КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ КЕЗЕК БЕРІЛДІ

247 көрілім

Дүйсенбі күні Түркістан қаласының Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиында төрт мәселе қаралды. Оның алғашқысы шаһардағы кәріз жүйелерінің жағдайы мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Тілеш соңғы екі айда қызметке тағайындалғанын, содан бергі уақытта жоспарлы жұмыстарды атқарып келе жатқанына тоқталды.

Бүгінгі таңда қаланың 36,5 пайыз аумағы кәріз жүйесімен қамтылған. Осы көрсеткішті арттыру мақсатында биыл 11 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын, аталған құрылыстар мәреге жеткенде шаһардың кәріз жүйесімен қамтылуы 55,8 пайызды құрайтынын атап өтті Н.Тілеш. Сонымен бірге, қосымша 4 нысан қаржыландыруға ұсынылса, өзге де 4 аумаққа жобалау сметалық жұмыстар жасалып жатқанынан хабардар болдық. Мақсат – уақыт оздырмай қаланы толықтай сарқынды су жүйелерімен қамту. Қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында ішінара орын алған кемшіліктер, күтілетін нәтиженің халық көңілінен шықпайтын тұстары тұрғысында Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Әсіресе «Бекзат» мөлтек ауданындағы жағымсыз иіс, құрылыс барысындағы кейбір жұмыстардың сапасыздығы және іске қосылған кәріз құрылғыларының бірқатар аймақтарда көңілден шықпай тұрғандығы айтылды. Сала мамандарының көтерілген мәселелерден толықтай хабары бар екенін, орын алған кемшіліктерді жою үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Соның ішінде «Түркістан су» мекемесінің басшысы А.Асыловтың айтуынша кей аймақтарда құрылысы толық аяқталмаған кәріз жүйелеріне тұрғындардың рұқсатсыз қосылып алғанын, соның салдарынан іске қосылмаған жүйе толып, қалада жағымсыз иіс шығып жатқанын алға тартты. Кеңес төрағасы М.Атанбаев және кеңес мүшелері Б.Мұсабеков, С.Айсынов орын алған жағдайларды болдырмас үшін үгіт насихат жұмыстарымен қатар, алдын алу шараларын жүйелі түрде атқаруды ұсынды.

Екінші мәселеде қала аумағында әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқы маусымға дайындық жұмыстары қаралды. Бұл тақырып аясында қала әкімдігінің «тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімінің басшысы Т.Үсенбаев, инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Тілеш, «Жылу» мекемесінің басшысы Е.Рысбеков қысқы маусымға дайындық барысының тиянақты жүргізіліп жатқанын баяндады. Сонымен бірге, мәжіліске орталық жылу қазандығының қызметін тұтынатын білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысқанын да айта кетуіміз керек. Өз кезегінде осы аталған мекемелерге қатысты бірқатар мәселелер де ортаға салынды. Соның ішінде Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысының міндетін атқарушы А.Байсалов тақырыптан тыс болса да тұтынылған электр энергиясының құны өсіп, оны мекеме таяу күндерде төлей алмайтынын алға тартты (бұл жөнінде алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады). Бұған қатысты кеңес мүшелері өзара сараптама жүргізіп, мәселені тиісті орындарға ұсынатынын жеткізді. Ал жылу жүйесіне қатысты бұған дейін ел аумағында орын алған келеңсіз жағдайларды қаперде ұстап, шаһарымызда мұндай жағдайға жол бермеу қажеттігіне баса назар аударылды. Осындай мәселелерді басшылыққа алған кеңес отырысында әрбір мекеме басшысының қысқа дайындық барысы жекелей сұралды. Қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Сүлейменова жыл жүйесіне қатысты мәселелерге сергек қарау керек екендігін, қыс ауасында олқылықтарға жол берілсе оның жауапкершілігі қатаң қаралатындығын жеткізді.

Үшінші мәселе бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің «экономика және қаржы бөлімінің» басшысы О.Булегенов баяндама жасап, кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Атап айтсақ, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындау туралы мәселе еді. Бұл өз кезегінде келісім шарт негізінде қызмет етіп жатқан жұмыскерлердің жалақыларының артуына жол ашпақ.

Ал, қаладағы негізгі мәселелердің бірі көгалдандыру жұмыстары күн тәртібіндегі төртінші тақырыпқа арқау болды. «Жасыл Түркістан» мекемесінің директоры А.Қондыбаев қала аумағында 2023 жылы көгалдандыру және абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен ағымдағы атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап осы жылдың наурызында дәл осы кеңес отырысында ұсынылған жайлардың орындалу барысын да атап өтті. Соның ішінде тиісті орындарға отырғызылатын және жергілікті климатты жатсынбайтын ағаш түрлерінің таңдалып жатқанын жеткізді. Өңірдегі арнайы тұқымбақтарда өсіріліп, Түркістан топырағын жерсінетін ағаштар қатары алдағы уақытта сап түземек. Дегенмен кеңес мүшелері саладағы жауапты тұлғаларға бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарау керектігін, алдағы уақытта бармақ басты көз қысты әрекеттерге жол жоқ екенін ескертті.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы