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атты еліміздің ең құрметті атағын алу дәрежесіне жеткен сыпайы жігітті жақсы білемін. Ал атақты сәулетші Саматбек Тәженұлы – Астанадағы «Қазақ Елі» монументі, Астана әуежайы жолындағы «Алтын қанатты» аттары, М.Нәрікбаев атындағы Казақ гуманитарлық заң универси-теті, ҚР прокуратурасы, көптеген облыс, аудан орталықтарындағы кешендері, жеке ғимарат-тары арқылы елімізге аты белгілі адам. Дүние-жүзілік Сәулет Академиясының академигі.
Біз Тәжен ақсақалдың Еркінбек атты кенже ұлын ерекше дарынды, бірбеткей, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайсар мінезді, батыр жаратылған жан деп бағаладық. Біз оған бұл бағаны оның соңғы бес жыл бойы «Қазақтың киіз үйі» атты жобамен айналысқандағы кездескен кедергілерге көзқарасы арқылы, сол кедергілерге мойымай, қайта-қайта жігерлене кіріскеніне сәйкес баға беріп отырмыз.
Ата-бабамыздың сан мыңдаған жыл панасы болған, хан ордасы да сол, шаруаның қара шаңырағы да сол болған қазақ халқының бұл кезде пайдалануынан шығып қалуға айналған киіз үй тағдыры қатты толғандыратын мәселе еді. Сондай толғаныс нәтижесінде біздің «Қазақтың киіз үйі» атты этнографиялық зерттеу (Астана, «Елорда», 2005 ж.) еңбегіміз жарық көрді. Ауыл тұрғындарының жаппай қалаға қоныс аудару үрдісі етек алып тұрған кезде, халқымыздың көшпелі өмір сүру үрдісінен қол үзіп қалған уақытында, әлем халықтарының мәдениеті мен ұлттық болмысын, тілі менен ділін «Жаһандану» аждаһасы жұтып келе жатқан заманда Еркінбек Тәженұлы қазақ халқына еңбек ету атты қасиетті парызының басты міндеті деп ата-бабасының киіз үйіне қамқорлық жасау шаруасын таңдапты. Оның бұл жобамен айналысқанына бес жол болды. Осы бес жылды Еркінбек мырзаның қалай өткізгенінен біздің толық хабарымыз бар. Ол жылжымалы, жиналмалы киіз үйдің ондаған нұсқасын жасады. Әр нұсқасы лауазымды басшылар алдынан өтті. Тіпті бір рет Елбасымызға да көрсетіліпті. Кеңесбек ағаның тәрбиесінде болған інілері туралы аздап дерек бердік, енді о кісінің бізді ағайындығы жоқ адамды, қандай ниетпен жақын тұтқанын еске түсіріп көрелік. Мен 2014-15 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Тоқтамыс төбе басына «Тоқтамыс батыр» (жоңғар-қазақ соғысы батырларының бірі) күмбезін тұрғыздым. Авторлары: Сайын Назарбекұлы, Саматбек Тәженұлы Бөкебай.
Жоба Астана қаласында аяқталып екі автор Түрістанға жетіп, Саматбек ағасы Кеңесбек үйіне қондық. Аға жобамызды көріп біраз қуанып қалды. Басқа ел азаматы болса да есімін ұмытпай, тіпті «Жаңақорған емханасының демалыс үйіне «Тоқтамыс» атын беріп отырған ел туралы ойын, қазақ халқының кемеңгерлігіне бағалап, мақтанышпен әңгімелеп кетіп еді. Кеңесбек ағаның жобаны емес, Тоқтамыс атын сақтап қалған ел туралы жақсы пікірлері бізге де қазақ халқының тіктілігінің дәлеліліндей көрініп еді. Келесі күні Кеңесбек ақсақал бізге батасын беріп, жұмысымызға сәттілік тілеп жолға шығарып салды. Аға батасы қабыл болып, «Тоқтамыс батыр» кесенесі ел назарын аударарлықтай, ол өлкеде бұрын кездеспейтін зираттық сәулет ескерткішіне айналғанды. Бұл арада марқұм Амангелді туралы бір-екі ауыз сөз қосудың артықшылығы болмас. Амангелді Абдуллаев ұзақ жылдар сол шипажай жұмысын жолға қойып, одаққа атақты еткен маман, басшы болған тұлға. Ел егемендік алып, қазақ елінің байлығын талан-таражға салып жатқан жылдары жанталаса қарсылық көрсетіп, бар малын салып, қарыз алып, шипажайды сақтап қалған азамат екен. Сонымен Кесенені тұрғызатын болдық. Маңғыстаудан шәкіртім Қайрош бастаған біраз шеберлерді алып келдім. Олар Тоқтамыс батыр төбесінің жеріне иелік ететін Жалбызбай ақсақал үйіне, мен шипажайдың «Тоқтамыс» демалыс үйіне орналастық. Кесене құрылысы көп қиындықпен бітті. Бірақ кейбір жеке азаматтардың аруаққа деген ниеттері оларды ұмыттырады екен. Мысалға бір-екеуін еске ала кетейін. Амангелді ақсақал маған «Тоқтамыс» демалыс үйінің бір бөлмесін босатып беріп «осы орын қашан келсеңде сенікі» деген еді. Екіншісі кесене құрылысы аяқталуға жақын қалған кезі болатын. Есік қағылды. «Кіре бер, есік ашық деймін». Қарасам, кіріп келе жатқан Кеңесбек қарт. Қасындағы жігіттің қолындағы қалтада үйітілген бір қойдың еті. Сонау Түркістаннан беріп жібермей, жарықтық-ай, сексеннен асқан шағында, 100 шақырым жол жүруге ерінбей өзі алып келіп тұр. «Саматбек екеуіңді батамды беріп жолға шығарып салып едім, енді ескерткішті өз көзіммен көруге келдім», – дейді. Адамдардың өзіне сенімділіге де, өз ұлтыңның тектілігін құрмет тұту да басқа адамдардың осындай әрекеттерінен өз болмысыңа орныға бастайтын болса керек. Мен өзімнің Кеңесбек ақсақалды туғанымдай жақсы көріп кетуімнің себебін түсіне бастадым. Бұл ойыма дәлел «Тегіне тартып туған ер» кітабының соңғы беті менің ойымнан алып жазғандай еді. Үзінді келтіруді жөн санадым.
Ат басын бұрғанша ай өтеді, айналып келгенше жыл өтеді. Сөйтіп жүріп қамшының сабындай қысқа ғұмырың өтеді дейді халқымыз. Ұлы уақыт көшімен ілесіп біз де өтерміз, кетерміз. Қазақ елінің ертеңгі болашағын қолдарымен жасап, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарына қосатын ұрпақ біздің балаларымыз, немере-шөберелеріміз болмақ. Тегінен нәр алғанның теріс кеткені болып көрген емес. Ата-бабасының жақсылы-жаманды өмір жолын тәлім алсын деп ұсындым. Бір Алланың жебеуімен өмір бойы жасаған еңбегіміздің жемісін жер артымызда қалдырған ұрпағымыз саналы болғай. Жер бетінде қалған соқпағымыз жаңғыра бергей! Иә, жанымдай жақсы көретін бауырларым, перзенттерім, өмірдің сәні де, рахаты да дін жолы, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, калимаға тіл келтіру, бұйырса қажылыққа барып келу. Қысқа ғұмырдың мәні осы екен ғой…
…Содан бері де он жыл өтіпті. Біз енді тоқсанға аяқ басыппыз. Қазақ халқы ежелгі халық дейміз. Қазақ халқы текті халық дейміз. Бұл «жалған» тірлікте болып жататын өтірік пен өсекті де, қарақшылық пен алармандықты да, озбырлық пен парақорлықты да ұмыттырып, «елім менің, жерім менің» деп, еліңді сәл алысқа кетсең сағындыратын, әулиелерін еске алып табындыратын осындай тұлғалардың іс-әрекеттері болса керек…
Кеңесбек аға! Сен – нағыз қазақ шаңырағының иесі едің!
Біз енді өзіңді жоқтай отырып, тірлігіңде өзің маңдай теріңді төккен, ақыл-ойыңды аямай жұмсаған отбасың мен отаныңның атынан:
Тәңіріңен жатқан жеріңді жарық еткей деп тілек тіледік!
Алла тағалаңнан жұмағыңнан орын бер деп тілек тіледік!
Құдайыңнан артқы ұрпағыңа бақ береке, еліңе ауыз бірлік бере гөр деп тілек тілеудеміз!
Біз де дайындалып жүрміз. О жақтан да, бұл жалғаннанда да өзімізге сіз жеткендей абырой-атақ дәметеміз…
Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.