Сейсенбіде Түркістан қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері бас қосып, кезекті келелі мәжілісін өткізді. Әрбір мәселенің тиянақты шешімін табуға, қолға алынған бастамалардың ел игілігіне жаратылуына ықпал етіп келе жатқан ұйым алдағы уақытта аталған бағытта жаңашылдықтарға ұйытқы бола бермек. Бұл жөнінде отырысты ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсұт Атанбаев арнайы атап өтіп, осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесін талдауды да күн тәртібінен түсірмейтініне тоқталды.
Бұл жолғы отырыста 6 мәселе қаралды. Оның біріншісі Түркістан қаласында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралды. Қала әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімі басшысының орынбасары Ә.Асанов өз баяндамасында атап көрсетілген ҚР «Құқықтық актілер туралы» Заңының 20-бабының және ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 21-22 баптарына сәйкес Түркістан қалалық мәслихатының «Түркістан қаласында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы шешіміне өзгеріс енгізу туралы қала әкімдігінің ұсынысының жобасы талқыланып, келісім берілді.
Бұдан соң екінші және үшінші мәселелер бойынша қала әкімдігінің «Экономика және қаржы бөлімінің» басшысы О.Булегеновтың баяндамасы тыңдалды. Оған байланысты қоғамдық кеңес мүшелері Түркістан қалалық мәслихатының «Түркістан қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы қала әкімдігінің ұсынысының жобасын мақұлдады. Сонымен бірге, үшінші мәселе бойынша аталған Түркістан қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №12/50-VIII «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Түркістан қаласы әкімінің қаулысының жобасын талқылау және тұжырымдау туралы ұсынған қаулы жобасы кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша мінберге көтерілген қала әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімінің» басшысы М.Кушеновтің баяндамасы тыңдалды. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2024 жылдың 9 айындағы жұмыстары мен жыл соңына дейінгі атқарылатын міндеттері туралы есебінде шаһардың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде тұрғындардың жылжымайтын мүліктерінің құжаттарын рәсімдеу барысында көп кедергі келтіріп жатқан «Қызыл сызық», қаланың шекара аумақтары секілді елеулі мәселелерге тоқтау салынбақ. Сонымен бірге, бүгінде талқылау барысындағы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңын негізге ала отырып, Түркістан қаласының дизайн кодын бекіту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жоба шешімін тапса Түркістан қаласының сәулеттік келбетін бірізділендіру мәселесі аталған бөлім тарапынан тұрақты түрде бақыланып отырмақ. Айта кетейік баяндама барысында кеңес мүшелері Б.Мұсабеков, Т.Мұсаев жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне қатысты ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Аталған мәселенің қорытындысында «Сәулет және қала құрылысы бөліміне бекітілген мемлекеттік қызмет түрлерінің орындалуын толық қамтамасыз ету, құрылысы аяқталған нысандардың заман талабына сай болуын қадағалап қабылдау, заңсыз салған құрылыс обьектілерін болдырмауға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін арттыру мен қаланың бас жоспарының орындалуын жергілікті БАҚ арқылы қала халқын хабардар етіп отыру ұсынылды.
Жергілікті атқарушы органның негізгі салаларының бірі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысы екені белгілі. Бесінші мәселе осы салаға арналды. Қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша 2024 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары мен мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құруға бағытталған іс-шаралары мен алдағы міндеттері туралы бөлім басшысы Э.Бейсенова кеңес мүшелерінің алдында баяндама жасап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда кедейшілік деңгейінің біршама төмендегеніне тоқталды. Атап айтсақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылдың 9 айындағы 3064 отбасыны құраған кедейлік шегіндегі көрсеткіш 2024 жылдың 9 айында 965 отбасыға кеміп, 2081 болған. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы 2023-2024 жылдардың 9 айы аралығындағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына қосымша төлем көрсеткіші 850 отбасыға кеміп, бүгінгі күні 1858 отбасыны құраған. Дей тұрғанмен өткен жылға қарағанда аталған бөлім 200 миллионнан астам артық қаржы жаратпақ. Оның себебін сұраған Қоғамдық кеңес мүшесі М.Дәулетовке бөлім басшысы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мұқтаж мүгедектігі бар адамдарға қажетті құрал-жабдықтар бағасының қымбаттауы салдарына қосымша қаржы сұратылғанын жеткізді.
Қорытындысында аталған мәселе бойынша бөлім басшысының есебі мақұлданып, мүгедектігі бар адамдардың конституциялық құқықтары мен еркіндігінің толық сақталуын қадағалау, мемлекет тарапынан бөлінген қаржылай, заттай берілетін көмектерінің тиісті азаматтарға әділ таратылуын қамтамасыз ету, әділдік принципін бұрмалаған қызметкерлерді қатаң жауапкершілікке тарту талап етілді. Сонымен бірге, еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа тарту жұмыстарын жалғастыру, жыл соңына дейін мүгедектігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламасының толық орындалуын бақылау және Түркістан қаласының әкімі Ә.Пазылбекұлы мүгедектігі бар адамдарға, реабилитацияның және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қажетті құралдар алумен, санаториялық-курорттық емдеуге жолдама алуға қажетті қаржыны сұранысқа байланысты жеткілікті мөлшерде бөлінуін қамтамасыз етуді сұрау жөнінде шешім қабылданды.
Ал соңғы алтыншы мәселеде қалалық төтенше жағдайлар басқармасының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері қаралды. Басқарма басшысы А.Сейсенов өз баяндамасында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, жоспарлы жұмыстарының барысына тоқталды. Атап айтсақ, қала аумағында 2024 жылдың 9 айында басқармада 641 хабарлама тіркелген. Оның 36-сы өрт ретінде тіркеліп, салдарынан 81 млн 937 мың теңге шығын келген. Сондай-ақ, 515 жану оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 85 авариялық құтқару жұмыстары орын алған. Бұл мәселелерге қатысты басқарма тарапынан тиісті шаралар заң шеңберінде қабылданған. Бұған қоса, 2024 жылдың 9 айында өрт оқиғасы салдарынан 1 көз жұмып, 3 адам жарақат алған. Ал биыл газдан улану деректері тіркелмеген. Осы ретте басқарма басшысы аталған мәселелердің алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын және алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарына қарқын қосатынын баяндады. Жалпы басқарма жұмысына қатысты әкімдік тарапынан қолдау көрсету шараларының тиісті деңгейде екені, алдағы уақытта қажетті мәселелерге демеу көрсетіліп отырғанына тоқталған басқарма басшысы А.Сейсеновтің жұмысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің де тарапынан қолдау тапты.
Осылайша кеңес мүшелері төтенше жағдайлар бойынша профилактикалық жұмыстардың жалғасуына, қала аумағында орналасқан барлық ЛЭД экрандарда қауіпсіздік шаралары бойынша тәулік бойынша бейнероликтердің көрсетілуіне, басқарманың өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласында алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылуға, 2024-2025 жылғы күз көктемдегі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында қосымша дайындық жұмыстарын жүргізуге қатысты ұсынымдар жасады.
Қорыта айтқанда, Қоғамдық кеңес отырысында қаралған мәселелердің орындалуына сала өкілдерінің жауапкершілікпен қарауы талап етілді. Бұл жөнінде Қоғамдық кеңес төрағасы М.Атанбаев: «Кез-келген салада атқарылатын жұмыс бірінші кезекте халықтың жайлы тұрмыс кешуіне бағытталған. Сол үшін мәселені ірі-ұсақ деп бөлмей, әрбір іске мұқият қарап, жауапкершілік таныту керек. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі нығайып, атқарылған жұмыстарда береке болады. Осыны естен шығармауымыз керек»,-деп түйіндеді сөзін.
«Түркістан-ақпарат».