ОҢДАСЫНОВТЫҢ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ӨМІРІ

562 көрілім

«Сол кезде ел қорғаған Абылайдың,

Қанша тәу етсең де аз моласына!»

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Асыл аналар, ащы балалық шақ

«Жетімдік сосын жетті ептеп,

Қабағы қату түксиген»

Қасым АМАНЖОЛОВ.

… Екі қыз, бір ұлды туып, он саусағынан өнер тамған ісмерлігімен қатар мол адамгершілігінің арқасында ата-ененің, ауыл-аймақтың құрметіне бөленіп, «Ақ қатын» атанып, жайраңдап жүрген Жұмагүл, тағдыр екен, күтпеген жерден жесір қалды. Біраз уақыттан бері туған қайнағасы, Түркістан маңайындағы жатақтарға белгілі дихан Оңдасын үш ұлымен бозан болып отырған-тұғын. Қазақ ұрпақтың қамын бәрінен жоғары қойған ғой, Жұмагүл де әмеңгеріне қосылып, «екі жарты – бір бүтін» болғаны сол еді, Қозыбайы қайтыс болды. Ұл сұраған ана тілегін ұлық Алла екі қыздан соң барып берді. Бірақ, пайғамбардың есімін жалаң қоймайтын қазақы ғұрыппен Нұрмұхаммед аталған сәбиінен соңғы перзентінің үстінде алып та кетті… Оның орнына келген Дәрігүл бес ұл-қызға (Сәлима жастай шетінеді) туған анадан артық болмаса да, кем болмапты. Жеңгелері Нұртас атандырған баласын жеті-сегізге келгенде Керімқұл молдаға береді. Оның оқуға деген ықыласын көрген Оңдасын келесі жылы жеті шақырым жердегі мешіт тұрған қыстауға келіп қоныстанады. Нұртастың зерек болғаны соншама, екі жылда Ахаңның «төте жазуынан» әлдеқайда қиын ескіше жазу-сызуды толық игеріп, «молда бала» атанып кетеді, небір қисса-дастанды оқып, ауыл қарияларын өлең-жырға қарық қылып жүреді. «Сол алған білімім пенсияда жүргенде «Арабша-қазақша» және «Парсыша-Қазақша» түсіндірме сөздік жазып шығуыма негіз болды» жазады кейін өзі.

Қытайлардың ең жаман қарғысы бекерден-бекер «өтпелі кезеңде өмір сүр» болмаса керек, он жетінші жылғы «жыланның жұты» қазақ жеріне жиырмасыншы ғасырдағы алғашқы ашаршылықты ала келді. Алдымен анасы Дәрігүлден, сосын жан сауғалау үшін күнгейдегі «тоқ қала» Ташкентке ағылған жұртқа «балам, бар үміт сенде, бір жаныңды сақтап қалуды ойла» деп ілестіріп тұрып, ажал айдады ма, өзі бір ұлымен теріскейдегі Ақтөбеге аттанған әкесі Оңдасыннан айрылған Нұртастың басына «тас жетімдік» орнады. Қанша жерден «еңбек ерте есейткен жатақтың баласы ғой» десек те, әлі қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімеген жасөспірімге алғашқы мүшел жасын өзбектерге жалшы болып қарсы алу оңай тиді дейсіз бе? Нұртастың өз қолымен толтырған «Личный листокта» «ІХ-1917, V-1918 Чернорабочий, разные хозяйства, V-1918, ІХ-1918, Чернорабочий, шерстемойка, ІХ-1918,ІХ-1920 Чернорабочий, кирпичный завод» деген жазу тұр. Ташкенттің түбіндегі Келес кірпіш зауытында істеп жүргенде «кеңес өкіметі жетім балаларға арнап мектеп-интернат ашыпты» дегенді естіген бойда, бар арманы оқу болған ол қаладағы Ғани Мұратбаев ұйымдастырған, кейін арасынан ақын Өтебай Тұрманжанов, ғалым Бейсенбай Кенжебаев, үкімет мүшелері Өмірзақ Орынбетов, Жамалбек Шалабаев, Бектас Шынарбаев секілді небір жақсы мен жайсаңдар шыққан №14 мектеп-интернатты іздеп табады…

Екі жыл осында білім алғанында алғырлығымен де, адалдығымен де көзге түскен Нұртас мектептің, одан соң жаңадан ашылған орман техникумының комсомол жастарына жетекшілік етеді. Мұхтар Әуезовтей теңдессіз тұлғаның дәрісін тыңдайды. Үш жыл мамандығы бойынша күнгей облыстарда жұмыс істеп, төрт жыл Ташкент ирригация институтында оқиды. Бұдан соңғы төрт жылда ол – рабфакта оқытушы, ҚазОрмантрестінде директор, ҚазЖерХалкомда басқарма бастығы, 1938-дің ақпанынан бастап Павлодар, Семей, Өскемен өңірі қарайтын облатком төрағасының міндетін атқарушы. Жас та болса қатарынан мойны озып тұрған соң, өзінің қарсы болғанына қарамай, отыз төрттегі ол 1938 жылдың 17 шілдесінде Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бір қызығы, 1922 жылы интернат директоры Сәдуақас Оспанов бастап, оқытушылар қостап, оқушылар ойнап, болашақ Үкіметті құрғанда Оңдасынов бірауыздан оның төрағасы болып сайланған екен (төлқұжат алғанда әкесі мен атасының орны ауысып кетеді), екі жылдан соң кластас досы Бектас: «Күмәнсіз ақтар едің ел сенімін, Сайлансаң совнаркомға бастық болып» деп өлеңмен тілек жазған екен…

Қазақ елі басшыға жарыған он үш жыл

«Елді ер басқарады,

Ерлерді ерен басқарады»

ҚАЗАҚ ДАНАЛЫҒЫ

Міне, дәл осы күннен, оқытушылыққа лайық адамның Мәскеудегі жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы болған үш жылын алып тастасақ, ешқандай асыра сілтеусіз 20 жылға созылған Қазақстанда қайталанбас «Оңдасынов дәуірі» басталды деуге әбден болады. Біріншіден, Н.Оңдасынов елді басқарған ең күрделі 13 жылды Б.Әшімов басқарған «ең мамыражай» 14 жылмен салыстыруға келмейді. Екіншіден, ел басқарды дейтініміз, жеке меншік жойылған мемлекетте экономика, әлеумет, бәрі-бәрі атқарушы биліктің мойнына артылатын (кәзіргі әкім-министрлерге істер жұмыс жоқ қой…). Үшіншіден, атқару билігінің тізгінінен кейін курортттай көрінетін өкілеттік билік төрағасының күрсісінде зейнеткерлікке дейін тоғыз жыл тып-тыныш отырудың орнына он айдан соң, 1955 жылы «бұл орын қағаздың ортасы екен, ең артта қалған облысқа жіберіңіздер» деп қайнаған қазанға, Маңғыстауы әлі бөлінбеген Гурьевтің облатком төрағалығына өзі сұранып барып, нақты өлкені қалай дамытудың ғажайып үлгісін көрсетеді. Орда бұзар отыз төртінде билікке келген Оңдасыновтың әрбір оңды ісі ерлікке пара-пар. Басқа біреу болса, Мойынты-Шу темір жолын салғаны үшін аты тарихқа кіргенін малданып жүре берер ме еді…

Н.Оңдасыновтың бірінші ерлігі – ең алдымен «асыра сілтеушілік» кезінде тұралап, елдегі 40 млн. ірі қарадан оннан бірі қалған мал шаруашылығын қалпына келтіру үшін жаңа жүйе енгізгені, Одақтық үкіметтен екі жылға салық, ет, сүт тапсырудан босатуға рұқсат алғаны, жаңа техника мен мал санын көбейтуге 716 млн.сом бөліп, үш жылда трактор, комбайн, жүк машинасының жалпы санын 67 мыңға жеткізіп, 330 МТС пен жаңадан 22 мыңнан аса мал фермасын құрғаны. Малдың жем-шөбімен қатар бидай, күріш, күнбағыс, картоп егістігін де ұлғайтқаны. Кадр мәселесін шешу үшін Алматыда Ауыл шаруашылығы институты, облыстарда техникумдар мен курстар ашқызғаны. Соның арқасында Қазақстанды Ресей мен Украинадан кейінгі ірі мал шаруашылығы мен астық базасына айналдырғаны. Бұл – қалың көпшілікке беймәлім шаруа. (Осы ерен еңбегі үшін Н. Д. Оңдасынов өзінің алғашқы үлкен марапаты – Ленин орденін омырауына тақты. Ал, жалпы, 13 жыл ішінде ол республикамызды барлық жағынан Одақтағы үшінші ел еткен болатын).

Н.Оңдасыновтың екінші ерлігі – үкіметке келген бойда шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училищелер, барлық облыс орталықтарында мұғалымдар институтын ашып, бір жылда қазақтың сауаттылық деңгейін 76,5 %-ға көтергені. Бұл жайлы да көп адам білмейді… Оңдасынов республикада бірінші болып суармалы жер көлемін көбейту, Қызылқұм өңірін суландыр мәселесін көтерді. Соғысқа дейін-ақ ол көздеп, жоспарлаған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан каналын, Бөген, Бұқтарма, Шардара су қоймасын салу 1960-жылдары барып іске асты. Ол ұсынған Қандыағаш-Гурьев темір жолы майданға жұмыс істеп үлгерсе, Ақмола-Қарталыны салдырған Одақ Мойынты-Шуға келгенде «қаржы жоқ» деді… Қарамағындағаларға «есіктен қуса тесіктен кіріңдер, істі бітірмей қайтпаңдар» деп үйрететін өзі 1946 жылы Темір жол министрлігі мен Госпланнан «асармен» саламыз» деп рұқсат алып, бесжылдықтың жоспары папкісінде жүрген Сталиннің 1-орынбасары Л.Берияға шығады. Екі күн күттіріп қойып, тағы да кейінгі ысырылғанда не болғанын Нұрекең былай еске алады: «Берияның өзіне телефон соқтым. Ол бірден: –Какой вопрос у тебя? – деді. Сол-ақ екен Мойынты-Шу мәселесін ағыта жөнелдім, ол екі аралықты қосу республикаға қыруар қаржы әкелетінін, экономиканың күрт көтерілетінін, халықтың қатынасына өте қолайлы екенін баса айттым. Үндемей тыңдаған Берия: –Ты сейчас же пришли этот документ моему помощнику. Можешь считать Мойынты-Шу у себя в кармане, – демесі бар ма. Әңгімені әбден пісіріп алайын деп ойладым да: –Я могу в ЦК и Правительство Казахстана докладывать, что Мойынты-Шу в плане пятилетки? – дедім. –Сколько угодно!»

Сталин аз болса да бастауына 10 млн.сом бөледі. Үш жыл бойы сәуірден қарашаға дейін қазақтың апайтөс жігіттерінің тауды бұзып, тасты жарған тынымсыз еңбегі мүмкін емес нәрсені мүмкін етеді…

Жалпы, Оңдасыновтың тұсында бұл айтылғандардан бөлек Қандыағаш – Ор, Ақмола – Павлодар, Өскемен – Зырян темір жолдары салынады. Жол құрылысына 16 мың қазақ жігіті тартылады.

Ал, өзі көп толғантқан Арыс-Түркістан каналына рұқсат аларда басқа амал қолданады: «Саясатта мынадай тәртіп бар, үлкен басшының алдына жылтыңдап кіре беруге болмайды, Сталинге КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Шарап Ниязовты кіргізіп, 1-хатшы Ж.Шаяхметов екеуміз қабылдау бөлмеде күттік. Бір кезде Шарап «вода будет!» деп айқайлап шықты. Үшеуміз бір-бірімізді құттықтап жатырмыз!»

1940 жылы Ғылым Академиясын құруды қолға алғанда, оған басшы болар қазақты «алашордашыл» деген атынан бой тасалап, Ұлытауда экспедицияны басқарып жүрген геолог Қаныш Сәтбаевтың қарымын газетке шыққан екі мақаласынан танып, Мәскеуге ертіп апарып, КСРО ҒА президенті Комаровқа «Болашақ акалемиямыздың басшысы» деп таныстырғаны, Одақ ақша бөлмесе де, ғылымнан қаржыны аямағаны, Қанекең 1951 жылы Қазақ Ғылым академиясын салғанда, іргетасына өзі «ғылымымыз күмістей таза болсын» деп күміс тиындар тастағаны бөлек ғажап хикая. Осы Комаровты соғыс кезінде арнайы шақырып, ресурстарды Отан қорғау мақсатына жұмылдыру комиссиясында Урал мен Сібірдің қатарына Қазақстанды да қостырады… Қазақ металлургия комбинатын салудың басы-қасында да Оңдасынов жүрді. Самарқан қыстағының аты Мәскеудегі министр Тевосян екеуінің еңбегі – «темірі» Тевосяндікі, «тауы» менікі болып, жаңа қаланың аты Теміртау деп қойылды». Оңдасынов Мемлекеттік қорғаныс комитетінен рұқсат алып, 2 мыңнан астам қазақ жігітін Магнитогорск және Кузнецк қалаларына оқуға жібереді. Екі жылдан соң жас металлург жігіттерге сүйген жар да керегін ойлап, 500 қазақ қызын комсомолдық жолдамамен Теміртауға жұмысқа аттандырады… 1941 жылғы шілденің ортасына қарай Қазақстанға қоныс аударған адам саны 386 мыңға жетіп, 142 зауыт, фабрика келеді. Соғыс біткен соң жұмысшылардың көбі еліне қайтып, ал зауыт-фабрикалар осында қалып, қазақ халқының игілігіне жұмыс істейтінін жақсы білген Оңдасынов олардыа шамасы келгенінше көбірек тартуға тырысқан… Өзбекстанға көшкелі тұрған «Мосфильм» мен «Ленфильмді» Қазақстанға әкеліп алған, соның арқасында бүгінгі «Қазақфильмнің» негізі қаланған. Дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Алматы шет тілдері, Дене тәрбиесі, Ауыл шаруашылығы институты жанынан Орман және су шаруашылығы факультеті құрылады, Қазақ опера және балет театрының құрылысы аяқталады. Одақпен шайқасып жүріп, әлемнің бір де бір елінде жоқ мемлекеттік педагогикалық қыздар институтын ашады, әуелі құрылыс материалдары институты болып ашылып, көп ұзамай түрлі себеппен жабылып қалған Шымкент химия-технологиялық институтын Сталиннің өзіне шығып қайта аштырады. Бұның бәрі айтуға ғана оңай… Сонау 1944 жылдың өзінде 10 баланы Гурьевтен Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-химия институтына оқуға жібереді…

Тұтас өлкені қайта түлеткен жеті жыл «Оңдасынов тұсында Атырау мен Маңғыстауға Қызыр Ілияс қайта оралғандай болды» Әбіш Кекілбай.

Нұртас Оңдасыновтың Гурьевте алдымен екі жыл облатком, сосын бес жыл обком хатшысы болған жеті жылы – жырлайтын Мағжанын, жазатын Мұхтарын күтіп жатқан түбегейлі бетбұрыс пен ғаламат өзгеріс кезеңі. Алып аймақты келген бойда тегіс аралап шыққан ол, үкімет Төрағасы кезінде мөрді тастамай алып жүріп, іссапарда қаулы қабылдап кете беретін ескі әдетімен, жол-жөнекей біраз мәселені шешіп тастайды: малшы мен мұнайшылардағы кесе-шәйнектің сыммен құрсауланғанын көріп, Микоянға хабарласып, Мәскеуден бірнеше вагон фарфор ыдыс-аяқ алдырады. Ең шеткей Сам құмындағы малшыларға үш машина киім, аяқ киім, көйлек-орамал, кілем, матаның неше түрін жеткізеді. Мұнайшылардың жалақысын көбейтетін коэффициент қосады, дәрігерлер мен педагогтар мәселесін олардың әйелдерін оқыту арқылы шешеді, Үкіметтің қаулысына қарамай, оқушысы аз бастауыш мектептерді жабылмайтын етеді… 1956 ж. Гурьев облысының экономикасы мен тұрмысын көтеру жайлы республика басшылары Л.Брежнев пен Д.Қонаев қол қойған арнайы қаулыдағы облысқа «150 тонна пияз бөлу» туралы баптан-ақ жағдайдың қандай екенін түсіне беруге болады… Сол жеті жылда мал басы төрт еседен аса өсті, айран-сүт дегеннің не екенін білмейтін гурьевтіктердің аузы аққа тиді, балықшы ауылдар жаңа жерлерге көшірілді. Мәскеу мұнай институтының Гурьевтегі филиалын аштырды, бұл саланың мамандары енді өз елімізде даярланатын етті… Оңдасынов суармалы егіс көлемін 200 гектардан 6000 гектарға жеткізді, «Бағырлай» каналы, Аралтөбе су қоймасы салынды. Жүгері, екпелі шөп өсірді. Оңдасынов алғашқы 300 түп алманы өзі бірге жүріп отырғызады. 1960 жылы-ақ облыс өз қажетін өзі өтеп, сыртқа мыңдаған тонна бақша, көкөніс, пияз сатты! «Шыбық та екпей, бейқам отырған бойкүйез жұртқа күрек ұстатып, тал-терек, көкөніс еккізді. Бау отырғызып, жеміс жегізді. Гурьев-20 аталатын құпия қаланың атын Ақтау деп өзгерттірді. Тек, ол қызметтен кетісімен, тап іргесінде тағы бір қала тұрғанына қарамастан, Шевченко боп аталды». (Ә.Кекілбай). «Ақтау» атауы Тәуелсіздікпен бірге ғана қайта оралды…. Абыз дұрыс айтады – Оңдасынов ең алдымен ұлан-байтақ өлке халқының санасын өзгертіп жіберді! «Қазақ жеріне коммунизм Маңғыстау арқылы келеді!» деген оның қанатты сөзі қалың елдің рухын тік көтерді. «Нұрекең дәл сол «кадрларға да қу тақыр» аймақтың барлық мекеме-кәсіпорын, ауыл, аудан, қалаларын өз мамандарына басқартып қана қойған жоқ» дейді тағы да Әбекең. Дұрыс айтады, кейін Үкіметті С.Құбашев, Жоғарғы Кеңесті С.Мұқашев, идеологияны З.Камалиденов басқарды, көп жыл Госпланға Ж.Таңқыбаев пен С.Ғараев жетекшілік етті, т.б. көптеген ерлер Оңдасыновтың шапанынан шықты.

Ең бастысы, ел азаматтарын осылай қанаттандыру арқылы «болашағымыз – өнеркәсіпте!» деп көп айтатын, «Одақ алдына мәселе қоя білетін және оны орындаттыра алатын Оңдасынов Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңіріндегі бүгінгі Үлкен мұнайдың көзін ашты, оның ЗОР БОЛАШАҒЫНА ЖОЛ САЛДЫ» (С.Құбашев). Гурьев облысы 1950 жылы 1 млн.тн. мұнай өндірсе, 2023 жылы 46,8 млн.тонна берді, ал, осы үш облысқа сол жылғы 90 млн.тн. шикізаттың (экспорт – 70 млн.тн.) 77,6 млн.тн. тиесілі. Оңдасынов 1949 жылы-ақ бұл өлкені Қаныш Сәтбаевпен бірге аралап көрген, көңіліне көп ой түйген болатын. Тек оны қолға алудың реті алты жылдан кейін ғана келді. Үкімет басына 1958 жылы келген ұрдажық Н.Хрущевтің әлі күшіне міне қоймағанын пайдаланған Нұрекең сол жылға дейін Қ.Сәтбаевпен бірлесіп, Ғылым академиясының мұнайды зерттеуге кең жол ашқан екі көшпелі сессиясын өткізеді. Ал, 1959 жылғы Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция «Атырау мен Маңғыстауда ашылған мұнай алыптарының негізі болды» (З.Камалиденов). «Тюмень тұрғанда, Маңғыстауды қайтесің» дейтін Хрущевтің қысымы күшейіп бара жатқан соң, 1961 жылы 5-тамызда Жетібай ашылғаннан кейін Оңдасынов жұмыс қарқынын күшейту мақсатында арнайы обком бюросын өткізіп, онда талабына көнгісі келмеген Геология министрі Ш.Есеновті қатты сынға алады, айтқанын істетеді! Тура төрт айдан соң Өзен мұнайы атқылайды… Сарыарқаны Ресейге бермек болғанда Тәшеновтен аса алмаған, енді Маңғыстау өңірін Түрікменстанға бергісі келгенде Оңдасыновтың дәл сол Есенов, Сәтбаев пен хрущевтің 1-орынбасары Косыгин арқылы соққан «қамалын» бұза алмай, қыжылы ішінде қалған Хрущев 1961 ж. маусымда Қазақстанның 40-жылдық тойына келгенде оған: «Өзбекстанға үш ауданды беруге қарсы болушы едің, енді ертең қаулы шығады» деп мысқылдайды. «Мен Үкіметті басқарып отырсам, бүгін де қарсы болар едім» деген жауапты естіп, жұлқынып, тойдан ерте кетіп қалады, Оңдасыновты орнынан алудың қамына кіріседі. Сол оймен 1962 жылы ақпанда республика активінің жиынына келген Хрущев екі мәселені – Маңғыстаудағы үлкен мұнай мен таптырмас құрылыс материалы ұлутастың мол қорын игеруді көтеріп тұрған Оңдасыновтың сөзін бөліп жібереді. «Сұқ саусағын кезеп, «Оңдасынов, сен өзгермеген екенсің, Сібірдің мұнайын игереміз, темірбетон заманы келгенін түсінбейсің» деп, көп сөйлеп кетті. Нұрекең «ақыры бастан қан шықты», айтып қалайын деген оймен «Маңғыстауға темір жол салу керек, қаражат қажет» деп еді, мемлекет басшысының аузынан шығатындай емес, өте дөрекі анекдот айтып, «қаражат берілмейді» деп, шаптығып тоқтады. Республика басшысы Д.Қонаев үндемеді. Облыстың мүддесі қорғалмады». (С.Құбашев). «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қазақи қағидамен өскен Оңдасынов намысына тиер сөз есіткен соң сол жерде:

«Ұсынысым өтпесе, жұмыс істей алмаймын» дейді.

Мәңгі бұзылмас мұра және бүгінгі біз

«Ұлыны ұлы тұтсаң, құт қонады»

Құтып

58-ге жетпей зейнетке шыққан обком хатшысы жарты жыл орналасар жұмыс таба алмаған соң, «бала-шағаның қасында болайық» деген Валясының тілімен, армандаған Алматысына қарайлай-қарайлай Мәскеуге көшеді. Тағы да, Герольд ағамыз айтқандай, «тек қана қазақтың», оның ішінде Оңдасыновтай оғланның ғана қолынан келетін ерлікке барады: белді буып, білекті сыбанып, тау көтерген Толағайдай, тұтас ғылыми институт көтерер жүкті өз мойнына артады – «Арабша-қазақша» және «Парсыша-қазақша» түсіндірме сөздіктерді жазуға отырады. Бұл жерде оған Ташкентте оқыған жылдардағы өз бетімен қызығып араб, парсы, түрік тілін үйренгені қатты көмектеседі. Маңғыстауды аралаған бір іссапарында қонған үйінің иесімен таң атқанша сөйлескен Нұрекең жолда шофері, қазақшаға судай Николай Захаровқа: «Нағыз оқымысты далада жүр, араб, парсы, түрік, өзбекшеге бірдей мына шопанның білігі менен күшті екен» депті. Кейінірек әскерден келген соң «мал бақпаймын, оқимын» деген, 18 перзентінен аман қалған жалғыз ұлын ертіп келген сол қойшы құрдасының өтінішін екі етпеген Нұрекең баланы Алматыға ала кетіп, оқуға түсіреді… Ол түріктің «Бұ адам» дастанын қазақшаға аударады.

Нұрекеңнің біліміне күдік келтіретіндерге қарата айтылған сөз бұл. Сол шетсіз-шексіз білімінің арқасында бізге сөздіктеріне қоса «өкімет» пен «үкіметтің», «ілім» мен «ғылымның» парқын айырып беріп кеткен, «ұ» әрпін, «техникалық дақыл», «саяжай», «жағажай», «перзентхана», «баж», т.б. толып жатқан терминдер тәрізді өлмес мол мұра қалдырып кеткен адамды, тіпті сол Терминкомның өзі Нұрекеңнің ұсынысымен пайда болған, ұлықтай алып жүрміз бе біз? Оңдасынов – қалың қазақтың, о.і. Атырау мен Маңғыстау елінің алдындағы борышын артығымен орындаған перзент. Бір Қ.Сәтбаевтың өзі не тұрады!.. Мәселе Д.Қонаевты да дәл Қанекең сияқты көкке көтеріп, 1941 жылы министрдің орынбасары етпей, министр етпей, рудник директорынан бірден өзіне, Министрлер Кеңесінің Төрағасына орынбасар етіп әкелгенінде де, кейін Н.Оңдасынов Алматыға бір келгенде Қонаевтың: «Нұреке, қасыңызда он жыл отырғанда айтпапсыз, мені әкелген Скворцов деп жүрсем сіз екенсіз ғой, жақында біліппін» деген сөзіне: «Е, мен әкелсем қазақ үшін әкелдім ғой» деген Нұрекеңнің ең көп шәкірт даярлаған басшы екендігінде де емес. Мәселе, Оңдасыновтың тұтас елді тар жол, тайғақ кешуден қалай аман алып шығу менен бүтін бір империяның әміршісімен тайталасып жүріп, дамымай қалған өлкені қалай Қайта өрлетудің теңдессіз үлгісін соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп кеткен жасампаздығында!.. Тек өкініштісі, көзкөргеннің бәрі кетті, бүгінгі ұрпақ оны білмейді. Білсе деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз. Бірақ, естеліктер, мақалалар жазу, ғылыми конференциялар өткізу – аз! Мағжан ақын айтқандай, біз ондай ерлерді қанша ардақтасақ та көптік етпейді. Ал, әзірге асылымызды ардақтауды тиісті деңгейде өткізу тұрмақ, маңайлата да алмай жатырмыз. «Қай кітабым болсын, баспада бес-алты, оншақты жыл жатып шықты. Ешкім «шығармаймыз» демейді, қайта «сіздің кітабыңызды шығармасақ, біз бұл жерде неге отырмыз» дейді. Көңілім көтеріліп Мәскеуге қайтамын, бірақ, екі-үш жылдан кейін тағы келемін. Келген сайын Д.Қонаевқа да кіремін, кітап жайын айтып кетемін, бәрібір, кешігіп шығып жүрді. Біресе, планға кірмей қалады, біресе түсіп қалады…».

Хрущев Қонаевтың қолымен от көсеп, алдымен 1961 жылы Тәшеновті, 1962 ж.Оңдасыновты орнынан алды, артынша қорғансыз қалған оның өзін де саяси аренадан ысырды… Бірақ, 1964 ж. құтты орнына қайта оралған Димекеңе ең болмаса он жылдан кейін – Жұмекең тіпті облатком орынбасары болып тырп етпей 15 жыл отырды ғой! – екі арысқа әділдік орнатса, Оңдасыновқа Алматыдан пәтер әперіп, «сүйікті ғылымыңызбен айналысыңыз!» десе кім көлденең тұра алар еді?.. Солай істелгенде 1988 жылы Мәскеуде Өзбекәлі Жәнібековпен бірге сәлемдесе барып, «Аға! Жас болса келді, өлім бар да қаза бар, жат жерде қалсаңыз, сүйекке таңба ғой, елге оралмайсыз ба?» деген Манаш Қозыбаевқа: «Айналайын-ай, бітеу жараның бетін тырнадың-ау. Осы әңгімені қолында билігі бар інілеріме айта алмай қор болып жүрген жоқпын ба?» деп, сосын Өзекеңе қарап: «Ал, мына ат үстіндегі батырлар бұл мәселеде сыр білдірмейді, білдіргісі де келмейді» деп, аузынан жалын атпас еді ғой… Ендеше, өзін әкелуге жарамаппыз, ең болмаса атасынан айнымай қалған, «қазақ болсам, қазақ қызға үйленсем» деп біраз жыл бұрын Алматы, Шымкентке келгенінде біреуіміз көмектеспеген немересі Нұртасты әкеліп, жұмысқа тұрғызу, үйлендіру, үй әперу қажет…

Менің үлкен нағашы әжем ауыл-аймақта айтыстан алдына жан салмапты. Бір тойда қарсыласы мықты боп, берілмей отыр екен, әжемізге бір абысыны келіп: «Бұлардың Айтбай дегені Ташкенде бай орыстың шошқасын бағып жүр екен» деп сыбырлап кетеді. Әжеміз сол сәтте-ақ:

Желмая желкілдейді желді құмда,

Жігітім, елпілдемей сөзді тыңда!

Айтбайың жүр Ташкенде шошқа бағып,

Айтыспақшы боласың сен де мұнда! – деп, сақпанның оғындай сарт еткізеді. Бір нәрсе де жауап бермекші болған жігіттің аузын ақсақалдар: «Аталы сөзге тоқтамайтын арсыз ба едің?!» деп, жауып тастайды. Сол тойда Айтбай елінің үлкендері жиылып, намысқа шабады, бас-аяғы бір айдың ішінде Айтбайдың басына үй тігіп, алдына мал салып, қалыңмалын төлеп бір қызды әперіп, қатарға қосып жібереді…

Әрине, «елдігімізге сын болатын ешнәрсесі жоқ, бүгін әр адам өзі үшін өмір сүреді, Оңдасыновтың немересі болса, атасы секілді жарып шықсын» дейтіндер табылары хақ. Ондай жағдайда, қалтасы қалың, қолы күзірлі ел ағалары бұдан былай жиын-тойда өңмеңдеп төрге ұмтылғанды қойып, моп-момақан ғана есік жақта отырса жарасады. Басқамыз «мал құлағы саңырау», ешнәрсе естімеген-білмеген болып жүре берейік… Екіншіден, біздің істеуге тиіс ең басты ісіміз – өнердегі қаймақтың бәрін жинап, Оңдасыновтың 13 жасынан 83 жасына, қазаға апарған ауру кезеңіне дейінгі 70 жылды (1917-1987) қамтыған көп сериялы телеэпопея түсіру. (Басты рөлде Әділ Ахметов ойнаса…) Бұл жерде елдегі жалғыз оңдасыновтанушы, бірнеше естелік кітаптың авторы, журналист, жазушы Гүлсім Оразалиеваға тәжірибелі сценаристердің көмегі керек болуы мүмкін. Өте ауқымды фильмде Шаяхметов, Қонаев, Сәтбаев, Қазақбаев, Тайбеков, т.б. сіңірген еңбегі, Қонаевтың қалай Оңдасыновтың ең жақын екі адамын – рухтас бауыры Қ.Сәтбаев пен туған күйеу баласы, нағыз біртуар нартұлға Е.Бөкетевті қуғындағаны, бәрі-бәрі ешқандай артық қоспасыз көрініс тапса. Г.Оразалиева былай деп еске алады: «Атамыз бірде Қонаевқа кетті. Келген соң, «Димашқа ешкім жөнінде өтініш жасап көрмегеннен кейін барып, «Ебіней туралы түсініспеушілік орын алып жатқан сияқты» деп едім, «мен ондай ғалымды танымаймын!» деп кесіп тастады. Бекер барыппын, бекер барыппын!..» деп, жер болып отырып қалды. Зүбайра апам екеуміз қалай жұбатуды білмедік». Фильм «Желтоқсан» жайлы толғаныспен аяқталғаны жөн. Себебі, ол Қонаевтың мансабының, Оңдасыновтың ғұмырының ғана емес, тұтас бір дәуірдің соңы. Біреуінің адам тану қабылетінің жалғыз рет, «қазақ үшін» мирасқор әкелуде, өзі «Қонаев тапсырманы тиянақты орындағанмен, бастамашылыққа жоқ еді» деп сипаттама бере отырып, мүлт кеткені Бөкетовтің трагедиясымен аяқталды. Ал, екіншісінің, 1986 жылғы ақпандағы компартияның 15-сиезінде «Назарбаевтың Қонаевқа қарсы шыққан, адамшылыққа жат қимылы» (С.Әбділдин) ой салмаған, он ай уақыты болса да, премьерлікке елге шын жанашырды әкелмей, өз орнына лайықтыны даярлап, өз еркімен абыроймен кетпей, қашан алып тастағанша отырып алып, қазақтың тағдырына немқұрайдылық танытқандығы бүкілұлттың трагедиясына апарып соқты. Өйткені, «бұл – қылмыстан да үлкен нәрсе, қателік» еді (Наполеон). Оның зардабын отыз жыл тарттық, әлі отыз жыл тартар түріміз бар… Мұхаммед пайғамбардың «Ұстазың – ата-анаңнан артық» деген ұлағатты өсиетін ұмытушылық кешірілмейді… Осының бәрін көрсеткенде ғана, «пара алмадым – қолым таза, ешкімді сатпадым – арым таза, халықты алаламадым – жаным таза» деген Әулие, өзгелер қолындағы билігімен басқарса, ол бойындағы парасат биігімен басқарған, орыс әйелінен туған балаларын қазақша сөйлетпегені үшін халқынан ақ басын иіп кешірім сұраған Абыз жайлы фильм әрбір қазаққа ой салар еді, ой салып, алдына қойған мақсатына жетер еді…

Ең бастысы, кезінде орын алған асығыстықты түзеп, денесін «Әзірет Сұлтанға», Рәбия Сұлтан-Бегімнің қарсысына әкеліп қойып, басына қарапайым кесене көтерсек, күн сайын сан мыңдаған адам дұға жасар еді, Оңдасыновты танып-біліп қайтар еді… Қарапайым халық, осыны өзіміз-ақ істей аламыз ғой? Жер бермеуге билік әруақтың наласынан қорқатын шығар. Су жоламауға тиіс жерге салынған гүл бақ ертең-ақ Ұлттық пантеонға айналады. Оны тазалықтың, елге еңбек етудің үлгісі Оңдасыновтан бастау – оңды іс болар еді-ау…

Өмірзақ АҚЖІГІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы