«АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ»

630 көрілім

Қазақстанның аймақтық дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторларының бірі. Өңірлерді дамыту бойынша алуан түрлі жобалар қолға алынып, осы бағытта іске қосылуда. Олардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жайлы ауыз толтыра айтуға болады. Жобаның арқасында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқындылық деңгейі аңғарылады. Барлық салада біршама оң өзгерістер бар.

Ұлттық жобаның міндетін еске сала кетсек «2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді» деп жоспарланған екен. Яғни жоба Қазақстанның барлық өңірлерінің дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Демек, жоба ойлағандай жүзеге асса инфрақұрылымдық мәселелелер шешімін тауып, әлеуметтік экономикалық жағдай жақсара түсер еді. Осы ретте Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ бөлім басшысы Нұрлан Тілешұлымен сұхбаттасып, атқарылып жатқан бірқатар шаруалардың жайын білген едік.

– Нұрлан Тілешұлы, жалпы Түркістанның инфрақұрылым және коммуникациялар саласы бойынша бірқатар жұмыстардың өз кезегімен жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Соның ішінде электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсаңыз, осы мәселеде тапшылық байқалмай ма, қазіргі өзекті мәселенің жайын халыққа кеңінен айта кетсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз облыс орталығы – Түркістан қаласының өсуіне, халық санының көбеюіне байланысты жарықпен қамтамасыз етуде тапшылық болмай ма деген ойды әр тұрғын ойлануы мүмкін, дегенмен тиісті компаниялардың электр қуатымен қамтамасыз етуде жауапкершілігі өте жоғары екені белгілі. Қала тұрғындарының алаңдамай, жайлы өмір сүруі үшін бұл мәселе бір жүйеге қойылған. Осы орайда айта кетсек, Түркістан қаласында 44 548 электр абонентінің 44 102 абоненттері сапалы электр қуатымен қамтылған. Осы орайда, ағымдағы жылы бір нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып, нәтижесінде қосымша 4520 астам абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетінін атап өткім келеді. Ал Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, М.Абенов, Төле би, Н.Төреқұлов, Н.Тынышқұлов көшелері бойында 10-0,4 кВ кабель желілерін салу құрылысы өз алдына жүріп жатыр. Қазіргі таңда үш нысан құрылысын қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылды, абонент саны 2 704. Ал Айбергенов көшесі бойындағы 35-0,4 Кв кабель желілерін салу, Бірлік екі және жобадан тыс қалған жеті нысанды электрмен қамту, Түркістан қаласындағы электр қондырғылары мен электр желілерін қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуды 99,5% -ға жеткізеді деуге негіз бар.

– Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету саласының жай-күйі жайлы айтып берсеңіз.

– Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету тікелей міндет болғандықтан, бұл мәселенің шетте қалмайтыны белгілі. Қазіргі таңда, Түркістан қаласында 44 548 абонент ішінде ауыз сумен 98,9% қамтамасыз етілген. Тарқатып айтар болсақ, 2024 жылы екі нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде №1, 2 мөлтек аудандар және Ремзауыт аумағындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғырту, Султанов көшесіндегі «Сельмаг» су жинау ғимаратын қайта құру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып, нәтижесінде жыл қорытындысымен 99,5% қамтамасыз ететін болады деген ойдамыз.

– Табиғи газбен қамтамасыз ету саласы бүгінде мықтап қолға алынуда. Өңір тұрғындарын көгілдір отынмен қамту көрсеткіштері қандай?

– Баршаға белгілі, облыс әкім­ді­гімен «Түркістан облысын газ­бен қамтамасыз етудің іс-шара жос­па­ры» бекітілген. Жос­парға сәй­кес, 2026 жылға дейін облыс елді мекендерін 100 пайыз газбен қам­тамасыз ету жоспарланғаны туралы хабардар етілген. Бүгінгі таңда көгілдір отынды 39 667 абонент немесе қала тұрғындарының 98,0% дербес шот ашып пайдалануда. Өткен жылы басталған Отырар мөлтек ауданындағы 5 қабатты 36 тұрғын үйді, 2136 пәтерді газбен қамтамсыз ету құрылыс жұмыстары аяқталып, дербес шот ашу жұмыстары жүргізілуде.

– Кәрізбен қамтамасыз ету назардан тыс қалмас, дегенмен, маманның жауабына құлақ түрсек.

– Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 16 336 абонент қамтылған. Жыл қорытындысымен 55,8%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы бүгінгі таңға 17 жобаны іске асыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, екі нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылса, қазіргі таңда, 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Төрт нысан құрылысына республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Айтар болсақ, Шауғар тұрғын алабының кәріздік желісін салу, Баянауыл шағын ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы, №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы, Иассы шағын ауданы, Бірлік тұрғын үй алабындағы кәріз жүйелерінің құрылысы жоспарлануда. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 95% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады.

– Аумақты абаттандыру бойынша негізгі жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Өткен жылы Түркістан қаласында 17 нысанның абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған болатын. Атап айтқанда, Отырар мөлтек аудан ауласын абаттандыру үш кезеңнен тұрады. Сейхун көшесі мен Гүлдер саябағына гидрантты су жүйесін жүргізу, спорт алаңдары мен ойын алаңдарын салу, Балақаев көшесіндегі көп қабатты үйлер алдына абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Сондай-ақ, Төле би көшесіндегі №2 үй және Ж.Қыдыр көшесіндегі №84 үйді, Т.Бәйтерекұлы көшесіндегі көпқабатты үйлер алдына абаттандыру жұмыстарын жүргізу, Бірлік, Отырар, Азиз базар аумағын, А.Есенберлин көшесі қиылысындағы көп қабатты үйлерге абаттандыру жұмыстарын жүргізу, Тауке хан даңғылы бойындағы №72, 73 көп қабатты үйлер алдын абаттандыру, Шауғар мөлтек ауданы, Абылай хан көшесі бойына саябақ салу, қала аумағында ойын алаңшаларын орнату жұмыстары кезекке қойылған болатын. Оның ішінде 5 нысан бойынша халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлер алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалынады. Сондай-ақ өздеріңіз көргендей, қала ішіндегі және көп қабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңдары соңғы үлгідегі ойын элементтерімен қамтамасыз етілді. Абаттандыру бойынша 2024 жылға жалпы 45 нысанның құрылысын жүргізу жоспарға қойылды. Оның ішінде, жеті жерге саябақ, алаңша құрылысы, орталық маңызы бар көшелердегі суару жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары, көше атауы жазылған тақтайшалар мен нұсқауыштар орнату, орталық көшелерге билборд конструкциялары мен ЛЭД экрандар орнату, сәндік МАФ-тар орнату, аулаішілік абаттандыру жұмыстары ретімен жүргізілуде. Сонымен қатар, Яссы тұрғын алқабына қарасты Барақ Сұлтан көшесі бойындағы саябақты және Бекзат тұрғын алқабына қарасты Бекзат скверін ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін қаржы қарастырылып, қазіргі таңда, жұмысы басталып, жоспарда қаралған мерзімге дейін халық игілігіне берілуге дайын болады деген үміттеміз. Демек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырудың азаматтар үшін бірден бір әсері өмір сүру жайлылығының артуы деп білсек, жоба бойынша орасан жұмыстар мәресіне жеткені аңғарылады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы