Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ «ОСТРОВСКИЙ FEST» ФЕСТИВАЛІНЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ

236 көрілім

Газетіміздің өткен санында, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театры В.Шукшиннің 95 жылдығына орай екінші рет өтетін Барнаулдағы «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне баратыны туралы сүйінші хабар жеткізген болатынбыз. Енді міне, театр ұжымы «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясын В.Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театрында сахналап, сыншылардың оң бағасын алғаны туралы хабарлап отырмыз.

Орысша жазылып, қазақы нақышта қойылған спектакль Барнаул жұртшылығын ерекше қызықтырған екен. Себебі қойылымды тамашалауға келген халықтың қарасы қалыңдығы сонша, залда тіпті ине шаншыр орын болмаған. Қойылым барысын бақылап отырған В.Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театры ұжымы қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, таңданыстарын жеткізген. Талантты актерлар сомдаған образдарын көрерменнің жүрегіне жеткізіп, сыншылардың жақсы пікіріне ие болды. Ресей елінің белгілі сыншысы, «Летающий критик» жобасының белді мүшесі Ксения Аитова кәсіби талдау жасап, жоғары бағасын берді.

«15:00-де біз Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы музыкалық-драма театрының «Ауыл әңгімелері» атты керемет спектаклін тамашаладық. Сөздерді түсінбесең де, кейіпкерлердің барлық оқиғалары мен сезімдерін ұғынып, Шукшин шығармаларының сюжетін тану – ерекше әсер қалдырды. Артистердің энергиясы, құлшынысы және таланты барлық тілдік кедергілерді еңсерді. Көрермендер видео түсіріп жатты. Иә, тыйым салынған, бірақ бұл жерде қалай тыйым саласың? Олардың жақындарына спектакль-дің бір бөлігін көрсетіп, өз әсерлерін жеткізгісі келетіні анық қой!».

Сонымен қатар, театр ұжымы келесі жылы тамыз айында Мәскеу қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Кинешма қаласының А.Н.Островский атындағы театрында өтетін «ОСТРОВСКИЙ FEST» атты театр фестиваліне дәл осы қойылыммен шақырту алды. Театрсүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби сыншылардың қатал сынынан өткен театр ұжымы В.Шукшин шығармалары бойынша II халықаралық «Здравствуйте, люди!» театр фестиваліне қатысқаны үшін арнайы диплом мен кәдесый (В.Шукшинің мүсінінің кішкентай көшірмесі) және В.Шукшиннің шығармалар жинағымен марапатталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы