КИЕЛІ ШАҺАР ТӨЛҚҰЖАТЫ «ТҮРКІСТАН»

158 көрілім

Қазан айының 4-ші жұлдызы – осыдан 94 жыл бұрын алғашқы нөмірі жарық көрген «Түркістан» газетінің туған күні. Яғни, алтын алқапта астығы мен ақ мақтасы тербеліп, еткен еңбектің жемісін жинайтын берекелі күздің осынау жаймашуақ күні – бояу иісі аңқыған төл газетіміздің оқырман қолына тиіп шаттыққа бөленген күн!

Газеттің жарыққа шығуының табиғат маусымының осы кезеңімен астаса келуінің өзінде бір жарасымды үндестік бар секілді. Өміршеңдігінен, жемістілігінен белгі беріп тұрғандай ма, қалай? Арада жылдар өте келе жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналған үнпарақ алғашқыда «Қызыл Түркістан» деген атпен жарық көріп, заман ағымы, қоғам өзгерісіне қарай 1962 жылдың бірінші мамырынан бастап «Коммунистік еңбек» атауына ауысты. Ал, 1991 жылдан бастап көне шаһарымыздың төлқұжатындай атын иемденген мерзімдік басылым «Түркістан» газеті болып шығып келеді. Алайда, газеттің атауы өзгерсе дағы небір қилы заман, қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешсе де оның бұқара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын тура бағыты, тарих тереңінен сыр қозғайтын мазмұны, қаланың әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өмірінің жаңалықтарын жарқыратып көрсеткен қоғам ағымымен үндестігі сақталып қалды.

Сақталып қана қойған жоқ, газеттің сарғайған беттерінде қаланың өсіп-өркендеу кезеңі, дамуы, ел тағдыры, тарих жылнамасының, қайта құру кезеңдерінің түрлі өзгеріске толы іздері сайрап жатыр. Газет мұрағаттары арқылы Түркістан тарихы, кешегісі, бүгіні және болашағы жазылуда. Осы сарғайған, қолыңа ұстасаң шашылып кетердей болып үлбіреген газетте қаншама қаламгердің, осы салада жұмыс істеген жандардың қажырлы еңбегі, жан күйзелісі, тебіренісі, тағдыры жатыр! Осы еңбектің бәрін олар мардымсыз жалақыға, ашқұрсақ жүріп атқарды. Кеше еңбек еткен, бүгін еңбек етіп жүрген, ертең еңбек ететін журналистердің, фотографтардың, корректорлардың, линотипистердің, баспа қызметкерлерінің, бір сөзбен айтқанда, барша ұжымның күнді түнге ұластырған, газеттің майда әріптері мен тыныс белгілерін түзеткен «инемен құдық қазғандай» жанкешті еңбегі бар! Оларды алға жетелеген де еліне, халқына, өз ісіне сүйіспеншілігі, келешекке, газет болашағына сенімі болатын. Осындай айқын мақсат, тура бағыт рухани тірек ашаршылықты, небір нәубетті, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан кешкен халықты жұдырықтай жұмылдырып, «идеология» атты көзге көрінбес майданның ұлы күшімен барлық қиындықтан алып шықты. Осы үкілеген үміт «Түркістан» газетінің бүгінгі ұжымын жаңа Қазақстанда жаңашылдыққа бет бұрып, түрлі жанрда жұмыс істеуге, жұртшылықты оперативті, жылдам ақпаратпен қамтуға бастап отыр. Газет – ел өмірінің жағымды жаңалықтарын таратар оқырман сырласына, күрмеуі қиын түйткілді мәселелердің шешімін табуға атсалысатын көпшілік жанашырына, қала тіршілігінің айнасына, билік пен бұқара халық арасындағы алтын көпірге айналды десек артық айтқандық емес. Қала берді, бұл – «Түркістан» газетінен қанатын қомдап, жігерін қайрап, шарболаттай шыңдалған қаламгерлер, қасиетті қаламды пір тұтқан жас дарындар ақпарат кеңістігіне қанат қаққан қара шаңырақ басылым! «Түркістан» газетін сөз еткенде, оның бастауында тұрған «Қызыл Түркістан» газетінің ең алғашқы нөміріне қол қойған бас редактор Жақан Сыздықовтың есімін айтпай кетуге болмайды. Әсіресе, «Мен Түркістан даңқын бала күнімнен еститін едім. Біздің Сарыарқаның қарттары: «Түркістан бардық. Миуасын жедік. Елі имандос екен, ғажайып-ғажайып қызықтарын тамашаладық» – деп аузының суы құритын. Біз бұл сөздерді құмарлана тыңдап, қарт Түркістанды көруді аңсайтынбыз. Кәдімгі Қаратаудың бөктерін ала Сырдарияға дейін созылған ғажайып белестердің бәрін аралап, қызмет атқарып, азды-көпті еңбек еттім» – деп осыдан 94 жыл бұрын жазған мақаласының керемет үзіндісі төбемізді көкке жеткізіп, газеттің тасқа басылған сөздерінің мәңгілік қасиетін дәлелдейді.

Газет – шежіре! Газет – ақпараттың қайнар бұлағы! Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, бір сөзі мұқалмай жеткен осындай мұрағаттан кейін газеттің болашағына, оның өміршеңдігіне қалай күмән келтіруге болады? Газет бар. Болған және бола да береді. Оған бүгін туған күнін атап отырған, тарихи қаланың төлқұжаты, осында қалам тербеген небір ұлы тұлғалардың рухани перзенті «Түркістан» газеті куә. Түркі әлемінің туристік астанасы – Түркістан тарихы күнбе-күн қатталып жатқан бірегей газет! Туған күнің құтты болсын, төл басылым, бас басылым «Түркістан»!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы