Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.

Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет»,-деген болатын.
Ал, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз,-деген болатын.
Міне осы маңызды құжаттардағы тапсырмаларды жүзеге асыру барысында Майдантал ауылдық округі әкімдігі әрбір тұрғыннан түскен жаңа бастамашылықтарды барынша қолдауда.
АТАДАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылығымен елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жыл бойы жалғасуда. Бұған майданталдықтар белсенділікпен қатысып,ауыл маңын күлді-қоқыстардан тазартып, көкжелектендіру жұмыстарына шындап ден қоюда.
Айта кету керек, Майдантал Сауран ауданынан ең шалғай Қаратаудың бөктерінде орналасқан малға жайлы, жері шұрайлы, халқы жігерлі елді мекен. Бұл жердің Майдантал аталған себебі Ұлы Отан соғысына аттанған әрбір жауынгер тау бөктеріне тал орнатуды дәстүрге айналдырған. Ол талдар қазіргі кезде мәуелі бақтарға, шынарларға айналған. Бұл дәстүр әлі күнге жалғасын тауып келеді. Көктемде, күзде ауылдастар «Асар» әдісімен тал –шыбықтар отырғызады. Бұған ауданның басқа да елді мекендерінен еріктілер қатысуы да дәстүрге айналып отыр.
Майдантал ауылдық округі үш елді мекеннен құралған. Атап айтсақ, Ынталы, Қаражон, Егізқара елді мекендері. Қазіргі таңда Ынталыда 2444 адам, Қаражонда 920 адам, Егізқарада 61 адам тұрады. Қазақтар 2422, өзбектер 21, бір ұйғыр ұлты бар. Жалпы 3425 адам тұрады. Барлығы да бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақты өмір сүруде. Бір қиындығы ондаған жылдардан бері тұрғындарға жеке баспана салып алуға жер бөлінбегендіктен бір үйде, бірнеше отбасының тұрып жатқан жайы бар.
Егер де тұрғындарға жеке үй салып алуға жер беріле бастаса, елдегі қарт ата-анасына алаңдап, туған жерді түлеткісі келіп жүрген үлкен мегаполистерде жұмыс істеп жатқан жастар көп. Әсіресе, Алматыда қайта-қайта жер тербелісі болғалы мерзімі келсе, ауылына оралуды мақсат етіп отырғандары да бар. Бүгінгі күні Майдантал ауылдық округінің Бас жоспары жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу қажеттігі байқалып отыр. Майдантал ауылдық округі бойынша 256 азамат жеке үй салып алу үшін жер кезегінде тұр. Жастарды жұмысқа тарту негізінде жастар практикасымен Майдантал ауылдық округ әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінде 4 жас маман жұмыс атқаруда.
Елдің әлеуметтік жағдайына тоқталар болсақ, Майдантал ауылдық округіне қарасты елді мекендерде екі мектеп бар. Әйтеке би атындағы жалпы орта мектебі 300 оқушыларға арналған және Қаражон шағын жинақталған жалпы орта мектебі 160 оқушыға арналған. Қазір мұнда оқушылар екі ауысымда оқиды. Майдантал ауылдық округінде Ынталы елді мекенінде бір емхана, бір аурухана және Қаражон елді мекенінде фельдшерлік акушерлік бекет жұмыс жасауда. Майдантал ауылдық округінде орналасқан дәрігерлік емхана күндізгі уақытта жұмыс атқарады.
САЛЫҚТЫҚ ТҮСІМДЕР АУЫЛДА ҚАЛСА, ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ КӨТЕРІЛЕДІ
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салықтық түсімдерді барынша қатаң қадағалау қажеттігін қадап айтты.
– Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Майдантал ауылы әкімі аппаратына 2024 жылдың 8 айында барлық шығындарын өтеуге 61 млн 629 мың теңгеге қаржыландырылып, барлық қаржы кезеңімен толық игерілді. 2024 жылдың 8 айында мүлік салығы 84600 теңге, жер салығы 39600 теңге, көлік салығы 4 757 000 теңгеге орындалды. Пайдаланып отырған артық тұрғын үй жер телімдерін сатып алу бойынша 1 249 000 теңгеге орындалды. Мемлекет басшысының бірқатар салықтық түсімдер жергілікті жерде қалып, елді-мекендердің инфрақұрылымын дамытуға жұмсау туралы пікірімен келісемін. Өйткені, ауылдық округтерінің көптеген өзекті мәселелерін осы жергілікті бюджет есебінен де атқаруға болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ӘЛДЕНУДЕ
Қазіргі таңда Майдантал ауылдық округінде «балық берме, қармақ бер» тәмсілі бойынша халықты барынша жұмыспен қамтудың жолдары қарастырылуда. Өткен жылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлеуметтік сала бойынша биылғы жылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 2024 жылы 8 айында атаулы әлеуметтік көмекке 12 азамат өтініш беріп, олардың ішінде 9 отбасына тағайындалды. Оларға 1 197 657 теңге төленді. Қалған 3 отбасына кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады. Ақылы қоғамдық жұмысқа 38 азамат жұмыспен қамтылып, қазіргі таңда Ынталы және Қаражон елді мекендерінде көше тазалықтарын тұрақты атқару жұмыстарына тартылуда.
Демеушілік есебінен 10 отбасыға азық-түлік беріліп, 6 отбасы қатты отынмен қамтамасыз етілді.
Майдантал ауылдық округінде қазіргі таңда бір шағын клуб және екі кітапхана жұмыс жасауда. Сегіз айда 22 іс-шара өткізіліп, жалпы 90 адам қамтылды. Шағын клуб 40 орындыққа арналған. Кітапханалардағы жалпы кітап қоры – 22 107 кітап. Оның ішінде қазақ тілінде 14857.
Оқырмандарға кітап оқуды насихаттау мақсатында онлайн түрде кітапхана парақшаларында «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы өз жұмыстарын жариялап отырады.
ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМҒА ОН МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ
Майдантал ауылдық округі бойынша жалпы жер көлемі 73258,47 гектарды құрайды. Ауыл округінің жалпы ауыл шаруашылық жері – 53630,39 гектар. Оның ішінде егістік жер көлемі 3368,84 гектар болса, оның 2290,64 гектары суармалы егістік жер болып табылады. Жайылымдық жер аумағы 49669,80 гектар болса, оның ішінде 6060 гектары елді мекенге ортақ мал жайылым жерлері.
Кезінде заңсыз беріліп кеткен 10000 гектар жер теліміне ортақ жайылымға алу бойынша қаулысы шыққан. Мемлекетттік акт алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек округтегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жайылымдық жерлерді ортақ жайылымға қайтару үшін ауыл қауымдастық мүшелерінің жиынындағы ұсынысы бойынша жалпы көлемі 3802 гектар болатын жайылым жер бойынша аудандық жер қатынастары бөліміне ұсынылып, аудан әкімінің қаулысы шыққан және қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Округтегі су қорының жері 560 гектар, орман қорының жерлері – 10015,90 гектар болса ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлері – 20,5 гектарды құрайды.
Округке қарасты 3 елді мекеннің жалпы жер көлемі – 886,17 гектар. Оның ішінде Ынталы елді мекенінің жалпы ауданы – 580 гектар, Қаражон елді мекенінің жалпы ауданы – 250,50 гектар, Егізқара елді мекенінің жалпы ауданы – 55,67 гектарға жетеді.
2024 жылы 9 айында жоспар бойынша 1470 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын егу жұмыстары жүргізілді.
КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП
Майдантал ауылдық округіндегі кәсіпкерлік саласы бойынша айтар болсақ, заңды тұлғалар саны үшеу, шаруа қожалықтары-72, сауда дүкені-7, кафе-1, үш монша бар. Майдантал ауылдық округінде қиыршық тас карьерлері тіркелмеген.
Майдантал ауылдық округі бойынша «Ақсақ керіз», «Досжан», «Нұр ай» шаруа қожалықтары Қытай елінде шығарылған ҮТО-LX954 тракторы және МТЗ-Казакстан жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған Беларус 920 тракторын қосалқы жабдықтарымен алып, бүгінгі күнде жұмыстарын жемісті жүргізуде.
Мал шаруашылығы саласы бойынша 2024 жылдың 9 айында ірі қара мал басы 3227, қой- ешкі 30 047, жылқы 1634, түйе 116, құс 2888 басқа жеткізілді.
АУЫЛДАРДЫ АБАТТАНДЫРУ АРМАНДАРДЫ АЛҒА АПАРАДЫ
Соңғы жылдары Майдантал ауылдық округіне қарасты үш ауылда да абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Соның ішінде биылғы 2024 жылдың 8 айында салынған нысандар мен жүргізілген жөндеу жұмыстарына тоқталып кетсек. Қаражон елді мекеніндегі «Шашты Ана» кесенесіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қаражон елді мекеніндегі Төрткүл, Ақсай, Құсшы ата, Ақсарай көшелеріне орташа жөндеу асфальт жол төсеу жұмыстары жүргізілді.
Егізқара елді мекеніне барар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ынталы елді мекеніндегі Бауыржан Момышұлы, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов көшелеріне орташа жөндеу, асфалть жол төсеу жұмыстары жүргізілуде. Майдантал ауылдық округі Ынталы елді мекенімен тауға барар жолды демеушілік есебінен 4,5 шақырым тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Майдантал ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі ұялы байланыс Интернет желісін жақсарту мақсатында BEELINE желісіне байланыс орнату жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды.
Қаражон елді мекенінде Интернет оптикалық талшықты жүйе арқылы Интернет желісін орнату мақсатында KCELL компания Қазақтелеком акционерлік қоғамы арқылы 4G Интернет желісін таратуға сервитутқа шешім шығарылып, жұмыс жүргізілуде. Ынталы елді мекендегі аялдамаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Биылғы жылы Майдантал ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінен 600 орындық балаларға арналған «Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы басталады. Сондай-ақ, Егізқарада модульді ауыз су жүйесі орнатылады. Сонымен қатар, Ынталы және Қаражон елді мекенінде ауыз су желісі ағымдағы жөндеуден өтеді. Ынталы елді мекеніндегі Шәкәрім көшесі және Қаражон елді мекеніндегі Құсшы Ата көшесінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендердегі көшелерге қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары ағымдағы жөндеуден өтеді.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ИГЕРУГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ИКЕМДІ
Жасыратыны жоқ Майдантал Сауран ауданы орталығынан шалғайда орналасқандықтан инфрақұрылымын бірден дамытып әкетуге мүмкіндіктеріміз шектелу болып отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық құрылымдарға нақты тапсырма беріп, инвестициялық штаб құрылғандығын жариялаған болатын.
– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.
Осыған байланысты біздің Майдантал ауылдық округі бойынша да шешімін күткен өзекті мәселелер баршылық. Оның ішінде Ынталы және Қаражон елді мекенінде тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру қажет.
Сондай-ақ, Майдантал ауылдық округінің орталығы Ынталы елді мекені мен Қаражон елді мекені арасындағы 7 шақырым автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі байқалып отыр.
Бас жоспар жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу қажет. Қазіргі кезде ауылда тұрғын үй жері кезегінде тұрған азаматтар саны 266-ға жетті. Майдантал ауыл округіндегі Ынталы елді мекеніне таудан келетін жер асты транзитке су құятын бес шақырымды құрайтын тас арықты күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі байқалып отыр. Ауыл шаруашылығы егіс алқабына баратын тасарықты күрделі жөндеуден өткізу кей жерлерін қайта жаңғырту қажеттігі кезек күттірмейді. Жалпы бұл тасарықтарды ұзындығы 12 шақырымды құрап отыр.
Соңғы үш жылда Сауран ауданының мәртебесін алуы осындағы он екі ауылдық округтер мен ондағы отыздан астам елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін берді. Әкімнің міндеті елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша жақсарту болса, мұны елмен етене ақылдаса отырып, жүзеге асырудамыз. Атқарылған істер аз емес, алайда алдымызда бұдан да биік белестер тұр. Елдің ынтымағы мен береке-бірлігі жарасса, алынбайтын асу жоқ. Мұны уақыт көрсетіп отыр.